85 заң жобасы қабылданды | «Айқын» газеті

0
101

Мәжілістің биылғы соңғы жалпы отырысын өткізген Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин сессия басталғаннан бергі төрт айда атқарылған жұмысты қорытындылады. Мәжіліс спикері депу­таттық корпус өз жұмысында ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сессия ашылуында және биылғы Жолдауында берген тапсырмаларын басшылыққа алғанын атап өтті.

2018 жылғы қыркүйек айында Пар­ламенттің IV сессияcын ашқан Мем­лекет басшысы еліміздің одан ары орнықты экономикалық-әлеуметтік дамуын сапалы заңнамалық қамтамасыз ету қажеттілігіне баса назар аударған болатын. Ел Президентінің тапсыр­масын жүзеге асыра отырып, Мәжіліс депутаттары ағымдағы сессия бастал­ғалы бері 82 заң жобасын жұмысқа қа­былдап алды. Қазіргі кезде оның қы­ры­ғы қаралып, мақұлданған. 21-не Елбасы қол қойып, олар заңдық күшіне енді.
– Бұл ретте депутаттар Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша бірінші кезекте, барлық қазақстан­дық­тардың өмір сүру сапасын жақсартуға және елдің әл-ауқатын арттыруға ба­ғыт­талған заң жобаларына баса мән берді, – деді Нұрлан Нығматулин.
Спикер төртінші сессияның алғаш­қы күнінен депутаттық корпустың қар­қынды жұмыс жасағанын айтты. Со­нымен бірге, ол алда парламентшілерді Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша анағұрлым ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын нықтады.
– Осы сессиядағы жұмыс басталғалы палата 7 Үкімет сағаты, бір Парламент тыңдауы, Мәжіліс комитеттерінің 7 көш­пелі отырысын, 3 халықаралық кон­фе­ренция өткізді. Бұған қоса, сайлау­шы­лармен жұмыс істеу, тиімді кері байланыс орнату біз үшін өте маңызды, – деді Мәжіліс төрағасы.
Төртінші сессияның төрт айында қа­лаулылар құзырлы мемлекеттік орган­дарға 95 депутаттық сауал жолдаған екен. Сонымен қатар Нұрлан Зайрол­ла­ұлы Президенттің биылғы 5 қазандағы Жолдауы жария етілгеннен кейін, Мәжіліс депутаттары халықпен кездесу үшін бірден өңірлерді аралауға шығып, осынау тарихи құжаттың басты міндет­терін жұртшылықпен бірге талқыла­ғанын еске салды.
– Бүгінде Мәжіліс қарауында тағы да 40-тан астам заң жобасы бар. Осы құ­жаттардың барлығын сессия соңына дейін жан-жақты пысықтап, жоғары сапада қабылдауымыз қажет. Себебі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тап­сыр­маларын сапалы заңдармен қам­тамасыз ету – басты мақсатымыз. Сондықтан барлық фракция депутат­ы әдеттегідей бірлесіп, тиімді, бел­сенді және нәтижелі қызмет атқаруымыз керек, – деді палата спикері.
Сөз соңында Нұрлан Нығматулин әріптестеріне белсенді және бірлескен заңнамалық қызметі үшін алғысын білдіре келе, келесі жылы барлық ­фрак­цияның, барша қалаулының өзара үйлесімді әрі кәсіби жұмы­сы арқасында Мәжіліс Мемлекет басшы­сының стра­тегиялық бағытына сапалы және тиімді заңнамалық қолдауды қамтамасыз етеріне сенім білдірді.
Тұтастай алғанда, төртінші сессия ашылғалы Мәжіліс депутаттары өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мәселелерін шешуге, кепілдендірілген медициналық көмектің жаңа моделін енгізуге, мем­лекеттік сатып алу және квазимемле­кеттік сатып алу мәселелеріне қатысты жаңа заң жобаларын мақұлдады. Бұдан бөлек, «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасын құптады. «Кинема­то­графия туралы» тұңғыш салалық заң жобасы да қалаулылар тарапынан қолдау тапты. Депутаттар бекіткен еліміздің басты қаржылық құжаты – «2019-2021 жыл­дарға арналған рес­публикалық бюджет туралы» заң жо­басы Елбасы Жол­дауын жүзеге асы­руды толыққанды қар­жы­лан­дыруға жол ашады. Мәжіліс төр­ағасы Н.Нығ­матулин бұл құжатты талқылау ба­ры­сында бөлінген бюд­жеттік қар­жы­ларды тиімді игерудің маңызына, әрбір тиынның мақ­сатты түрде қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатын көтеруге қызмет етуі тиістігіне тоқталды.
Спикер әрбір заң жобасы Мәжілісте қызу талқыға салынып, мұқият қаралып, халықтың игілігіне айналуы керектігін атап өтті. Қазіргі уақытта Мәжіліс де­пу­таттары тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық, мемлекеттік қызметтер көрсету, агроөнеркәсіптік кешенді реттеу және басқа да салаларға қатысты жаңа заң жобалары бойынша жұмыс істеуде.
2019 жылы депутаттардың заңшы­ғарушылық жұмысы оқушылар мен мұғалімдердің жүктемесін төмендету, экология мәселелері бойынша заңна­маға өзгерістер енгізу бағыттарына да шоғырландырылады. Сонымен бірге, бизнес ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу, туризм мәселелері де басты назарда болады.
Мәжіліс осы жылжабар отырысында тарихи тағы бір құжатты – «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы» конвенцияны ратификациялау туралы» заңының жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады.

Дереккөз: Айқын