Он жыл тұрған үйіне әкімдік таласып отыр

0
179

Түсінікті болу үшін тоқтала кетсек, Тілеулес Әубәкіров 2000 жылы Жібек жолы ауылына осындағы ақсақалдар алқасы келісімімен және ауылдық округ әкімшілігінің шақыруымен молда болуға, отбасымен көшіп ке­леді. Оған иесіз қалған Мал ша­руашылығы үйі мен оның алдын­дағы бір шөкім жері пай­да­ла­нуға беріледі. Үйдің жарты­сын намазханаға қалдырып, екін­ші шағын бөлмесіне отбасымен (алты адам) қоныстанады. Әрі молда әрі күзетші болып жұ­мыс істей бастайды. Кейін әлгі ешкімге керексіз болып қалған үйдің іші-сыртын қал­пы­на келтіріп, көрсе көз тоя­тын­дай етіп жөндеп алады. Көр­ші­ле­рімен бірге алыстан ауыз су тар­ту­ға атсалысады. Сосын ол ғи­ма­ратты адам тұратын қалып­қа келтіріп болған соң, заң­дас­тыр­мақ болады. Мал шаруа­шы­лы­ғы үйі ешкімге керегі жоқ қирап қал­ған иесіз болса да, «Ново-Алек­сандровский» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорация­сын­да тіркеулі болған екен. Олар Тілеу­лес­ке осы үй түбе­гей­лі берілді деп шешім шы­ға­рып, қолына әлгі құжаттың түпнұсқасын ұстатқан.

Өзінің айтуынша, ақсақал сол анықтама негізінде үйін заң­дастырмақ болып әкімдікке барса, олар үйді жекешелендіру құ­­жатын өзіміз жасаймыз, заң­дас­ты­рамыз, сіз алаңсыз мо­лдалық қызметіңізді жүргізе бе­­ріңіз деп шығарып салған. Әлгі ан­ықтаманы да өздеріне алып қапты. Әкімдіктің айтқанына илан­ған қария алаңсыз жүре берген.

Содан Т.Әубәкіров өткен жылы әкімдікке үйді заң­дас­тыр­мақ болып тағы барады. Барса, әлгі өзі тұрып жатқан үй «көптен бері онда ешкім тұрмағандықтан және бірнеше жылдан бері қараусыз қалғандықтан» Ар­ша­лы аудандық сотының 2013 жылғы 20 қыркүйектегі ше­ші­мі­не сай коммуналдық меншікке өтіп кеткенін естиді. Тілеулес ақсақал бұл хабарды естігенде жү­регі сыр беріп, құлап қала жаздаған. Өйткені ол бұл шешім мүлде шындыққа жанаспайды деп есептейді. «Бұл үйде сонау 2000 жылдан бері отбасымызбен тұрып келеміз ғой», дейді қария көзіне жас алып. Оны дәлелдейтін қағаздары да бар екен. Соның бірі – 2017 жыл­ғы 26 қаңтарда Жібек жолы ауыл­дық округінің бас маманы А.Еңсебаева берген анықтама. Онда «Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Жібек жолы ауылдық округі әкімінің аппаратынан 1943 жылы туған Аубакиров Тлеулес Тлеубергеновичке берілді. Ол осы округке қарасты Жібек жолы ауылындағы Қазыбек би көше­сін­дегі №3-үйде тұрады» деп жазы­лып, қол қойылған. Сол сияқты осы ауылдық округтің әкімі К.Ахмадияров та Аубакиров Тлеу­лес Тлеубергенович Жібек жо­лы ауылындағы Қазыбек би көшесіндегі №3-үйде 2000 жыл­дан бері тұрып келеді деп анықтама жазып берген. Үйдің ай сайынғы коммуналдық шы­ғындарын төлеп тұрған түбір­тек­тері де бар. Және бұларды ауыл­да­ғы көршілерінің бәрі біледі.

Ал аудандық әкімдік сотқа «бұл үйде ешкім тұрмайды, қарау­сыз қалған, сондықтан 2013 жылы Аршалы аудандық әділет бас­қармасының анықтамасымен Мал шаруашылығы ғимараты иесіз деп тіркелген» деп, соны бекітуге ұсыныс түсірген. Оған дәлел 2012 жылы 4 ақпанда Ар­шалы аудандық «Вперед» га­­зетінде аталған ғима­рат­­­­­­­тың ие­сі­не іздеу жарияланыпты. Содан бір жыл бойы әліптің артын күткен сыңайлы. Ал бұл жайдан ақсақал мүлде хабарсыз көрінеді. Ол жоғарыда айтқанымыздай, жергілікті билікке сеніп жүрген. Өйткені мұның тұрып жатқанын бәрі біледі ғой. Оның жартылай қирағалы тұрған ғимаратты қайта қалпына келтіріп, жөндеп алғанын да әкімдіктегілер жақсы біледі. Ендеше сол кезде оған үйді алғалы жатырмыз деп неге айтпаған? Егер айтқан болса, яғни Тілеулес ақсақал тұрып жатқан баспанасынан айырылғалы тұрғанын білгенде, алдын ала қимылдар еді ғой. Алғашқы сот отырысында да Тілеулес ақсақалдың қатысуынсыз шешім шығарылған.

Тілеулес ақсақал бұл бас­па­­н­а­ның барлық ком­му­нал­дық шы­ғын­дарын уақтылы төлеп отырды. Заңға қарсы әре­кет жасаған жоқ. Кезінде біл­мес­ті­гі­н­ен сеніп қалып, енді зардап шеккен жанды бір-ақ күнде баспанасынан айырып, далаға шығарып тастау адамгершілікке жата ма?

Содан ауданда бірнеше сот отырысы өткен соң Тілеулес ақ­сақал облыстық сотқа қайта жү­гінеді. 2018 жылы 9 тамызда өткен Ақмола облыстық сотының аза­маттық іс жөніндегі сот алқасы Ар­шалы аудандық сотының 2013 жылғы 20 қыркүйектегі ше­шімінің күшін жояды. Сот Тілеулес Әубәкіровтің құқы бұ­зыл­­ғандығын атап өтеді. Бірақ… Иә, бұдан кейін 2018 жылдың 26 желтоқсанында өткен Аршалы аудандық соты болған жайдың бәрін қайта сараптай келе, Азаматтық кодекстің 240-бабына сілтеме жасап, яғни ақсақалдың иесі жоқ жылжымайтын мүлікті заңда көрсетілген жеті жыл мер­зімнен аса уақыт иеленіп кел­генін атап көрсете тұра, Ті­леу­лес Әубәкіровтің жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тану туралы арызын қайтадан қанағаттандырмады.

Міне, осылайша осыншама жыл бұл ғимаратты жөндеп, үй қалпына келтірген кезде Ті­леу­лес ақсақал отбасымен далада қалайын деп тұр. Ол үйді өз атына жекешелендірмек түгілі, басқа да баспана алуға еш мүмкіндігі жоқ.

Александр ТАСБОЛАТ,

«Egemen Qazaqstan»,

Абдулмахмут ПОШАТАЕВ,

заңгер

Дереккөз: http://egemen.kz/