Арыстағы жарылыс: қанша адам қаза болды
Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, Арыстағы жарылыстан зардап шеккен 409 адамға медициналық көмек көрсетілді
НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Арыстағы жарылыстан нақты қанша адамның қаза тапқаны туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Арыстағы азаматтар жарылыстан қаза тапқандардың саны көп дейді. Түркістан облысы мен Шымкент қаласының дәрігерлері адам өлімінің басқа фактілерін тіркеді ме? Себебі ресми дерек бойынша жарылыстан 3 адам қаза тапты. Осыған қатысты пікіріңізді білдірсеңіз», — деп сұрады журналистердің бірі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Министр Біртанов бұл сұраққа қолда бар мәліметке сүйене отырып жауап берді.
«Басқа азаматтардың көз жұмғаны туралы мәліметті біз айта алмаймыз. Себебі медициналық қызметкерлердің Арыс қаласына кіруге мүмкіндігі жоқ. Мендегі ақпарат осы», — деп Елжан Біртанов жауабын қысқа қайырды.
Сондай-ақ денсаулық сақтау министрі Түркістан облысы мен Шымкент қаласының медициналық ұйымдары, аудандық ауруханалар, эвакуация пунктілері Арыс халқына тиісті медициналық көмекті көрсетіп жатқанын жеткізді.
«Дәрігерлер халықтың өтініші бойынша жұмыс істеп жатыр. Арыс қаласындағы жарылыстан кейін 409 адам медициналық көмекке жүгінгенін айттым. Оларды ауруханаға жатқызу қажет болса, жатқызылады. Тіркелмеген өтініштер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Біздің ақпаратымыз бойынша, бір науқас ауруханада көз жұмды», — деді министр.
Тағы оқыңыз: Арыстағы жарылыс: зардап шеккен екі бала Нұр-Сұлтанға жеткізіледі
Арыстағы жарылыс
24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімде өрт шығып, қоймада сақталған оқ-дәрілер жарылды. Жарылыс салдарынан үш адам көз жұмды.
Оқиғаға байланысты Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары түгелдей жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.
sputniknews.kz