Министр Мұхитованың әкесі қызметінде қала ма деген сұраққа жауап берді
Қысқа сілтеме алу
Ескендір Сүлейменов қаза болған жол апаты бойынша сот үкім шығарып, айыпталушы Малика Мұхитованы екі жылға бас бостандығынан айырды
АСТАНА, 14 қараша — Sputnik. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қызы екі жылға сотталған Қызылорда облысы полиция департаментінің басшысы Қайрат Мұхитовтың қызметінде қалатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Журналистер министрден «Қызылорда облысы полиция департаментінің басшысы Мұхитов қызметін жалғастыра бере ме?» деп сұрады.
«Конституция бойынша біз қандай наразылық білдіре аламыз? Ол үлкен адам, 29 жаста, бөлек тұрады. Құқықбұзушылық жасады. Енді біз бүкіл туыстарын жауапқа тартуымыз керек пе? Менің ойымша, бұл сұрақ дұрыс емес», — деп жауап берді министр.
Еске сала кетейік, Астана қаласы Есіл ауданының екінші қалалық сотында Ескендір Сүлейменов қаза болған жол апаты бойынша іске нүкте қойылды. Сот айыпталушы Малика Мұхитованы кінəлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі, сондай-ақ бес жылға көлік жүргізу құқығынан айырды. Мұхитова жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде (қоныс колониясы — Sputnik) өтейді.