«100 мың теңге»: Ұлттық экономика министрі коммуналдық төлем үшін айына қанша төлейтінін айтты
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бүгін үкіметтегі брифингте коммуналдық төлемдері айына қанша шығатынын айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкіметтегі брифингте ұлттық экономика министріне елде тарифтердің күрт өсіп кеткені туралы сұрақ қойылды, ол осы салада тәуелсіз аудит жүргізіледі деп жауап берді.
Оның сөзінше, коммуналдық қызмет саласындағы инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған инвестиция орынды ма және тарифтерді көтеру дұрыс па, сол тексеріледі.
«Мұның қаншалықты дұрыс болғаны туралы сұрақ көп. Сол себепті біз тәуелсіз аудит жүргізіп, бұл инвестициялар жаңарту үшін, жылумен немесе электрмен жабдықтау үшін қаншалықты қажет екенін тексергіміз келеді. Екіншіден, тарифтер қазіргідей кенет көтеріліп кетпес үшін тарифтік жүйе жасағымыз келеді. Бұл кезекпен және баяу болуы керек», – дейді Нұрлан Байбазаров.
Сонымен қатар журналистер министрден “коммуналдық бағаның өскенін түбіртектерден байқадыңыз ба және ай сайын қанша төлейсіз” деп сұрады.
«Нақты айта алмаймын, 100 мың теңге шамасында екенін білемін», – деді министр.
Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Алматының құны қанша екенін мәлімдеді.