«Сіз ұйықтап жатқанда». Фельдшер Біржанның бір түнгі қызметі
Сондай жанның бірі – 22 жастағы Біржан Әбдікерім. Біржанның №18 қалалық емханада фельдшер болып жұмыс істегеніне бір жарым жыл болыпты. Ол үш күн сайын таңғы сағат 08.00-ден бастап, тәулік бойы жұмыс істейді. Baribar.kz редакциясы Біржанның түнгі қызметіне бірге шығып, жұмыс барысына куә болды.
Біржан Қаскелеңде ата-анасымен бірге тұрады. Ол жұмысқа кешікпей баруы үшін ұйқыдан 05.30-да тұрады. Емханаға дейін екі қоғамдық көлікке мінеді.
Біржанның жұмыс орнына кіріп, фельдшердің қызметі неден басталатынын көріп жатқан едік, шақырту да келіп түсті. Фельдшер арнайы формасын киіп, дайын тұрған еді. Уақытты созбай аурудың жағдайын білуге асығып шықты.
Күндізге қарағанда түнде кептеліс болмайды. Сондықтан барар жерімізге жылдам жетеміз.
Шақыртуда 5 жасар баланың басы ауырып, мазасызданғаны көрсетілген. Қазір бәрін анықтаймыз.
5 жасар балақай түнде келген бөтен ағайдан шошып, жылап жіберді. Оны анасы жұбатып, фельдшердің алғашқы көмек көрсетуіне жағдай жасады.
Баланың бұрын құлағы ауырған. Қазір бадамша бездері ісіп, қызарып тұр. Инфекция жұқтырған, бұл үш-бес күнсіз емделмейді. Вирусқа қарсы дәрілер жазып бердім. Науқастың анасына емханаға барып, оториноларинголог маманға қаралу керегі айтылды.
“Фельдшерлерге, соның ішінде әйел қызметкерлерге түнде жұмыс істеу қауіпсіз деп айта алмаймыз. Себебі жолда қиналып тұрған адамдарға тоқтап, алғашқы көмек көрсетуге міндеттіміз. Ал ол адам маскүнем немесе нашақор болуы да мүмкін. Көмекке келген нәзік жанды көріп, оның дұрыс нәрсе ойламауы ғажап емес. Бәлкім, осыдан болар, түнде жұмыс істейтін әріптестерімнің көбі – ер адамдар”, – дейді маман.
Біржан пациенттің жағдайын біліп шыққан соң екінші шақырту да келіп түсті. Жедел жәрдемді аяғы ауырып мазасызданған қарт шақыртқан екен.
Кейде түнде лифтілер істемей тұрады. Жаяу көтерілуге тура келеді. Бірде 16-қабатқа жаяу көтеріліп, түскенім бар.
Тұрғындар жедел жәрдем көлігін көре қалса, жолдан тоқтатып, көмек сұрайды. Біз бірден науқастың жағдайын біліп, көмектесеміз.
Кей адамдар денсаулығына байланысты қойылған диетаны, режимді, дәрігердің нұсқауын ұстанбайды. Салдарынан түнде ұйықтай алмай, жедел жәрдем шақырады. Мұндай жағдайда қарт кісілерге ауырсынуды басатын дәрі егуіме тура келеді. Науқастың жасы 71-де. Оны буынның созылмалы ауруы мазалайды. Дәрігердің нұсқауын аздап бұзғандықтан қарттың аяғы ауырып тұр. Науқасқа міндетті түрде емханаға барып тексерілу керегі ескертілді.
Күндізге қарағанда түнде жұмыс істеген қиынырақ. Алатын жалақым әзірге отбасылы болмағасын күнкөрісіме жетеді. Биыл жалақымызды 20%-ға көтереді деген. Оның үстіне 2019 – Жастар жылы, біздің жылымыз. Содан бәріміз үміттіміз.
Кішкентай кезімде көп ауырдым. Дәрігерлер диагноз қоя алмады. Сол кезден бастап дәрігер болып, балаларды, ересектерді емдегім келді. Түнде ауырған адамдарға алғашқы көмекті көрсетемін. Бұл – өзіме ұнайтын жұмыс. Ұйқының қанбауы, түн екені маңызды емес. Маңыздысы – тұрғындарға алғашқы көмекті көрсетіп қайтамын, алғыс аламын.
Біржан болашақта оқуын жалғастырып, хирург мамандығын игергісі келеді. Ол фельдшерлікті бастапқы тәжірибе үшін өте жақсы жұмыс деп есептейді.
Дәрігерлер халыққа көмегін аямайды. Ал өздері ауыра қалса, тиісті емді ала алмауы мүмкін. Сондықтан медицина саласының қызметкерлеріне әскерилер сияқты бөлек госпиталь болғанын қалаймын. Тұрғындарды емдейтін адамдардың да денсаулығы маңызды. Дәрігерлер болмаса, халықтың денсаулығын кім ойлайды?
Дереккөз: Baribar.kz