Арыстағы жағдай енді ешқашан қайталанбайды

0

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жарылыс болып, тұрғындары жаппай көшірілген Арыс қаласы ертең, 28 маусым күні ашылатынын хабарлады. Әкім Арыстағы жағдай «толық бақылауда» екенін айтып, «алаңдауға еш негіз жоқ» деді. Бұл туралы облыс әкімі Шымкентте өткен баспасөз жиыны кезінде айтты.

— Премьер-министрмен, қорғаныс министрімен сөйлестім. Таңғы сағат сегізден бастап қала ашылады. Сағат таңертеңгі 6.00-ден бастап «Ақмешіттің» алдына автобустар келе бастайды, — дейді Шөкеев.

Шөкеев Арыстың ашылатынын Шымкентке көшірілген қала тұрғындарының наразылығы күшейген тұста хабарлап отыр. Бұған дейін, 25 маусымда Қазақстанның ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин «Арнаулы комиссия құрылады. Азаматтар қалаға қауіп сейілгеніне қарай қайтады» деген.

Бүгін, 27 маусымда жарылыс болған күні Шымкентке бас сауғалап келген жүздеген Арыс тұрғыны «Ақмешіт» мешіті алдындағы Темірлан көшесін жапқан. Наразылар «өздерін төрт рет жарылыс болған Арыс қаласынан басқа жаққа көшіруді, Түркістан, Шымкенттен үй не жер беруді» деп талап етті. Таңертең 11.00 шамасында басталған наразылық шеруге ұласып, арыстықтардың бір бөлігі Шымкент орталығына жетті.

Баспасөз жиыны кезінде журналистер сұрағына жауап берген Шөкеев наразылар талабы «қисынсыз» деді.

— Бір ай ішінде Арысты бұрынғыдан да әдемі етуге күш саламыз. Шыдаңыздар. Неше түрлі талаптар мен ұрандар айтылып жатыр. «Біз Арысқа бармаймыз, басқа жерден үй салып беріңдер» дейді. Ол — қисынсыз талап. Ешкім де ешқашан да олай етпейді. Сондықтан өзіміздің сүйікті Арысымызға келіп, қаланы қалыпқа келтіреміз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды, — деді ол.

Әкіммен бірге баспасөз жиынына Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Арыста «радиация мен иіс бар» деген кейбір тұрғындар сөзін жоққа шығарды.

— Мамандар бәрін тексеріп шықты. Радиация да, иіс те жоқ, — деді Сапарбаев.

Министр азаматтарды «өсек-аяңға сенбеуге, арандатуға ермеуге» шақырды.

Қазақстандық басылымдар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеп, Арыстан 200 метр жерде жатқан әскери бөлімшенің басқа жерге көшірілетінін хабарлады.

«Қазақстан президентінің тапсырмасымен Арыстағы әскери бөлімшені қауіпсіз жерге көшіру бойынша арнаулы комиссия жұмыс істеп жатыр. Басты мақсат — болашақта мұндай қайғылы жағдайға жол бермеу» дейді Сапарбаев.

Фотогалерея: Арыс тұрғындарының наразылығы

24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.

Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, қазір Шымкентте қырыққа жуық, облыстың басқа аудандарында жиырмадай эвакуациялық пункт жұмыс істеп жатыр. Түркістан облысы әкімдігі 24 маусымда аймақта төтенше жағдай жариялады.

Шымкентке жеткізіліп, пунктерді паналап жатқан Арыс тұрғындары «билік ұсынып жатқан көмек мардымсыз» деп шағынған. Олар көбінесе билік емес, еріктілер мен халық көмектесіп жатқанын айтады. Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 26 маусымда өткен баспасөз мәслихатында Арыс тұрғындарының «биліктен мардымды көмек болмай жатыр» деген сөзін жоққа шығарды.​ Әкімнің сөзінше, қаладағы барлық пункте Арыс қаласынан келгендерге қолдан келгенше тиісті көмек көрсетіліп жатыр.

Шымкенттен 97 шақырым жерде жатқан Арыс қаласында 45 мыңға жуық адам тұрады.

Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

2014 жылы Арыстағы «Қазақжарылысөнеркәсібі» акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

Azattyq