Кәсіпкерлердің борышын кешірудің механизмін әзірлеп жатырмыз – қаржы министрлігі
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев Елбасы Жолдауындағы тапсырманы орындау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Оның айтуынша, салықтың амнистияның игілігін 90 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі көреді.
«Бұл – қазіргі таңда қарызы бар заңды тұлға және шағын және орта бизнес өкілдері. Олардың қарызы – 340 млрд теңгені құрайды. Егер олар қарызын (негізгі қарыз -210 млрд теңге) уақытында төлесе, біз акция аясында 122 млрд теңге үстеме ақы мен 7,3 млрд айыппұлды кешіреміз», — деді ол Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте.
Осы орайда Марат Сұлтанғазиев акция аясында кәсіпкерлердің қарызын кешіру механизмі әзірленіп жатқанын жеткізді.
«Қазіргі таңда біздің комитет үстеме ақылар мен айыппұлдарды кезең-кезең бойынша кешіру мезанизмін және мемлекеттік кірістер органының әрекетін анық түсіндіру бойынша ережелер әзірленіп жатыр. Ол (ереже – автор) министрдің (қаржы министрінің – автор) бұйрығымен бекітіледі. Аталған бұйрық Әділет министрлігінде тіркеліп жарияланған соң, заңды күшіне енеді», — деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, аталған тізімге енген барлық салық төлеушінің жеке кабинеттеріне негізгі қарызды төлеген кезде, қанша қарызы кешірілетіні туралы электронды хабарлама жіберіледі, ал кабинеті жоқтарға 1-қаңтардан бастап, почта арқылы жіберіледі.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ