Мәжіліс депутаты көзі ойылған көсемдердің суреті бар жейделерге ашуланды
Жүрек ауруымен емханаға түсіп қалып, есімізді жиған соң, интернетті бір қарап шыққаннан-ақ, бірден жүрек ауыртар жәйтке тап болдық…
Белгілі қоғам белсендісі Алма Сайлауқызы фейсбуктағы өз парақшасында жариялаған «ТОПАСТЫҚ пен НАДАНДЫҚ» атты жазбасында Алаш арыстарының көздерін ойып алып тастаған бейнелерін жейделерге салып шығарып жатқан дүкен иелерін өткір де, әділ сынапты.
Иә, «Qulan.kz онлайн киім дүкені алаш арыстары Мағжан Жұмабайұлы, Шәкерім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлдарының суреттері бар жейделерді сатып жатыр. Киімдер «Бес арыс» коллекциясы деп аталады, – деп жазады malim.kz сайты тілшісі Олжас Қасым.
Тілшінің жазуынша, көзі ойылған Алаш қайраткерлері бейнеленген жейдені өзінің оқушысының үстінен көрген тарих пәнінің мұғалімі Айдос Жанатұлы да, Алаш арыстарын дәріптеп жүрген Ернат Мелсұлы да бұндай қорлыққа жол бермеу керектігін кесіп айтады.
Осы дүкеннің жауапты маманы Алтынай Қанат есімді азаматша бұдан ешқандай да әбестік көрмейді екен!
– Алаш арыстарының көзсіз бейнесін жейдеге салып, сатылымға шығарыпсыздар. Неліктен мұндай әрекетке бардыңыздар?, – деген тілші сұрағына:
– Біз қазақи бренд болсақ та, шариғатпен, мұсылман дінін ұстанып киімдер сатамыз. Исламда, шариғатта айтылған. Көзі бар заттар харам болып есептеледі. Ондай көзі бар заттарды салуға болмайды. Сол сияқты адамның беті, көзі бейнеленген суреттерді сатуға болмағандықтан, біз олардың көзін алып тастадық, – деп жайбарақат жауап беріпті…
– Осы өнімді шығарар кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рұқсатын алдыңыздар ма?
– Иә, мүфтияттың келісімімен жасалған заттар оның барлығы. Қандай дизайн жасап шығаратын болсақ та, бірінші мүфтияттан сұрап, келісімін алып жатамыз. Бұл шариғатта дұрыс деп айтылған ба, соған қарап шығарамыз, – дейді Алтынай Қанат.
Алаш арыстары бейнесінің қорлыққа ұшырауына қарсы шыққан Олжас Қасым бауырымыздың жазуынша, Qulan.kz онлайн киім дүкені парақшасында 9 қыркүйек күні Алаш қайраткерлерінің түпнұсқа суреттерін алып, олардың көзін монтажбен қалай ойып жатқанының видеосы салынған.
Видеоның өзін көру былай тұрсын, мынадай жазбаны оқудың өзі өте ауыр! Әрине, жүрегі барларға…
Мұндай бейбастақтыққа жаны күйген Алма Сайлауқызы да Діни Басқарма мен Дін істері комитетіне сауал жолдап, «Мынау санасы соқырлар кімнің көзін құртқысы келіп жатыр? Алаш рухы оянып жатқан дүйім жұртты осылай пайдаланып, харам ақша таппақшы ма?», – дейді қатты наразылық танытып.
Иә, сатылып жатқан киімдерге Алаш арыстары Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек, Ілияс, Бейімбет, Сәкендер секілді тұлғаларымыздың көзін ойып алып тастап бейнелеуі қаны бардың қанын қайнататын масқара ғой!
Нағыз «Шыққыр көзім не көріп тұр?» дегізетін сорақылық бұл!
Заңғар тұлғаларымызды зағип етіп, «Соқырлар қоғамына мүше етіп кіргізіп жібергендер кімдер?
Qulan.kz онлайн киім дүкенінің мұндай масқаралығына кім рұқсат берген!
Бұлар діни көзсіз соқыр екен, ал бақылауға, рұқсат беруге тиісті органдардың
да көздері соқыр ма?
Бұндай халық көкейіндегі сұрақтарға жауап берген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы баспасөз хатшысы, белгілі журналист Ағабек Қонарбайұлы Qulan.kz онлайн киім дүкені өкілінің сөзін жоққа шығарады:
– Мұндай киімдер жеке кәсіпкерлердің сату мақсатында жасап жатқан дүниелері болуы мүмкін. Алайда ұлт қайраткерлерін бұлай мансұқтауға болмайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алаш арыстарының көзі жасырылған киімдерді шығарып, сатудың дұрыс емес екенін мәлімдейді. Шариғатта тірі жанның көзін салмай, бейнесін ғана салуға болады деген пәтуа жоқ. Мүфтият бұған қатысты пәтуа шығарған емес. Арыстарымызды бұлай «дәріптеуге» жол берілмеуі тиіс. Ел үшін жанын пида еткен Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек секілді қайраткерлеріміздің асыл бейнелерін қорлауға болмайды. Мұндай әрекеттер – ұлт қаймақтарына деген құрметсіздік, – дейді Діни басқарма өкілі.
КӨЗІМІЗДІ АШҚАН КӨСЕМДЕРДІҢ КӨЗІН ОЙЫП АЛЫП, КӨЗДЕГЕН МАҚСАТЫНА ПАЙДАЛАНУ – КӨЗСІЗ КӨРСОҚЫРЛЫҚ!
Сол дүкен иелерінің өзін немесе әке-шешесінің солай көзін ойып алып, жейделерге салып саудаға шығарса, қалай болар еді? Оған өлсе де бармас еді олар?!.
Бұл Ұлттың көзін ашқан Ұлылардың көзін ойып алып, халыққа шығару – Ұлты үшін құрбан болған тұлғаларды екінші рет өлтіру!
Біріншісі – бұдан бір ғасырдай бұрын Алаш арыстарын түгел атып – асқан Кеңес Одағының қандықол жендеттерінің жауыздығы еді!
Екіншісі – сол Алаш арыстарының өздері армандаған Тәуелсіздіктің 31 жылында діни көрсоқыр ұрпақтары топастықпен өлтірді!!!
Бұлар бұндай таснадандығымен, ақша үшін ар-намысты аттап, таптап өтіп, қасиетті дініміздің атына кір келтіріп отыр.
Мемлекеттік тиісті органдар мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай сауданың көзін Ұлт ұлыларының көзін ойып алумен тапқан пайдакүнемдерге шұғыл тойтарыс беріп, тоқтатып, жауапқа тартуы тиіс!
Қазыбек ИСА
Автордың пікірі редакция көзқарасын білдірмейді