Сакралды Қазақстан: Алматының киелі жерлері
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананың деңгейін көтеру мақсатында алты жоба ұсынған болатын. Соның бірі – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Жобаның мақсаты – халықтың ұлттық бірегейлігін және құндылықтарын бекемдеу, жат идеологияға төтеп беретін қалқанды нығайту.
Бүгінгі күні еліміздің киелі жерлерінің республикалық картасына Алматы қаласынан 6 нысан кірді. Республика алаңы («Тәуелсіздік» монументі және «Тәуелсіздік таңы»), Райымбек батыр кесенесі, Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі, Вознесенск Шіркеуі, «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық саябағы және Бұрынғы Үкімет үйі (қазіргі Қазақ-Британ техникалық университеті).
Қаламыздың туристтік тартымдылығын арттыру және өскелең ұрпақтың санасында тарихи құндылықтарды қалыптастыру мақсатында аталған тарихи нысандарға алдағы уақытта үлкен өзгерістер енгізіліп, үлкен жобалар жоспарланып отыр.
«Боралдай сақ қорғандары» археологиялық саябағы
Боралдай сақ қорғандары б.э.д. VI-III ғ.ғ аралығында пайда болған, 47 үлкен және кіші көлемдегі қорғандардан тұрады. Ашық аспан астында археологиялар, мұражайлар, қайта қалпына келтіру шеберханасы, мультимедия және конференция залдарынан құрылған сақ мәдениеті орталығы бар кешенді мұражай-қорының құрылысы жобасы бекітілген.
«Сақ мәдениеті» мұражайы
Мұражай иелігінде «Ошақ» субұрқағы, «Ширақ» мемориалы, қорған асты экспозициясы мен парк аймағы болады.
Райымбек батыр кесенесі
Аумағы 3595 га жоспарланған кешеннің ішінде мазар, мешіт, мұражай, 2 түнеу мұнарасын салу жоспарланған. Жоба бойынша нысан 2019 жылы ашылып, жылына келушілер саны 500 мыңды құрайды.
Вознесенск кафедралды соборы
Қазіргі уақытта «Қасиетті Вознесенск кафедралды соборын» қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Храмның ішінде кескіндеме жұмыстары жүргізіліп, күмбезінің, барабандары мен крестерін қалпына келтірілуде
«Этноленд» тарихи-этнографиялық мәдени, ойын-сауық паркі
Тағы бір айта кетерлігі, алдағы уақытта «Сакралды Қазақстан» республикалық картасына «Этноленд» тарихи-этнографиялық мәдени, ойын-сауық паркін кіргізу жоспарланған.
Аумағы 5,5 га қамтитын «Этноленд» қонақтарды қазақ халқының ата-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігімен қолайлы ойын-сауық режимінде таныстыруға мүмкіндік береді.
Республика алаңы
(«Тәуелсіздік» монументі және «Тәуелсіздік таңы»)
Алаң аумағында 1996 жылы Тәуелсіздіктің бес жылдығына орай салынған «Тәуелсіздік» және 2006 жылы желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай орнатылған «Тәуелсіздік таңы» монументтері бар.
Авторлары: архитектор Ш.Уәлиханов (топ жетекшісі), мүсіншілері Н.Далбай, Ә.Жұмабаев сәулетшілері Қ.Жарылғапов, Қ.Монтақаев, т.б. бас конструкторы С.П. Каламкаров. сол жылы 16 желтоқсанда ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Түркия президенті С. Демирель қатысты.
Ескерткіш үш бөліктен тұрады, ортасынан қақ айырылған қос баған өткен және болашақ дау-жанжалдарды сипаттайды, мемлекет еркіндік алып, тәуелсіздік салтанат құрғанын білдіреді.
Композициядағы әйел бейнесі ерекше көзге түседі. Оң қолындағы орамал бейнесі мен сол қолындағы көкке ұмтылған құс – бейбітшілік пен бостандықтың символы. Жаңа өмір мен жаңа тыныстың белгісі. Композицияның үшінші бөлігін ерекше айшықталған көркем панно құрап тұр.
Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі
1998 жылғы 12 қыркүйекте қайта жөндеу жұмыстарынан өткен мұражай-үй салтанатты түрде ашылған болатын. Төрт бөлмеден тұратын мұражайда Байтұрсынұлының отбасына және замандас достарына қатысты құнды мағлұматтардың түпнұсқасы мен көшірмесі және бірең-сараң экспонаттары бар.
Бұрынғы Үкімет үйі
(қазіргі Қазақ-Британ техникалық университеті)
Ғимарат жобасы 1933 жылы ұсынылып, бүкіл кеңес одағы байқауында жеңіске жеткен сәулетшілер әзірлеген. Ұлы Отан соғысы басталып кеткен соң жоба тоқтатылып, кейіннен құрылысы 1951 жылы басталып, 1957 жылы аяқталған.
1991 жылы 16 желтоқсанында ғимаратта «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі» туралы конституциялық заң қабылданып, Тәуелсіздік туралы құжатқа ел президенті
Н. Назарбаев қол қойған болатын.
Бұдан бөлек, Алматы қаласының жергілікті маңызы бар 9 нысан белгіленді. Олар Медеу, Көк-Төбе, Шымбұлақ, Верный балалар үйінің ғимараты, 1931-1933 жж. ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ғимараты, Орталық және Кеңсай зираты – көрнекті қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғалар жерленген орын, М. Әуезовтің музей-үйі; Д. Қонаевтың музей-үйі.
Қазақстанның сакралды география картасын құру жөнінде бастамасы арқылы – төл тарихымызбен ажырағысыз байланыста орнықтыру арқылы қазақстандық патриотизмнің іргетасы – жерге, тілге, мемлекетке құрметімізді нығайтамыз. Бұл бағдарлама – ұлттық тіліміздің мәртебесін, мемлекетшіл санамыздың деңгейін арттырары сөзсіз.
Abai.kz
Дереккөз: https://abai.kz/