Диас Нұрақын: «Алматы жастарын» алалаған кім?

0

Журналист Диас Нұрақын facebook парақшасында «Алматы жастары» бағдарламасында заң бұзушылықтар болғанын хабарлады.

Кеше осы бағдарламаға іліккендердің тізімі шықты. Ең қызығы 0 балл алғандар іріктеуден өтіп кетіпті. Бұл дегеніңіз жұмысқа тұрғанына жарты жыл болмаған, еңбек өтілі 0, бала-шағасы жоқ, отбасын құрмаған сүр бойдақтар деген сөз. Ал, керісінше он жылдан астам стажы, 2-3 баласы бар, 30 балл жинағандар өз аты-жөндерін тізімнен таба алмай шарқ ұруда.

Мұның астары мынада:
Құжат тапсыру кезінде пәтер алуға шансы көптердің (баллы жоғарылар) ұпайы ұрланған. Яғни бірыңғай электронды порталға салынған құжаттар өздігінен жоғалды. Біреудің неке туралы куәлігі, екіншінің балаларының туу туралы куәлігі дегендей. Сол себепті баллы кеміп қалған. Ал, кейбірінің мамандықтары қасақана өзгертілген. Мәселен дәрігерлер журналистердің, мұғалімдер спортшылардың қатарында жүр. Олар да осы қолдан жасалған қателік үшін пәтерден қағылды.

Бұлай істеу кімге керек?
«Алматы жастары» бірнеше жылдан бері бизнеске айналып кетті. Осы бағдарламаның басы-қасында жүргендердің мұртын майласаң, пәтер алдым дей бер. Таныстарымнан іріктеуден өткізіп беру үшін 300-500 мың теңге сұрағандарды білемін. Сол пысықайлар тамыр-таныссыз пәтер алуға мүмкіндігі жоғарыларды әдейі аяқтан шалып, құжаттарын жоғалтып, жаңағыдай 0 балл алғандарды өткізіп жіберуде. 1-2 балл жинаса да тізімге іліккендерді көрдім. 35-40 балмен жер тепкілеп қалғандар да жекеме жазып жатыр. Сондықтан Алматы қаласының прокуратурасы бұл бағдарламаның әділетті өткенін тексеруі тиіс деп ойлаймын.
Алматы қаласының әкімдігі жап-жақсы бағдарламаны саудаға салып, қызметін асыра пайдаланған жауапты шенеуніктерді жазалауы керек. Сондай-ақ 0 балл алғандардың тізімге қалай кіріп кеткенін түсіндіріп берсеңіздер?