ДЕМОКРАТИЯНЫҢ БАСТЫ ДіҢГЕГІ | «Айқын» газеті
Сенат жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиынға Жоғарғы палата депутаттары, Қарағанды облысындағы мәслихат хатшылары, ауылдық округ әкімдері, министрліктер мен мекемелердің өкілдері қатысты.
Сенат төрағасының орынбасары Сергей Громов жергілікті өзін-өзі басқару – қазіргі заманғы демократияның басты діңгегі екеніне назар аудартты. Елбасы «Қазақстан–2050» Стратегиясында мемлекеттілікті нығайту және қазақстандық демократияны дамыту мақсатында басқарудың ара-жігін ажырату жөнінде міндет қойды.
Осы орайда вице-спикер 6 жыл бұрын Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы бекітілгенін, онда еуропалық жергілікті өзін-өзі басқару хартиясында белгіленген муниципалды демократия мен муниципалдық басқарудың жалпыға ортақ құндылықтары мазмұндалғанын атап өтті. Тұжырымдаманы іске асыру үшін Парламент жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттігін айқындауға, сондай-ақ олардың қаржылай дербестігін кеңейтуге бағытталған бірқатар заңдарды қабылдады.
Отырыс барысында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру мәселелері талқыға салынды. Осы саладағы Қарағанды облысында атқарылған шаралар мысалға алынды.
Сенат басшысының орынбасары 2016 жылы құрылған Қоғамдық кеңестердің ерекше рөліне тоқталды. Мемлекеттік емес осы ұйымдар қоғамның мемлекет істеріне ықпал етуі тұрғысында ұйымдастыру мүмкіндіктерін жүзеге асырады және қабылданатын мемлекеттік шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ететін консультациялық кеңесу және байқау органы ретінде қызмет атқарады.
«Мемлекет басшысы Ұлт жоспары аясында мемлекеттік органдар мен әкімдер жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін нығайту туралы міндетті алға қойды. Сондықтан қоғамдық кеңестердің қызметін талқылаудың маңызы зор, олар мемлекеттің және қоғамның негізгі талап-тілегі мен мүдделерін білдіреді», – деді С.Громов.
Жергілікті мемлекеттік басқаруды дамыту мәселелерін талқылай келе, кеңес мүшелері жергілікті өзін-өзі басқару реформаларын жүзеге асыру жұмыстарын жетілдіру жолындағы өзекті мәселелерді қарады және үкіметке, уәкілетті органдарға, Парламент депутаттарына ұсыныстар әзірледі.
Айхан ШӘРІП
Дереккөз: Айқын