Журналист әрі белсенді Таукинаны жерлеу рәсімі өтті

0

Журналист Розлана Таукинаны жерлеу рәсіміне жүзге тарта адам қатысты. Олардың басым бөлігі құқық қорғаушылар, журналистер, саясаткерлер болды. Олар журналистің мезгілсіз қазасына өкініш білдіріп, естеліктерімен бөлісті.

Розлана Таукина 1990 жылдардың басында Қазақстандағы алғашқы тәуелсіз телеарналардың бірі – «Тотемді» құрып, басқарған медиа менеджер ретінде танылған еді. Оның «Тотемі» журналист Сергей Дувановтың «ТВ Макс» («ТВ М») телеарнасынан кейін ашылған екінші тәуелсіз арна болатын. 1992 жылы алдымен «Макс радиосы» құрылып, кейін «ТВ Макс» арнасына айналғанда Розлана оның бас редакторы да болған.

Сергей Дуванов.

Сергей Дуванов.

— Розлана жігері мен еңбекқорлығының арқасында демеуші тауып, «Тотем» арнасын ашты. Сөйтіп қатар жұмыс істеп, серіктес болдық. Ең қызығы, техникамыздың аздығы мен қолда бардан суфлер сияқты дүниелерді құрастырып жұмыс істедік. Не ақша, не техника болмады, бірақ демократияға масайып жүрдік. Алайда оны кейін билік – бассыздық деп бағалаған болатын, — деп еске алады Сергей Дуванов.

Билік 1996 жылы теле және радио жиіліктерге өткен тендерде 30-дан аса тәуелсіз телерадио компанияны лицензиясынан айырып, эфирсіз қалдырды. Оның ішінде «Тотем» мен «ТВ Макс» та болды. «Бірақ Розлана ешқашан жұмыссыз отырған емес» дейді Дуванов, ол Орталық Азиядағы электрондық тәуелсіз БАҚ ассоциациясының президенті болды және «Караван» радиосына директор болып барды.

Андрей Свиридов.

Андрей Свиридов.

— 1998 жылы Мәскеуде Дариға Назарбаева қатысқан Еуразиялық телефорумда сөз сөйлеп, Қазақстанда әп дегенде 30-дан аса телекомпанияның жабылғанын баяндады. Жиынан кейін Алматыға келгенімізде Розлана радиостанция басшылығынан түсіп қалды, — деп еске алады журналист әрі құқық қорғаушы Андрей Свиридов.

Розлана халықаралық «Соғыс және бейбітшілік институтының» Қазақстандағы алғашқы мүшесіне айналды. Кейін 2000 жылы «Журналистер қауіп-қатерде» қорын құрып, оны 12 жыл басқарды. Қор сотталған журналист Рамазан Есіргеповті қорғау комитетін құрып, қамауда болған үш жыл бойы оны қолдап тұрды. Таукина 2012 жылы Есіргепов босап шыққаннан кейін қордың басшылығын оған тапсырды.

— Ол құқық қорғаушы емес еді, бірақ барлығының құқығын қорғаумен айналысты. Және бұл іспен өз еркімен әрі тегін айналысты. Мені де сотталған кезде қорғады. Ол журналистен гөрі құқық қорғаушы болды десе болады. Ол журналист ретінде аса көп жазған жоқ, бірақ қорғау мен қолдауды ұйымдастырып, газет шығарып, қандай қиын жағдай болса да, мойымайтын еді, — дейді Сергей Дуванов.

Құқықорғаушы Евгений Жовтис те істі болып, сотталған тұста өзін қорғағандардың бірі Розлана болғанын еске алады.

Евгений Жовтис.

Евгений Жовтис.

— Ол менің апелляциялық сотыма келді, бірақ мен процеске қатыспадым. Кейін белгілі болғандай сол жерде ауырып, жедел жәрдем алып кеткен. Дәрігерлер ұйқы безінің некрозын тапқан. Розлананың болмысы – осы. Қоңыраудай сыңғырлаған күлкісі мен «Женя!» деген дауысы – әлі құлағымда, — дейді Жовтис.

Жовтис Таукинаның Қазақстандағы әлеуметтік, саяси және журналистік кеңістікте елеулі орын алғанын айтады. «Кез-келген жайтқа бейжай қарамайтын адам еді» деп сипаттайды.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина – Розлана Таукинамен соңғы сөйлескендердің бірі. Оның айтуынша, жексенбі күні телефонмен тілдескенде Розлананың көңіл-күйі әдеттегідей ашық-жарқын болып көрінген, бірақ сәлден кейін дауысы естілмей қалған. «Телефон байланысының нашарлығынан болар» деп ойлаған Төреғожина арада екі сағат өткеннен кейін суыт хабарды естігенін айтады.

Бақытжан Төреғожина.

Бақытжан Төреғожина.

— Әлі күнге сене алмаймын. Ол ешқашан мойымайтын, әділдікке сенетін. Ашық-жарқын еді. Маған үнемі қолдау көрсетіп, демеп жүретін. Соңғы күндері жастардың акцияларын талқылап, біршама жігерленіп едік. Елде демократияның нышаны байқалып, жастардың өсіп келе жатқанына қуанғанымыз есімде. Оларға көмектесейік, ақыл-кеңесімізді айтып, білгенімізді үйретейік дегенбіз. Жоспарымыз көп еді, — дейді Төреғожина.

Розлана Таукина 2016 жылы демократияның дамуы мен азаматтық қоғам құруға үлес қосып жүрген азаматтарға берілетін «Азаттық» сыйлығына ие болған.

Azattyq