Болат Назарбаевты айыптаған кәсіпкер Әбдіғаппаров 7 жылға сотталды

0
1086

Сот кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаровты AV Construction ЖШС компаниясынан 840 млн теңге ұрлау ісі бойынша айыпты деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейінгі болған сот отырысында прокурор кәсіпкерге осындай мерзімге жаза қолдануды сұраған еді.

Мемлекеттік айыптаушы сондай-ақ жәбірленушілердің азаматтық талап-арызын ескеріп, 400 млн теңге шығынды өтеуді сұрады.

Соттың сейсенбі күнгі шыққан шешімі бойынша кәсіпкер  жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады, сондай-ақ ЖШС пайдасына 418 млн 640 мың теңге өндіріп алу, мемлекетке қатысты 12 млн теңге өндіріп алу көзделген.

Кәсіпкерге тағылған айып

Алматылық танымал кәсіпкердің ұсталғаны туралы өткен жылдың 27 шілдесінде белгілі болды. Ол серіктестерімен бірге виллаларды сату кезінде 420 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінген.

Алматыда қамауға алынған танымал кәсіпкердің жақындары сот қаулысымен мүлдем келіспеген. Алмас Әбдіғаппаровтың әйелі  Ольга Әбдіғаппарова тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінген.

Сондай-ақ Ольга Әбдіғаппарова күйеуінің Болат Назарбаевтан қысым көргенін айтқан. Бұған дейін өткізген баспасөз мәслихатында ол Танымал «Esentai City» жобасы Болат Назарбаевтың адамдарының назарына ілінгенін айтқан.

“Менің күйеуімді 2016 жылы Б.Назарбаевтың «оң қолы» Каспаев Елдос пен Құндыз Назарбаеваны құралтайшылар ретінде алуға мәжбүр етті. Осы адамдар тарапынан шамамен 40 млн доллар сомасында қаражат шығарылды, бұл үлескерлер алдында жылжымайтын мүлікті уақтылы тапсыру бойынша міндеттемелердің орындалмауына әкелді. Бұлар компанияға бір тиын да үлес қоспағандар”, – деген Әбдіғаппарова.

Әбдіғаппарова күйеуін Болат Назарбаевтың адамдары ойлап тапқан айып бойынша қамауға алғанын айтып келген.

Әбдіғаппаровтың адвокаттары Esentai City жобасының құрылтайшылар кеңесінде болған Болат Назарбаевтың қызы Құндыз Назарбаев пен оның ұлынан да жауап алуды ұсынған. Заңгерлердің сөзінше, Құндыз Назарбаева жобадан шыққан соң Әбдіғаппаровтың үлесі 3,5 миллион долларды құрағанына қарамастан 11 вилла (әрқайсысы 3 миллион доллар тұрады), жалпы ауданы 2700 шаршы метр болатын ондаған пәтер мен автотұрақ алған. Мұнымен қоса жоба мүшелерінің үлестері бірдей болғанымен, жобадан шығар уақытта алған үлестерінде 20 пайыз айырмашылық болған.