Сот боксшы Алмас Жолдасовты атып өлтіргендердің жазасын өзгеріссіз қалдырды
Арыста Алмас Жолдасовты өз үйінің ауласында атып кеткендердің жазасы өзгеріссіз қалды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Черный Алмас» сотталушылардың туысын өлтірді” деген желеумен бір әулеттің жігіттері кек қайтару үшін жиналған. Олар екі адамды дайындап, қаруына дейін сайлап берген. Кісі өлтірген ағайындының екеуі 20 жылға, ал 24, 26 және 20 жастағы қылмысты ұйымдастырушылар 25 жылға сотталған еді.
Сонымен қатар марқұмның туыстары Алмастың ешкімді өлтірмегенін, бұл ақпараттың жалған екенін айтты.
“Қастандықтың жасалуына бизнестегі бәсеке себеп болды. Мәселе сөзбен шешілмеген соң, ұйымдастырушы жақ қой бағып жүрген екі малшысын дайындап, қаруын сайлап бергені және Алмастың бұрын адам өлтіргені туралы ақпараттың жалған екені сотта дәлелденді”, – дейді Алмастың жақындары.
Еске салайық, былтыр Арыс қаласының орталығындағы үйінде демалып отырған төрт адамды әскери киімде бетін тұмшалаған екі адам атып, мотоциклмен қашып кеткенін жаздық. Қылмыс орнында Алмас Жолдасов пен 23 жастағы Жандәулет Қабылов тіл тартпай кетсе, тағы екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Қаза тапқандардың бірі бокстан бұрынғы облыс чемпионы, республикалық жарыстарда жүлде алып жүрген – Алмас Жолдасов. Оны Арыста «Черный Алмас» деп те таниды екен. Ал оқ тиіп тірі қалған 36 және 37 жастағы жігіттердің жағдайы тұрақты. Бірі – полиция қызметкері. Есін жиғанымен, екеуі де тіс жарғысы келмеген.