бюллетень бүлінсе не істеу керек, жарамсыз бюллетень

0

Егер сайлаушы 2 бірдей кандидатқа дауыс берсе, бюллетень жарамсыз болып саналады

НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым — Sputnik. Дауыс беру парағында кандидаттың аты-жөніне қарама-қарсы жерде бос орын тұрады. Оған дауыс беруші кез келген белгіні қоя алады. Алайда дауыс беруге қатысатын әрбiр сайлаушы бюллетеньдi дұрыс толтыруы тиiс.

Бюллетень қандай жағдайда жарамсыз болып саналады

  • белгiленбеген үлгiде болса;
  • тиісті сайлау комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаса;
  • белгi қарындашпен қойылса немесе түзету, бұрмалау iздерi болса;
  • сайлаушы бір кандидаттан артық белгі қойса;
  • Сайлау бюллетенінде қойылған белгі жөнделсе, парақ жарамсыз саналады.

Жарамсыз бюллетеньдермен не істейді

Дауыс санау барысында әрбір кандидаттың бюллетені бөлек-бөлек жиналады. Ал жарамсыз бюллетеньдер бөлек қойылады. Дауыс беру парақтарын санау кезінде жарамсыздары есепке алынбайды.

Сайлау бюллетені қандай болады

Онда кандидаттардың аты-жөні әліпби тәртібімен жазылады. Сайлау бюллетені қазақ және орыс тілінде басылады. Бюллетень қолдан жасаудан қорғалған. Сайлаушылардың жалпы санының 1%-і резервімен дайындалады.

Дауыс беру кабинасына кім кіре алады

Дауыс беруші бюллетенді алдын ала бекітілген тізім бойынша алады. Учаскіге келген кезде ол жеке куәлігін немесе паспортын көрсетуі керек. Дауыс беру құпия болып саналады. Сондықтан кабинаға бөтен адамға кіруге болмайды. Ал мүмкіндігі шектеулі адамдар көмекшімен бірге кіре алады. Алайда ол орталық сайлау комиссиясының мүшесі, жергілікті немесе атқарушы органның лауазымды тұлғасы, кандидаттың немесе саяси партияның сенімді тұлғасы, БАҚ өкілі және орталық сайлау комиссиясында тіркелген байқаушы болмауы тиіс.

Тағы оқыңыз: Дауыс беруге халық аз келсе, сайлау заңды болып санала ма?

Айта кетсек, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы, ертең, 9 маусым күні өтеді. Қазақстандықтар осы күні жергілікті уақытпен таңғы 07:00-ден бастап кешкі 20:00-ге дейін өздері қалаған кандидатқа дауыс бере алады. Ел бойынша сайлау учаскесінің жалпы саны – 9 970 (48 учаске 06:00-де ашылады). Шетелдегі қазақстандықтар үшін 51 елде 65 учаске жұмыс істейді.

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне 7 кандидатты тіркеді. Олар:

  • Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
  • «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
  • «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
  • «Ауыл» партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
  • Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
  • Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
  • «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.



sputniknews.kz


Тегтер:сайлау