Халыққа қолданыстағы үйлерді сатып алу мүмкіндігі беріле ме

0

2018 жылғы 14 қараша 11:03 110

«7-20-25»: Халыққа қолданыстағы үйлерді сатып алу мүмкіндігі беріле ме


АСТАНА. ҚазАқпарат — Мемлекет «7-20-25» бағдарламасы бойынша азаматтарға екінші деңгейлі, яғни қолданыстағы үйлерді сатып алу мүмкіндігін беруді әлі қарастырып жатқан жоқ. Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының республикалық форумында Тимур Сүлейменов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форум барысында министрге ««7-20-25» бағдарламасы бойынша екінші деңгейдегі тұрғын үйді пайдалану мүмкіндіктері қарастырылып жатыр ма? Отбасылық табысы 100 мың теңгелік, бірақ екі-үш баласы бар адамдарға бағдарлама бойынша баспана алу өте қиын. Кірісі төмен отбасыларға бағдарлама бойынша баспана алу мәселесі қалай шешіледі» деген сұрақ қойылды.

Бұған жауап берген Тимур Сүлейменов бағдарлама бойынша алғашқы жарнаны субсидиялау жергілікті бюджет мәселесі екенін атап өтті.
«7-20-25»: Халыққа қолданыстағы үйлерді сатып алу мүмкіндігі беріле ме 

«Біздің әкімдіктермен бірге атқарған жұмысымыздан көрінгендей, жергілікті бюджетте ақша баршылық. Бағдарлама өзіңіз білетіндей енді ғана ауқым алып келеді. Әкімдіктер өзіне қажетті қаражаттың жетіспей жатқаны туралы мәселені көтеріп отырған жоқ. Ал жаңа үйлерден бөлек, қолданыстағы үйді бағдарлама бойынша алу мүмкіндігін беру туралы сұрақ бірнеше рет көтерілген болатын. Өзіңіз білетіндей, бұл бағдарлама арқылы біріншіден азаматтарды баспанамен қамту көзделсе, екіншіден құрылыс қарқынын үдету көзделген. Демек, мемлекет беріп жатқан қаражат барынша тиімді жұмсалса деген мақсат бар. Сондықтан, біз адамдарға субсидия берген кезде олар үй алып, сонымен қатар жаңа үй бой көтеріп жатса, біз жұмыс орындары ашылып, салықтың төленуіне қол жеткіземіз. Бағдарламаның жүзеге асырылып жатқанына жоқ дегенде бір жыл толмай жатып, екінші деңгейлі (яғни, қолданыстағы үйлерді) үйлерді сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқан жоқпыз. Әйтпесе, біз жаңа үйлерді тұрғызу міндетін орындай алмай қалуымыз мүмкін», — деді Тимур Сүлейменов.
«7-20-25»: Халыққа қолданыстағы үйлерді сатып алу мүмкіндігі беріле ме 

Ұлттық экономика министрі сонымен қатар, кірісі жеткіліксіз отбасылар үшін алғашқы жарнаны төмендету туралы сұраққа да жауап берді.

«Менің ойымша, бұл бағдарлама әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы емес екенін ескеру керек. Яғни, рационалды, прагматикалық мінездемеге ие, жұмысын істеп, зейнетақы аударымын жасап отырған адам өзі үшін депозит немесе Тұрғын-үй жинақ банкі арқылы ақшасын жинап, баспана алу құқығына ие болуы керек. «7-20-25» бағдарламасынан бөлек, елімізде әлеуметті тұрғын үй бағдарламасы барын ескеру керек. Мемлекет ондай топтағы адамдарды шетке ысырып тастады деп айтуға болмайды. Ол бағдарламалардың да ауқымы кеңейе береді. Бірақ, «7-20-25» бағдарламасы белгілі бір жинағы бар адамдар үшін арналған», — деді Тимур Сүлейменов.

Еске сала кетсек, елордадағы Конгрес-орталықта «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымдарының республикалық форумы өтіп жатыр.