HRW сотқа тартылған шымкенттік кәсіподақ жетекшісінің ісіне қатысты пікір білдірді

0

Адам құқығын қорғау жөніндегі халықаралық Human Rights Watch (HRW) ұйымы биыл 16 сәуірде соты басталған шымкенттік кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабай ісі туралы пікір білдірді.

Биыл сәуірде Шымкент Еңбекші аудандық соты «Лайықты еңбек» кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайдың үстінен қозғалған қылмыстық істі қарай бастаған. Кәсіподақ төрағасының үстінен Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы (189-бап) бойынша іс қозғалған.

Балтабайдың өзі бұл істі «тәуелсіз кәсіподақтарды біржола құртудың амалы» деп бағалаған. Ол өзіне қарсы қолданылып отырған Қылмыстық кодекстің 189-бабы кәсіподақ мүшелерін айыптауға «жарамайтынын» айтады. «Лайықты еңбек» кәсіподағының төрағасы Ерлан Балтабайдың үстіне кәсіподақтың мүшесі Роза Нұрекеева «кәсіподақ ақшасын ұрлады» деп шағым түсірген. Бұл шағым бойынша қылмыстық іс былтыр қыркүйек айында қозғалған. Шымкент полициясы 2018 жылдың 25 қыркүйегінде Ерлан Балтабайдың кеңсесін тінткен.

HRW ұйымы «кәсіподақ лидері абақтыға жабылса, бұл Халықаралық еңбек ұйымының Қазақстандағы тәуелсіз кәсіподақтарға қатысты алаңдаушылығын күшейе түседі» деп жазады.

Биыл 11 маусымда Халықаралық еңбек ұйымы (International Labour Organisation) «Қазақстан үкіметі өзін сынаушыларға, оның ішінде наразы жұмысшыларға төзбейді. Соңғы жылдары Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтарға қарсы репрессия жүргізді. 2017 жылы билік елдегі негізгі кәсіподақты жауып, оның көшбасшыларын ойдан құрастырылған айыптармен түрмеге жапты. Екі жетекшісі босап шықса да, кәсіподақтарды қудалау әлі жалғасып келеді» деп мәлімдеген.

Human Rights Watch «Қазақстан билігін Халықаралық еңбек ұйымы айтқан мәселелерді дереу шешуге» шақырады. Ұйым сөзінше, Ерлан Балтабайды Нұр-Сұлтан бұған дейін де «қудалаған».

«2013 жылы Ерлан Балтабай «әлеуметтік араздықты қоздырды» деп күдікке ілініп, биліктің қырына ұшыраған. Бірақ артында іс тоқтатылды» деп жазады ұйым. Халықаралық құқық қорғаушылар мәлімдемесіне қарағанда, 2017 жылы Балтабай Женевада өткен еңбек конференциясы кезінде Қазақстандағы тәуелсіз кәсіподақтардың қудаланатынын айтқан.

«Лайықты еңбек» тәуелсіз кәсіподағын Шымкенттегі мұнай өңдейтін «Петро Қазақстан Ойл Продакс» компаниясы жұмысшылары құрған.

Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы биыл маусымдағы баяндамасында Қазақстанда азаматтардың бірлестіктерге бірігу құқығы сақталмай отыр деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар үкіметтік емес ұйымдардың 2015 жылдың соңында заңға енгізілген есеп беру тәртібі тәрізді негізсіз қатаң шектеулер мен салық органдарының тексеруіне жиі кезігетінін айтады. Адам құқығын қорғаумен айналысатын екі ұйымға 2016 жылы «​салық төлемегені»​ үшін айыппұл салған.

Amnesty International Қазақстанның кәсіподақтар туралы 2014 жылы қабылданған заңын қайта қарап, оны Халықаралық еңбек ұйымының конвенциясына сәйкестендіруге шақырған. Қазіргі заң жұмысшылардың өз қалауымен кәсіподаққа бірігу құқығын шектеп отыр деп санайды ұйым.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз