Курстық жұмыс: Экономика | Қаржылық жағдайдың бағасы және корпорацияның қаржылық тұрақтылығына жету жолдары
1.1 Қаржылық жағдай мен қаржылық тұрақтылықтың түсінігі
Нарықтық қатынастары жағдайында кәсіпорынның қаржылық жағдайын талдаудың маңызы өте зор. Бұл кәсіпорындардың тәуелсіздікке ие болуымен, сондай-ақ олардың меншік иелері, жұмысшылар, коммерциялық серіктестер және басқа да контрагенттер алдында өзінің өндірістік-кәсіпкерлік қызметінің нәтижелері үшін толық жауапкершілікте болуымен байланысты.
Кәсіпорынның қаржылық жағдайын сипаттағанда “қаржылық жағдай” дегеніміз немесе “қаржылық жай-күй” дегеніміз не деген сұрақтарға жауап береміз.
Соңғы жылдары шығарылған әдебиеттерде бұл ұғым әр түрлі түсіндіріледі. Профессор А.Д. Шеремет “Кәсіпорынның қаржы жағдайы қаржыны тарату, пайдалану және оны қалыптастыру көздерімен сипатталады” деп жазған.
Профессор Н.А. Русак бұл ұғымды былайша анықтайды: “Кәсіпорынның қаржылық жағдайы қаржы ресурстарын жасау, тарату және пайдаланумен сипатталады. Кәсіпорынның қаржылық жағдайы кәсіпорынның қалыпты өндірістік, коммерциялық және басқа да қызмет түрлері үшін қажетті қаржы ресурстармен қамтамасыз етілуімен және оларды мақсатқа сай, тиімді тарату және пайдаланумен, сондай-ақ басқа шаруашылық субъектілерімен қаржылық қарым-қатынаста болу, төлем қабілеттілігі және қаржылық тұрақтылықпен сипатталады. Кәсіпорынның уақтылы төлеу мүмкіндігі оның қаржылық жағдайының жақсылығын көрсетеді”.
В.М. Родионова мен М.А. Федотова кәсіпорынның қаржылық жағдайы “қаржы ресурстарының қалыптасуымен, таратылуы және пайдалануымен көрсетіледі” деп жазса, кәсіпорынның қаржы ресурстарының тұрақтылық жағдайы ақша қаражаттарын еркін айналымға салуының, үздіксіз жұмыс істеуі мен өнім шығаруының, өнім көлемін ұлғайтудың және жаңалап отыруының негізгі көрсеткіші болып табылады деп есептейді.
Профессор В.М. Родионованың есептеуі бойынша, кәсіпорынның қаржылық жағдайы қаржылық тұрақтылық дәрежесімен, жеке айналым қорымен, олардың сақталуымен, жеке және сырттан тартылған қорлардың қатынасымен, бағалы қағаздар шығару арқылы қосымша қаржылық ресурстар арқылы анықталады.
М.Н. Крейнина, А.И. Ковалев және В.П. Привалов қаржылық жағдай ұғымын былайша түсіндіреді: “Қаржылық жағдай – бұл қаржы ресурстарының қолда барын, үлестіріліп таратылуы және пайдалануын сипаттайтын көрсеткіштер жиынтығы”.
М.Н. Крейнинаның жеке анықтамасы бойынша, кәсіпорынның жалпы қаржылық жағдайы – кең мағыналы және ол төлем қабілетінің деңгейі, қаржы тұрақтылығы, қордың тиімді пайдалану көрсеткіштері жиынтығы негізінде анықталады.
Профессор И.Т. Балабанов “Шаруашылық субъектісінің қаржылық жағдайы – бұл оның қаржы бәсекелестік қабілеттілігінің сипаттамасын (яғни төлем қабілеттілігі, несие қабілеттілігі) қаржы ресурстары мен капиталды пайдалану, мемлекет алдында және басқа да шаруашылық субъектілері алдында өз міндеттемелерін орындау. Шаруашылық субъектісінің қаржылық жағдайын талдаудың келесі түрлерін жүргізеді: табыстылық пен рентабельділік; қаржылық тұрақтылық; несие қабілеттілігі, капиталды пайдалану; валюталық өзін-өзі өтеу”, — деп жазады.
Ал Н.А. Русак болса, бұл түсінікті кең мағынада көрсетеді: кәсіпорынның қаржылық жағдайы қаржы ресурстарының пайда болуы, орналастырылуы, пайдаланылуымен анықталады…
Кәсіпорынның қаржылық жағдайы қалыпты өндіріске қажетті коммерциялық және кәсіпорынның басқа да жұмыстарының қаржылық ресурстарымен қамтамасыз етілуімен, олардың бағытталған және тиімді пайдаланылуы, басқа да кәсіпорындармен қарым-қатынасымен, төлем қабілеттілігімен сипатталады. Кәсіпорынның мүмкіншілігі оның қаржылық тұрақтылығымен есептеледі.
С.А. Стуков осы ұғым бойынша өзінің көзқарасын келесі сөздермен баяндайды: “Кәсіпорынның қаржылық жағдайы – бұл бірқатар көрсеткіштермен сипатталатын оның саулығы мен өмір сүру қабілеттілігін кешенді түрде бағалау”.
Жоғарыда берілген анықтамалар қарастырылып отырған ұғымның мәнін әр қайсысы әр түрлі тұжырымдайды және олардың әрқайсысында бұл ұғымды дәлірек анықтауға мүмкіндік беретін ұтымды тұжырымдар бар.
Бірқатар түрлі әдістермен есептелетін бірыңғай көрсеткіштерге қарағанда (мысалы, еңбек өнімділігі, қор қайтарымдылығы, өзіндік құн, жалпы табыс, тиімділік) қаржылық жағдай түрлі көрсеткіштерді есептеу нәтижесінде және олардың жалпы бағалауға тигізетін әсерін зерттеу негізінде анықталатыны анық. Кәсіпорынның қаржы жағдайы әлсіз және өмір сүру қабілеті жоқ кәсіпорындарға аяусыз қарайтын бәсекелі нарықтың экономика жағдайындағы кәсіпорынның сенімді болуын, тұрақтылығын және келешегі барлығын куәландыруы тиіс. Жалпы сенімділік кәсіпорын жұмысының үздіксіздігін және оның төлем қабілеттілігін көрсетеді.
Осы берілген түсініктерге сүйене отырып, бұл ұғымды былай анықтауды ұсынуға болады:
Кәсіпорынның қаржы жағдайы осы кәсіпорынның белгілі бір кезеңдегі қаржылық тұрақтылығын және оның өз шаруашылық қызметін үздіксіз жүргізуі мен өзінің қарыз міндеттемелерін уақтылы өтеуі үшін қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілуін көрсетеді.
Ал кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы нені білдіреді? Кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы ұғымын жеке экономикалық категория ретінде зерттеу әр авторлардың өз бетінше берген анықтамаларына байланысты пікірталас тудырды.
Мысалы, Совет экономистерінің көзқарасы бойынша кәсіпорынның өте жоғары дәрежеде қызмет етуінде басты рөлді рентабельділік анықтайды дейді.
А.К. Коровушкина 70-жылдардың басындағы монографияларында кәсіпорын қоғамдық еңбекті аз жұмсап, неғұрлым жоғары экономикалық нәтижеге қол жеткізуі керек деп санаған.
Академик РАН Е.С. Стоянова бастаған ресейлік ғалымдар қаржылық тұрақтылық кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметінің 4 көрсеткішімен сипатталады дейді. Оларға жататындар:
1. жоғары дәрежеде төлем қабілеттілігі
2. баланстың жоғары дәрежеде өтімділігі
3. жоғары дәрежеде несие қабілеттілігі
4. жоғары дәрежеде рентабельділік
Бір авторлар қаржылық тұрақтылықты “өз қаражаттарын шебер пайдалану қабілеттілігі, жұмыс процесінде үздіксіздігін қамтамасыз ететін қаржының жеткілікті болуы” деп түсіндіреді… Қаржылық тұрақтылық – меншікті және қарыз қаражаттарының байланысы деп жазады.
Енді біреулері “өз қаражаттары есебінен активтерге (негізгі қорлар, материалдық емес активтер, айналым қаражаттары) жіберілген қаражаттарды жабатын, сондай-ақ өтелмеген дебиторлық және кредиторлық қарыздарға жол бермейтін және де өз міндеттемелерін уақытысында қайтаратын шауашылық субъектілері қаржылық тұрақты болып табылады”, деп жазады.
Бұл ұғымды А.Д. Шеремет пен Р.С. Сайфуллин өте ықшам түрде анықтайды. Олардың ойларынша “қаржылық тұрақтылық – бұл әрдайым төлем қабілеттілігін кепілдендіретін кәсіпорынның белгілі бір шоттар жағдайы”.
В.М. Родионова мен М.А. Федотова бұл ұғымды келесідей түсіндірді: “Кәсіпорында тұрақты қалыптасқан табыстың шығыннан артуының өзіне тән айнасы – қаржылық тұрақтылық болып табылады. Ол ақша қаражаттарын еркін пайдаланып, оларды тиімді қолдану арқылы өндіру мен өнімді өткізу процесінің үзіліссіздігін қамтамасыз ететін, сондай-ақ кәсіпорынды кеңейтуге және жаңартуға қажетті шығындарын қаржыландыратын кәсіпорынның қаржы ресурстық жағдайын сипаттайды. Қаржылық тұрақтылық кәсіпорынның жалпы тұрақтылығының негізгі бөлігі болып табылады”. Осы еңбегінде бұл авторлар одан әрі мына анықтаманы келтіреді:
“Кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы – бұл тәуекелділіктің мүмкін болатын деңгейінде төлем қабілеттілігі мен несие қабілеттілігін сақтай отырып, табысты өсіру негізінде қаржыны жарату мен пайдалану арқылы кәсіпорынның дамуын көрсететін қаржы ресурстарының жағдайы”.
В.Т. Артеменко мен М.В. Беллендир бұл ұғымды былай түсіндіреді: “Қаржылық тұрақтылық – бұл табыстың шығыннан тұрақты дәрежеде артуы. Ол ақша қаражаттарын еркін пайдалануды қамтамасыз етеді және оларды тиімді пайдалану арқылы өндіру және өнімді сату процесінің үздіксіз болуына жағдай жасайды. Сондықтан да қаржылық тұрақтылық барлық өндіріс – шаруашылық қызметі процесінде қалыптасады және кәсіпорынның жалпы тұрақтылығының негізгі бөлігі болып табылады”. Ал кәсіпорынның жалпы қаржылық тұрақтылығы, ол ең алдымен әрдайым табыстың шығыннан артуын қамтамасыз ететін ақша ағымының қозғалысын көрсетеді. Нарық жағдайында ол ең бірінші өнімді (жұмыс, қызмет) өткізуден түсетін табыстың тұрақтылығын талап етеді және оның мөлшері мемлекетпен, жабдықтаушылармен, несие берушілермен, жұмысшылармен және тағы басқалармен есеп айырысу үшін жеткілікті дәрежеде болуы тиіс. Сонымен қатар кәсіпорынның әрі қарай дамуы үшін барлық есеп айырысулар мен барлық міндеттемелерді орындағаннан кейін осы кәсіпорында өндірісті дамытуға, оның материалдық-техникалық базасын жаңартуға және де әлеуметтік климатын жақсатуға және басқаларға мүмкіндік беретіндей дәрежеде табыс қалуы қажет.
Қаржылық тұрақтылықтың мәні – бұл қорлар мен шығындардың қалыптасу көздерінен қамтамасыз етілуі – деп түсіндіреді А.Д. Шеремет пен В.С. Сайфллин. Э.А. Маркарьян мен Г.П. Герасименко да дәл осындай көзқараста: “Кәсіпорынның өз міндеттемелері бойынша есептесу мүмкіндігі немесе сауда,несие және басқа да төлем сипатындағы операциялардың нәтижесінде пайда болатын кәсіпорынның төлем міндеттемелерін уақтылы және толық орындау мүмкіндігін көрсететін төлем қабілеттілігі, қаржылық тұрақтылықтың сыртқы көрінісі болып табылады”.
Кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы, қаржылық жағдайы туралы көптеген ғалымдардың тұжырымдары мен көзқарастары айтылып өтті. Енді айта кететін бір мәселе – бұл кәсіпорындарының қаржылық тұрақтылығына деген әрбір бөлек топ мүшелерінің көзқарасы. Мысалы, меншік иелері кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығын мына тұрғыда қарайды: олардың қызығушылығын кәсіпорынның қанша көлемде пайда әкелуі тудырады, пайда қаншалықты көп болса кәсіпорын соғұрлым тұрақты деп есептейді, ал несие берушілер (кредитор) қызығушылығын қарызға алынған қаражаттар бойынша төлемдер уақытылы төленуі тудырады. Ал басқарушылар персоналы тұрғысынан қарасақ олар кәсіпорын құрылғаннан бері оның барлық қызмет барысындағы өзгерістері мен жағдайынан хабардар, кәсіпорынның қызметі туралы барлық ақпараттармен қамтамасыз етілген, сондықтан да басқа да топ мүшелеріне қарағанда басқару персоналы кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығына жауапкершілікпен қарап, кәсіпорынның жағдайы олар үшін өте маңызды, жақын болып келеді.
Сонымен, қорыта келгенде кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы дегеніміз – оның төлем қабілеттілігі, несие қабілеттілігі, кәсіпорынның қаржылық тәуелсіздігі, өзіндік қаражаттарының еркіндігі, толықтылығы, бір сөзбен айтқанда, оның өзіндік капиталының қарыздық капиталдан асуы, несиелер мен төлемдер бойынша, сонымен қатар мемлекетпен салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша уақытында есеп айырысуды жүзеге асыру.
1.2 Кәсіпорынның қызметіне әсер ететін факторлар
Кәсіпорынның қызметі объективті, яғни кәсіпорынның өзінен тәуелсіз сыртқы факторларға және басқару командасының шешіміне тәуелді ішкі факторларға байланысты. Өзгерістер мен жағымсыз тенденциялардың алдын-алып, болдырмау осы факторлардың әсерімен сипатталады.
Әр кәсіпорынның қаржылық жағдайы оның жалпы қызметіне сәйкес бірқатар факторларға байланысты.
Кәсіпорынның қызметіне әсер етуші факторларды ең біріншілер болып атап өткен С.С. Сатыбалдин мен К.Ш. Дюсембаев болды. Олар факторларды сыртқы-объективті және ішкі-субъективті деп бөлген.
Кәсіпорынның жағдайына әсер етуші факторлар сипатына байланысты ішкі және сыртқы болып бөлінеді.
Сыртқы факторларға жататындар:
I. Макроэкономикалық деңгейде:
1.1. Әлемдік экономика
әлемдік нарық конъюктурасы.
әлемдік нарықтардағы қаржы ресурстарын пайдалануға қол жеткізу.
1.2. Мемлекет
Саяси тұрақтылық
Ақша-несие саясаты
Салық-бюджет саясаты
Экономикалық жүйе түрі
Сыртқы-экономикалық саясат
Экономикалық әкімшілік реттеу.
1.3. Экономика
Жалпы экономикалық конъюктура
Табиғи ресурстармен қамтамасыз етілу
Қаржы ресурстарына қол жеткізу (доступность)
Ғылыми техникалық прогрестің дамуы
Еңбек нарығының даму дәрежесі
Инфрақұрылымның даму дәрежесі.
II. Мезодеңгейде:
Бәсеке деңгейі
Сұраныстың тұрақтылығы.
III. Микроэкономикалық деңгейде:
Меншік иелері
Несие берушілердің қатынасы
Жабдықтаушылардың қатынасы
Тұтынушылар
Қоғамдық көзқарас.
Ішкі факторларға жататындар:
I. Институционалдық және ұйымдастырушылық факторлар:
Кәсіпорынның өмірлік циклының кезеңі
Кәсіпорынның даму қарқыны
Кәсіпорынның мақсаттары мен міндеттері
Кәсіпорынның құрылымы
Қызметкерлер (персонал)
Технология.
II. Басқару құрылымына байланысты субъективті факторлар:
Өзіндік (меншіктік) және айналым капиталының арақатынасы.
Активтердің құрылымы
Инвестициялық, баға, сату және тағы сол сияқты саясаттарды жоспарлау мен жүзеге асыру.
Контрагенттерді іздеу мен келісім-шарттар құру.
Шаруашылық байланыс құрылымының тиімділігі.
Кәсіпорынның жалпы қызметіне және оның әрбір құрылымдық бөлімшелеріне оперативті бақылау жүргізу.
Нәтижелерді сараптау мен кейінгі қызметін жоспарлау.
Кәсіпорнның дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық мақсаттарды нақтылау мен тактикалық мәселелердің орындалуын бақылау.
Сыртқы факторлар олардың пайда болуына байланысты екі үлкен әсер етуші – макро және микроэкономикалық деңгейге бөлінеді. Соңғы жылдары мезодеңгейде көрсетіліп жүр.
Макро және микроэкономикалық деңгей сыртқы факторларға қалай жатса, ішкі факторға да солай жатады.
Сыртқы факторлар оны қоршаған ортаны қалыптастыра отырып, кәсіпорынның қызмет ету шарттарын анықтайды, яғни кәсіпорын басшылығына дұрыс не бұрыс шешім қабылдау қажеттілігін көрсетеді.
Мысалы, әлемдік экономикалық жүйедегі өзгерістердің тікелей әсерін экспортқа өнім шығарумен айналысатын шетел кәсіпорындарымен белсенді қарым-қатынастағы кәсіпорындар, импорттың шикізат пен жартылай дайын өнімді пайдаланушы сондай-ақ өнімдерін әлемдік нарықта сататын (шығаратын) кәсіпорындармен технологиялық тығыз байланыстағы мекемелер сезінеді.
Ал, егер мемлекеттік макроэкономикалық реттеуге келетін болсақ, онда оны елдің экономикалық жүйесіндегі барлық мекемелер сезінеді.
1.1. Әлемдік экономика (жоғарғы макродеңгей) мемлекеттік экономикалық саясатқа (ортаңғы макродеңгей), елдің экономикалық дамуына (төменгі макродеңгей) және нарық жағдайына (мезодеңгей) әсер етеді.
Әлемдік экономикалық жүйенің негізін әлкмдік экономикалық қатынастар құрайды. Халықаралық экономикалық байланыстар мен мемлекеттердің сыртқы саясатының интеграциялық қарқынына байланысты екенін айта кеткен жөн.
Қазіргі таңда халықаралық экономикада қызмет етіп отырған көптеген интеграциялық бірлестіктер өз алдына ұқсас мақсаттар қояды: қалыпты және қолайлы сыртқы саясат сферасын жасау, сауда саясатына қатысты мәселелерді шешу, ұлттық өндірістің жаңадан дамып келе жатқан салаларына қолдау көрсету сияқты.
Бұндай жағдайда жоғарғы макроэкономикалық деңгейдің мынадай факторлары маңызды болып келеді:
әлемдік нарық конъюктурасы – дағдарыстың бар не жоқ болуымен, оны алдын-алумен, сондай-ақ оның қаншалықты жиі болуымен сипатталады.
қаржы ресурстарына қол жеткізу, ұлттық экономикаға шетел инвестицияларын тартумен анықталады…..