Азан айтылған кезде тыңдаушы не істеу керек?
Азан тек азаншылармен шектелетін құлшылық емес. Сондықтан да азанды естіген әрбір адамға қатысты бес сүннет амал бар. Олар:
1. Азаншының соңынан ілесіп, азан сөздерін қайталау. Әбу Сағид әл-Худри (р.а.): «Егер азан үнін естісеңдер, азаншы айтқан сөздерді қайталаңдар[1]», – деген риуаят жеткізген.
Тек «Хайа ъаләс-солә және хайа ъаләл фәләх» (мағынасы: Намазға асық, мәңгілік бақытқа асық) сөздерінен кейін «Лә хәулә уә ләқууәтә иллә билләһ», – деп айтуы қажет. Мұғауия бин Әбу Суфиян (р.а.) «Хайа ъаләс-солә» сөзін естіген кезде «Лә хәулә уә ләқууәтә иллә билләһ» деп, мұны Пайғамбарларыңнан (с.ғ.с.) естідім[2]», – деген екен;
2. Азаннан кейін Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту. Абдулла бин Амр (р.а.): «Сосын маған салауат айтыңдар. Өйткені, маған салауат айтқан адамға Алла он салауат береді[3]», – деген хадисті баяндайды.
3. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ең жоғарғы дәрежені сұрау. Хадисте: «Сосын мен үшін ең жоғары дәрежені сұраңдар. Ол –жәннаттағы мекен. Ол тек Алла құлдарының біріне берілетін. Сол пенде менмін деп үміт етемін. Кімде-кім маған ең жоғары дәрежені сұраса, оған шапағат беріледі…[4]», – деп айтылған.
4. Таухид кәлимасын айту. Сағд бин Әбу Уәққас (р.а.): «Кімде-кім азан естіген кезде: «Әшһәду әллә иләһә иллә Аллаһу, уахдаһу лә шәрикә ләһ. Уәәннә Мұхәммәд ъабдуһу уә расулуһ» (Алла Тағаланы Раббым деп, Мұхаммедті Елші деп, Исламды дін деп разымын)десе, оның күнәсі кешіріледі», – деген хадисті риуаят етеді.
5. Азаннан соң дұға-тілек жасау. Абдулла бин Амрдан (р.а.) риуаят: «Бір кісі келіп: Уа, Алла елшісі! Азаншылар бізден артық болуда, – дейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Олар айтқан сөзді қайтала, біткен соң сұра (дұға жаса), тілегенің беріледі[5]», – деген.