Бес рет беті ашылған келін тойға бір күн қалғанда сұлулық салонында ұсталды
Жиен келініне алданған Райхан Жұманова мән-жайды басынан бастап баяндап берді.
«Жиенім үйленіп, туған әпкем келін түсірді. Қыз бен жігіт болып 1,5 ай сөйлескен. Бұдан бұрын некесі барын білмедік. Алып қашып келген соң үлкен тойды 1,5 айдан соң жасайтын болдық. Түскен кезде ауқымды етіп беташар жасадық. Үлкен тойға бір күн қалғанда бізден алдын келін боп түскен адам хабарласты. «Сендерге түскен келін бәрін сан соқтырып жүр, сендерді де сол жағдайға жеткізбей тұрғанда ертерек қолға алыңдар» деді. Бірден секем алып, шок болдық. Себебі тойдың бүкіл дүниесі дайын еді. Әпкем қыздарын, абысындарын жинап, ауданға барып ақылдасады. Сөйтіп, тойдың алдын салонға барған сәтінде полиция қызметкерлеріне хабарлап, солар алып кеткен. Бірақ қазір бостандықта жүр. Негізі әуел бастан ұлтын, төлқұжатын жасырды. Некеге де тұра алмады. Бәрін жасырады. Бізге дейін төрт рет беті ашылған екен. Біз қалың малға 1 млн теңге бердік. Енді алданып отырмыз», – деді Райхан Жұманова.
Қызылордалық Ғазиза Мәмбетова да осы келінге алданғандарды бірі. 5-6 млн теңгеге той жасап, қалың малына 1 млн теңге берген ол бүгін де берген ақшаларының өтемін талап етіп отыр.
«Жазда біреу қоңырау шалып, «сіздің келініңіз тағы да беті ашылайын деп жатыр екен ғой» деп айтты. Шошып кеттім. «Мен сияқты тағы бір ананы сорлатайын деген ғой» деп ойлап, бірден тойханадан той иесінің нөмірін сұрап, барлық жағдайды айттым. Факт бойынша негізі үшінші енесі сияқтымын. Балам сөйлесіп жүрген қызын көрсетті. Сосын бірден анасымен танысып, сөйлестім. «Ұзатуға шамам келмейді, алам десеңдер той жасасаңыздар» деді. «Бұрын қызың тұрмыс құрмап па еді» деп сұрадым. «Қызым қылықты, сұлу болғандықтан екі рет алып қашып кетті, бірақ босағаға жеткізбедік» деді.
«Елдің беріп жатқан қалың малын беріңіз» деді. Сосын 1 млн теңге бердім. Кейін Түркістанда беташарымен қосып, үлкен той жасадым. 5-6 млн теңгедей шығын кетті. Некесін қидыртайық десек, төлқұжатын көрсетпейді. Күйеуім екеуміз вахтада жұмыс істейміз. Үйленген соң үйде балам екеуі қалған. Сол кезде балам Әселдің телефонынан «мен сенің бетпердеңді ашамын» деп жазылған хабарламаны көреді. Күмәнданып, маған сол жазған адамның нөмірін жіберді. «Мама, хабарласып көріңізші» деп айтты. Сөйтсем, «апа, алып отырған келіңіздің өткенін білесіз бе? Біріншісінде өзбекке шықты, екінші рет бізге келін болып түсті» деді. Шокта болдым. Жұмыста болғандықтан шыға алмадым да, ауылдағы қайынапама айттым. Ол үйге барды. «Иа, онда тұрған не бар, нешеуіне тисем де өзім білемін, маған Нұрдаулет ұнамайды, кетемін» деп киімін жинай бастапты. «Қала ғой, ата-енең келсін, сөйлесейік» деп айтса, пышақ ала жүгіріпті. Сосын полицей қызметкерін шақырып, сол алып кеткен», – деді Ғазиза Мәмбетова.
21 жастағы бес рет беті ашылған, бірнеше отбасыны алдаған Әселді «Көреміз» ұжымы Түркістан облысынан тапты. Жақында тағы да бір отбасының келіні атанған. Мұндағы отбасы да қалың малға деп 1 млн теңге берген.
«Бәрін де танимын. Олар мені алып қашып кетті. Ұнатпадым оларды. Қазір анам келсін, сосын сөйлесеміз», – деді Әсел.
Әселдің анасы бағдарлама ұжымына оқиғаның барлығы рас екенін айтып, ағынан жарылды.
«17 жасында алып қашып кетті, одан қайтып келді. Одан кейін Темір деген жерге алдап алды. 16 жас үлкен жігітке шықты, 2 күннен көп тұрды. Өзім таңдағаныммен, ауылдық жерде тұра алмадым. «Кетем» дегесін алып кеттім. Келінтөбеден танысыма тұрмысқа бердім. Бірақ ұнатпады, қайтып келді. Осы жазда Жетісайға қашып кетті. «Жақсы көремін» деді. Сосын жаңағы бұрынғылар өткенін айтып, ажырастырды. Содан қайтып келді», – деді анасы.
«Көреміз» ұжымы бұл оқиғаны жіті бақылауда ұстайтынын айтты.