Назарбаевтың «гибридтік» моделі және «жылтыр ғимараттармен өлшенетін мұра»

0

«ДИКТАТОР ДОСТАРЫ ҮШІН САБАҚ»

Америкада шығатын Atlantic журналында жарияланған “Қартайған автократтың диктатор жолдастарына сабағы” деген мақалада Қазақстандағы билік транзиті және оны аймақтың басқа елдерінде қолдану мүмкіндігі талқыланады.

“Назарбаев көзі тірісінде орнынан кетуді ұйғарды. Бұл әдетте қызметте отырғанда, қуғында яки түрмеде көз жұматын автократтар үшін сирек құбылыс. Бірақ ол биліктен бас тартпады. Басқарудың параллель құрылымы арқылы ол ішкі және сыртқы саясатты айқындап, биліктің келесі қолға өтуін бақыламақ” деп жазады Atlantic.

Назарбаев көзі тірісінде орнынан кетуді ұйғарды. Бұл әдетте қызметте отырғанда, қуғында яки түрмеде көз жұматын автократтар үшін сирек құбылыс. Бірақ ол биліктен бас тартпады.

“Бұл сайлау жіті бақылауда… Билікті келесі қолға тапсыру — авторитар режимдердің ортақ проблемасы әрі бұл процесс үнемі жоспар бойынша жүре бермейді. Транзитті бақылап, сонымен бір мезетте елеулі билікті қолында ұстау арқылы Назарбаев самодержавалық жүйені модернизациялауда маңызды эксперимент жасауға тырысады, мұны әсіресе Беларусь, Тәжікстан, және Ресей сияқты оның постсоветтік кеңістіктегі әріптестері көшіруі де мүмкін” деп жазады Atlantic.

Бақылай отырып, билік тізгінін тапсыру постсоветтік кеңістікте бұрын да болған деген басылым биліктің Ресей президенті Борис Ельциннен — Владимир Путинге, Әзербайжан президенті Гейдар Әлиевтен оның ұлына берілгенін еске салады. Дегенмен кей кездері бәрі жоспарлағандай болмай жатады деп жазады Atlantic. Мәселен, 2003, 2004 жылдары Украина мен Грузиядағы президент сайлауы нәтижелеріне күмән келтірілді. Ал 2017 жылы Қырғызстан президенті болып сайланған Сооронбай Жээнбеков пен оның алдындағы басшы Алмазбек Атамбаевтың жайы мүлде басқа. Атамбаевтың ізбасары болған Жээнбеков билікке келе салысымен оның “ықпал ету негіздерін қиратты”.

Мичиган штаты университетінің саясаттанушылары Андреа Кендалл-Тейлор мен Эрика Францтың зерттеуі бойынша, диктаторлар қызметте отырған жерінде көз жұмса, режимнің аман қалу ықтималдығы жоғары болады екен. Олар биліктен басқа жолмен кететін болса, онда режимнің құлау мүмкіндігі артады. Atlantic тілшісімен сұхбатында Кендалл-Тейлор Назарбаев енгізгелі жатқан модельді “гибрид” деп атайды. Дегенмен оның айтуынша, іс жүзінде бұл «қызметтік міндетін атқару кезінде көз жұмуға» ұқсас болып шығады.

Осыған байланысты Atlantic “Қызметте отырып көз жұму — ең қауіпсіз жол болса, онда басқарулы транзит ұйымдастырып, эксперимент жасаудың керегі не?” деп сұрақ қояды. Глазго университетінің Орталық Азия жөніндегі сарапшысы Лука Анческидің айтуынша, “Назарбаевтың басты мақсаты — өз әулетін және олардың байлығын қорғау”.

“Назарбаевтың балалары Қазақстанның саясатында және іскерлік ортада ерекше рөл ойнайды. Оның қызы Дариға Назарбаева әкесі отставкаға кеткен соң сенат спикері болып тағайындалды. Осының арқасында ол Конституция бойынша президенттен кейінгі екінші адамға айналды. Сарапшылардың көбі Қазақстанның лидері әрі Назарбаевтың нағыз мұрагері Дариға не басқа да белді туыстарының бірі болады деп санайды, ал Тоқаев тек бетперде ғана болатын шығар” деп жазады Atlantic.

Басылымның жазуынша, 78 жастағы Назарбаев отбасын қорғаумен бірге “тарихта ізін қалдырғысы” келеді. 1991 жылы тәуелсіздік алған тұстағы Қазақстанның тұңғыш президенті болған ол өзін елдің негізін қалаушы тұлға ретінде дәріптейді әрі көзі тірісінде биліктен кеткен Сингапур премьер-министрі Ли Куан Юды “сауатты авторитаризмнің үлгісі” деп жиі атайды.

“Барлық негізгі көрсеткіштердің көбі бойынша Қазақстан Сингапурдан мүлде алыс болғанымен, Назарбаев өз мұрасын қалдырғысы келеді-ақ” деп жазады Atlantic.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЙЛАУ ТУРАЛЫ БІЛГІҢІЗ КЕЛГЕН АҚИҚАТ

Америкалық Carnegie Endowment қорының “Қазақстандағы сайлау туралы сіз білуге тиіс 9 жайт” деген мақаласында Карнеги қорының Вашингтондағы орталығында Ресей мен Еуразияны зерттеу бағдарламасының сарапшысы қызметін атқаратын Пол Стронски қазіргі президент сайлауы науқанының бұрынғылардан айырмашылығына тоқталады. Маусымның 9-ы күнгі сайлау “мұқият таңдалған мұрагерге билікті тапсыру болуы керек”, дегенмен “бәрі үнемі жоспардағыдай бола бермейді” дейді Стронски.

Оның айтуынша, Назарбаевқа “елбасы” және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билік тізгінін бейресми түрде ұстап тұруы үшін басқарулы транзит қажет болды.

“Бұл қызметтер оған саясатқа тасадан ықпал етуге мүмкіндік береді, ал Тоқаев елдің күнделікті мәселелерін шешуі қажет. Қазақстанда экономикалық қиындықтар көбейіп келе жатқандықтан, Назарбаев бақылаудағы транзит алдағы жылдарда өзінің және отбасының билігі мен байлығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп ойлайтын сияқты. Назарбаевтың қосымша жоспары да бар. Жаңа президент мүдіріп қалса, Тоқаевтың бұрынғы қызметі — сенат спикерлігіне барған Дариға Назарбаева дер сәтін күтіп дайын тұр” деп жазады Пол Стронски.

Сенат спикері, Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева әкесіне "құрметті сенатор" куәлігін табыстап тұр. 6 маусым 2019 жыл.

Сенат спикері, Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева әкесіне «құрметті сенатор» куәлігін табыстап тұр. 6 маусым 2019 жыл.

Дегенмен жоспар үнемі ойдағыдай жүре бермейді. “Кейбір қазақстандықтар Тоқаевты тағайындауға көндігудің орнына қарсылық білдіріп жатыр” дейді Стронски. Бұл қарсылық билікті үрейлендіреді деп санайды сарапшы. “Ұзақ жыл бойы Қазақстан ортаазиялық авторитаризмнің жұмсақ формасы ретінде көрініп, шетелдік инвестиция үшін тартымды орын болып келді. Қарсы ойлыларды басып тастау әрекеті бұл имиджге нұқсан келтіреді” деп жазады Стронски.

“Назарбаев көптен бері өз елін жаңа Сингапурға айналдырғысы келіп жүр. Екі ел де күтпеген жерден тәуелсіздік алды, ал Назарбаевтың постпрезиденттік позициялары Сингапурдың бұрынғы басшысы Ли Куан Юдың тәжірибесіне негізделген тәрізді. Ұқсастық осымен бітеді. Сингапур әлемнің экономикалық және технологиялық дамыған аймақтарының бірінде орналасқан. Қазақстанның жайы олай емес. Бұл елдердің ешқайсысы демократиялық ел емес, ал Сингапурдың құқықтық жүйесі мен іскерлік климаты анағұрлым айқын, соның арқасында ол сыртқы инвесторларды көп тартып отыр. Аралдағы бұл ел адамдарға және әлеуметтік қорғауға анғұрлым көп қаржы құйды. Ал Қазақстан ұраншыл уәдеден өзге көп ештеңе бере алмады” дейді Пол Стронски.

Басқа факторлардың қатарында Стронски “күрделі геосаяси контексті”, өтпелі кезеңдегі ықтимал қатерлерді және көрші автократтардың жіті бақылауын атайды. Оның айтуынша, қазақстандықтар “өз үкіметінен көп нәрсе күтеді”.

“Қазақстанның саяси жүйесі дамып келеді. Бұл эволюция анағұрлым жауапты үкіметке алып келсе жақсы. Егер бұлай болмаса, қарсы пікірмен күрес үдей түссе, үкімет пен ел азаматтарының арасы бұрынғыдан нашарлай бермек” деп жазады сарапшы.

Қарай отырыңыз: Наразы аналар Ақордаға барды (3 маусым 2019 жыл).

БИЛІКТЕН КЕТКЕННЕН КЕЙІНГІ ӨКІЛЕТ

Америкалық LA Times басылымында “Президенттер келеді, кетеді. Қазақстанда тек жалғыз “елбасы” бар” деп аталған мақалада Назарбаевтың президент қызметінен ресми түрде кеткеннен кейінгі өкілеті туралы айтылады.

“Жексенбіде қазақстандықтар мұрагерді таңдау үшін сайлауға барады. Бірақ бұл Назарбаев ел басқаруды тоқтатады деген сөз емес” деп жазады басылым.

Жаңа президент “елбасы” және құрамына қауіпсіздік қызметінің басшылары мен әскерилер кіретін Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін атқаратын Назарбаевтың билігіне бағынады.

“Президентке қарағанда кеңестің билігі күшті, сондықтан президент сайлауында жеңіске жеткен адам әлі де Назарбаевтың қатаң бақылауында болады” делінген мақалада.

“Назарбаев ондаған жылдар бойы Қазақстанды посткоммунистік кезеңнен алып өту үшін қатал билікті қолданды. Соның арқасында бұл ел Орталық Азияның экономикалық кіндігіне айналды. Бірақ Қазақстанды заманауи экономикалы елге айналдыра отырып, Назарбаев оппозицияның үнін өшіріп, тәуелсіз БАҚ-ты және қоғамдық қарсылықты тұншықтырды. Оны сынаушылардың айтуынша, жемқорлық пен тамыр-таныстық Назарбаевтың саяси және экономикалық билікке ықпалын сақтап қалуына әсер еткен” деп жазады LA Times.

Басылым алматылық сарапшы Талғат Мамырайымовтың пікірін келтіреді, ол Тоқаевты “Назарбаев пен оның кланының қолындағы көнбіс құрал”, ал алдағы сайлауды “демократияның имитациясы және Батысқа Тоқаевтың аз да болса легитимдігі бар дегенді көрсету әрекеті” деп атаған.

Басылымның жазуынша, соңғы жылдары Қазақстанда наразылық шарасына қатысушылардың саны бірнеше жүзден бірнеше мың адамға дейін артқан. 23 жастағы алматылық белсенді Данияр Хасеновтың айтуынша, бұл сандар Батыс үшін тым аз болып көрінуі мүмкін, бірақ Қазақстан үшін қомақты. Мақалада айтылғанындай, Хасеновтың ойынша, қауіп-қатеріне қарамастан, “жаппай наразылық — Қазақстанда өзгеріске қол жеткізудің бірден-бір жолы”.

«ӨЗГЕРІСТІ ҚАЛАЙМЫЗ!»

Британдық BBC ақпарат агенттігінің сайтындағы “Қазақстандағы сайлау: бөтен ойға тыйым салған елдегі сирек болатын наразылық” деп аталған мақалада Назарбаевсыз алғашқы сайлау қарсаңында болған наразылық шаралары туралы сөз болады.

“1990 жылдан кейін Қазақстанда дүниеге келгендер бүкіл өмір бойы жалғыз президент — Нұрсұлтан Назарбаевты ғана біледі. Оның отставкасы өзгеріс болады деген үмітті оятқанымен, қазақстандықтардың көңілі бірден суыды” деп жазған BBC президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші шешімі астананы Нұр-Сұлтан етіп өзгерту болғанын еске салады.

“Сарапшылардың көбі үлкен өзгеріс бола қоймас деп болжайды, себебі Назарбаев зор ықпалын сақтап қалады және шешім қабылдаудың барлық басты процестеріне қатысады” деп жазған BBC Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында өзі басқаратын “Нұр Отан” партиясының съезінде айтқан сөзін келтіреді.

Өз атына айтылған мадақ сөзге әзілмен жауап қатқан Назарбаев “Жаңа президентті сайлап жатырмыз, солай емес пе? Құдды мені сайлап жатқан сияқты” деген еді. ВВС-дің жазуынша, “кей көрермендер мұны жартылай әзіл деп түсінген”.

Diplomat басылымы “Назарбаевтың мұрасына” қатысты мақала жариялады. Автор Паоло Сорбеллоның айтуынша, “Назарбаевтың өзгеріс туралы сөздері елеулі нәтиже әкелмеді. Билік институттары ебедейсіз күйінде қалды, ал экономика әлі де табиғи ресурстарға тәуелді. Астананы және елдің барлық аймағындағы көшелерді Назарбаевтың есімімен атаған кезде оның мұрасы елдің бас қаласында қаптатып салынған жылтырақ ғимараттармен өлшенетінін жұрттың бәрі түсінді” деп жазады Diplomat.

"Нұр Отан" партиясының съезі. Сәуір айы, 2019 жыл.

«Нұр Отан» партиясының съезі. Сәуір айы, 2019 жыл.

Басылымның жазуынша, Қазақстан халқының көбі 1980, 1990 жылдардағыдан жақсы тұрады, бірақ Қазақстанның Сауд Арабиясынан ауылы алыс. “Мұнайға бай елде елеусіз қалған жандарды жұмыссыздық пен әлеуметтік тұрғын үйдің жоқтығы толғандырады. Қазір елдегі белсенділер жаңа бағытты талап етіп жатыр” деп жазады басылым.

Azattyq