Назарбаевтың астанадағы аралы. Жайлаудағы резиденция. Жекеге өткен Үшқоңыр

0
87

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары – елдегі ең ауқатты әулет. Азаттық жаңа зерттеуінде астанадағы бұрынғы мемлекеттік резиденциялар мен Алатау баурайындағы Үшқоңыр жайлауының мыңдаған гектар жерін Назарбаевтар әулеті қалай иеленіп отырғанын анықтады.

Нұрсұлтан Назарбаев астананың бас архитекторы деп насихатталады. Өзі де соны жиі сөз етеді. Президенттіктен кеткен соң оның есімі берілген қалада кейінгі 20 жылда өте көп ғимарат салынды. Оған мемлекеттің миллиардтаған доллар қаржысы құйылды. Астананың символына айналған әдемі ғимараттармен қатар Есілдің бойында аса қымбат коттедждер, резиденциялар пайда болды. Оның бірегейі және ерекше қорғаудағысы – Назарбаевтар әулетінің Жасыл арал мен оның айналасындағы сарайлары.

Нұр-Сұлтанда Есіл өзеніндегі жасанды Жасыл арал.
Нұр-Сұлтанда Есіл өзеніндегі жасанды Жасыл арал.

ҚАРАУЫЛДАҒЫ ЖАСЫЛ АРАЛ. НАЗАРБАЕВТЫҢ ҰЛДАРЫНЫҢ ҮЙЛЕРІ

Жасыл арал Есіл ауданы мен Алматы ауданы шектескен тұста орналасқан. Ақорда мен Елбасы кеңсесіне жақын. Арал мен бұл екі ғимаратты тікелей жалғайтын жол да бар. Бұл жол Есіл өзенінің бойындағы президент саябағының ішіне төселген.

2004 жылы Қазақстан президентінің бас резиденциясы – Ақорданың құрылысы аяқталды. Сол уақытта Тельман ықшамауданында Есілдің арнасы екіге бөлініп, жасанды арал пайда болды. Оған Жасыл арал деген ресми атау берілген.

Жасыл арал аумағы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев әулетінің меншігінде.
Жасыл арал аумағы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев әулетінің меншігінде.

Аралдың аумағы кадастр базасына бес учаскеге бөлініп енгізілген. Жиыны 118 341 шаршы метр, яғни, 12 гектарға жуық жер. Онда бірнеше үй орналасқан. Жері мен сарайдың ауқымы жөнінен ең үлкен бөлігі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа 2007 жылы сыйға берілген. Бұл участок жер кадастры жүйесінде 21-320-087-397 нөмірімен тіркелген. Жылжымайтын мүлікті экс-президент биыл Қаңтар оқиғасынан кейін Тауман Нұрсұлтанның атына сыйға тарту шартымен аударып берген. 2000 жылдардың аяғында тәуелсіз басылымдар Нұрсұлтан Назарбаев пен оның «үшінші әйелі» Әсел Құрманбаеваның «Тауман және Бәйкен деген екі ұлы бар» деп жазған. Экс-президент содан бері бұл ақпаратты растаған да, теріске шығарған да жоқ.

Жасыл аралда теннис корты, тікұшақ қонатын алаңқай және қосалқы нысандар бар. Аралдың өзге учаскелері бұрынғы президенттің інісі Болат Назарбаевтың отбасына қарайды. Ол да Қаңтар оқиғасынан кейін атында тұрған үлкен жер телімін ұл-қызы Нұрбол, Құндыз Назарбаевтарға өткізіп берген. Мүліктердің жеке меншік құқығы Жаннат Назарбаева деген адамның атына да жазылған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл үйде тұратыны һәм тұрмайтыны белгісіз. Дегенмен аумаққа күзет қойылған. Осы журналистік зерттеу барысында Жасыл аралға өтпек болдық. Ішкі істер министрлігінің күзет патрулі тоқтатып, оператор екеуіміздің құжатымызды тексерді. Әуелі Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері келетінін ескертті де, кейін жұмысымызды жалғастыруға рұқсат берді. Заң бойынша, экс-президент Назарбаев тұратын үйді мемлекеттік күзет қызметі қарауылдайды.

Президенттің іс басқармасы осы аралдың құрылыс салынбаған, қоршалмаған бөлігінен үш гектардан астам жерді бөліп алған. Бұл – Нұр-Сұлтан қаласы жер қатынастары басқармасы геопорталының дерегі. Бөлінген жерді резиденция деп атап, Іс басқармасын құрылыс салушы деп көрсеткен. Басқарма біз жолдаған ресми сауалға «Сіз жазған жасанды аралдағы жылжымайтын мүлікке Іс басқармасының қатысы жоқ, ол жақтағы тұрғын үй құрылысына қаржы бөлген емес» деп жауап қайырды.

Бұрын Қазақстан президентінің "Нұра" резиденциясы аталған, қазір жеке меншікке өткен сарай. Аумақ ішіндегі сарайдың екеуі экс-президенттің өзіне, біреуі Бәйкен Нұрсұлтанға қарайды.
Бұрын Қазақстан президентінің «Нұра» резиденциясы аталған, қазір жеке меншікке өткен сарай. Аумақ ішіндегі сарайдың екеуі экс-президенттің өзіне, біреуі Бәйкен Нұрсұлтанға қарайды.

Жасыл арал жасалып жатқанда онымен іргелес, өзеннің екінші жағасындағы учаскеге зәулім сарай салынып, айналасы безендірілген. Жеті жыл бұрынғы ресми құжаттарда бұл аумақ Қазақстан президентінің «Нұра» резиденциясы деп аталған. Қазір бұл жылжымайтын мүлік Назарбаевтың меншігінде.

21-320-135-1753 кадастр нөмірімен тіркелген зәулім сарай экс-президентке «Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекция» компаниясы арқылы қарайды. Ал бұл компанияға «Елбасы» қоры иелік етеді. Қордың құрылтайшысы – Нұрсұлтан Назарбаев.

Көлемі бұдан сәл кішірек қасындағы екінші үй де «Елбасы» қорына қарайды. Оның іргесіндегі үш гектар учаске мен сұр шатырлы үй Бәйкен Нұрсұлтанның атында тұр. Мүлік 2017 жылы сыйға тарту шартымен берілген. Айтылған үш үйдің аумағы бірге қоршалған. Бәріне ортақ тікұшақ алаңы бар.

АРАЛДЫҢ АЙНАЛАСЫНДАҒЫ САЛТАНАТТЫ САРАЙЛАР

Жасыл аралдың айналасында 2010 жылдан бастап құрылыс көбейді. Қаз-қатар тұрған сәулетті коттедждердің VIP-қалашығы пайда болды. Оның ішінде экс-президенттің немере інісі, қазір қамауда отырған Қайрат Сатыбалдының сарайы ерекше көзге түседі. Аумағы да үлкен. 31 691 шаршы метр, 3 гектардан асады.

Қайрат Сатыбалдының ұлы Исмаилдың атында тұрған жылжымайтын мүлік. Жер аумағы 3 гектардан асады.
Қайрат Сатыбалдының ұлы Исмаилдың атында тұрған жылжымайтын мүлік. Жер аумағы 3 гектардан асады.

Үйдің қақпасында «фото-видеоға түсіруге тыйым салынған, көлік қозғалысы сағат тіліне қарсы» деген тақтайша тұр. Үйдегі адамдармен тілдесу үшін домофон тетігін бастық.

– Саламатсыз ба? Біз сырттан келіп тұр едік. Әсел Бақтиярқызы осында тұра ма?

– Қазір, күте тұрыңыз.

Сол үйдің жерден түсірілген суреті. 14 маусым 2022 жыл.
Сол үйдің жерден түсірілген суреті. 14 маусым 2022 жыл.

Әсел Бақтиярқызы – Қайрат Сатыбалдының «әйелі». Тұтқаның арғы жағындағы адамның күте тұрыңыз деген жауабы да Бақтиярқызының осы үйде тұратынын меңзейтіндей. Тұтқаны қойды. Бірер минуттан кейін тағы домофонды бастық.

– Ало, не болды ол кісі?

– Үйде ешкім жоқ.

– Ол кісі үйде емес пе?

– Үйде емес.

Қысқа диалогымыз осылай аяқталды. Бұл жылжымайтын мүлік былтырдан бері Қайрат Сатыбалдының 18 жастағы ұлы Исмаилдың атында.

Нұрсұлтан Назарбаевтың келіні Светлана Назарбаеваның үйі. Бір қабатты үй аумағын Назарбаева мемлекеттен жалға алып отыр. 14 маусым 2022 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаевтың келіні Светлана Назарбаеваның үйі. Бір қабатты үй аумағын Назарбаева мемлекеттен жалға алып отыр. 14 маусым 2022 жыл.

Исмаил Қайратұлының атындағы сарайға қарама-қарсы тұрған үй оның әжесі, яғни, Қайрат Сатыбалдының анасы Светлана Назарбаеваныкі. Ол 30 251 шаршы метр жерді мемлекеттен жалға алып отыр. Ал іштегі бір қабатты үлкен үй 2020 жылы салынған.

Қайрат Сатыбалды мен анасының осы екі үйі шағын тұйық көшеде орналасқан және онда тағы бір үй бар. Ол Нұрсұлтан Назабаевтың кенже қызы Әлия Назарбаева мен күйеу баласы Димаш Досановтыкі. 22 324 шаршы метр аумақта екі коттедж бар. Спутниктен түсірілген суретке қарағанда құрылысы 5 жыл бұрын аяқталған.

Әлия Назарбаева мен Димаш Досановтың иелігіндегі қос коттедж. Жер аумағы 2,2 гектардан асады.
Әлия Назарбаева мен Димаш Досановтың иелігіндегі қос коттедж. Жер аумағы 2,2 гектардан асады.

Бұл үйдің де қақпасын қағып, домофонын бастық. Іштен еңгезердей адам есік ашты. Жеке күзет компаниясының қызметкері екен. «Әлия Нұрсұлтанқызы осында тұра ма?» деген сауалымызға «ондай ақпарат бере алмаймыз. Ештеңе айта алмаймын» деп жауап қатты.

Экс-президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев "Кипрос" компаниясы арқылы иелік етіп отырған жылжымайтын мүліктер. 13 маусым 2022 жыл.
Экс-президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев «Кипрос» компаниясы арқылы иелік етіп отырған жылжымайтын мүліктер. 13 маусым 2022 жыл.

Біз бұдан кейін Жасыл аралдың екінші қапталына – Есілдің оң жағалауына өттік. Бұл аумақ Алматы ауданына қарайды. Мұнда да үш түрлі көлемдегі коттедж бар. Үшіншісі бұрынғы саяжайлардың орнына салынып жатыр. Құрылыс алаңы қызу жұмыс үстінде. Осы үш сарай мен бірнеше жер телімінен құралған 20 гектардай аумақ – экс-президенттің ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың мүлкі. Ол бұл активке «Кипрос» компаниясы арқылы иелік етеді.

Назарбаевтар әулетінің VIP-көршілерінің бірі, бұрынғы бас прокурор – Рашид Түсіпбеков.
Назарбаевтар әулетінің VIP-көршілерінің бірі, бұрынғы бас прокурор – Рашид Түсіпбеков.

Жасыл аралдың маңында тұратын, Назарбаевтардың вип-көршілерінің қатарында көп жыл Қазақстанның бас прокуроры болған Рашид Түсіпбеков, сотталып шыққан бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов, президент сайлауына қатысып, «қуыршақ» кандидат атанған Әбілғазы Құсайыновтардың коттедждері бар. Мүліктердің кейбірі олардың әйел-баласының атына жазылған.

Назарбаевтар әулетінің Жасыл аралдан бөлек, Алматы ауданында орналасқан тағы бір резиденциясы бар. Нұр-Сұлтан – Қарағанды тас жолы бойындағы бұрын мемлекет иелігінде болып, қазір жеке меншікке өткен 149 гектар аумақ қазір жер кадастрынан жасырылған. Аумақтағы екінші ғимарат базадан әлі өшірілмепті. Оның иесі — Бәйкен Нұрсұлтан. Резиденцияның іргесіндегі гольф-клубты Назарбаевтың ортаншы күйеу баласы Құлыбаев «Кипрос» компаниясы арқылы меншіктеп отыр.

Қорытсақ, Қазақстан астанасында Нұрсұлтан Назарбаев пен оның жақын туыстарының кемінде резиденция іспеттес он шақты зәулім үйі, 200 гектар жері бар. «Тұңғыш президент туралы» заңда ол өкілетін тоқтатқан соң, меншігіне қызмет пәтері мен саяжай берілетіні жазылған. Алайда мемлекет иелігінде болған кейбір мүліктер экс-президент әулетінің меншігіне ол датаға дейін-ақ өтіп кеткен.

ҮШҚОҢЫР ЖАЙЛАУЫН ЭКС-ПРЕЗИДЕНТ ӘУЛЕТІ ҚАЛАЙ МЕНШІКТЕП ОТЫР?

Іле Алатау ұлттық паркімен шекаралас Үшқоңыр жайлауының табиғаты көркем. Әдемі көрініске көзіміз тоймай тауға қарай көтерілдік. Жайлауға апаратын жол теп-тегіс. Газ құбыры, электр желісі тартылған. Тіршілікке қажет игіліктің бәрі бар. Бірақ бізді жайлауға жетпей шлагбаум тоқтатты. Аумақ – жеке меншік.

Үшқоңыр жайлауына көтеріліп бара жатқандағы темір қақпа. Назарбаевтардың иелігіндегі аумаққа рұқсатсыз өткізбейді. 21 маусым 2022 жыл.
Үшқоңыр жайлауына көтеріліп бара жатқандағы темір қақпа. Назарбаевтардың иелігіндегі аумаққа рұқсатсыз өткізбейді. 21 маусым 2022 жыл.

Күзет өткізбеді. Шлагбаумның тұсынан Үшқоңырдағы резиденция мұнартып көрінеді.

Шлагбаумнан өткізбеген соң кері қайтып, атпен шығуға тура келді. Үшқоңырға етектегі Қайнар ауылының тұсынан көтерілдік. Бірер сағат жол жүрдік. Біз жолға шыққанда төбеде қою бұлт үйіріле бастап, резиденцияға жеткенімізде жаңбыр да жауа кетті.

Қайрат Сатыбалдының Үшқоңыр жайлауындағы резиденциясы.
Қайрат Сатыбалдының Үшқоңыр жайлауындағы резиденциясы.

Бір қабатты болса да, зәулім көрінетін үйдің ауласына ақбоз үй тігіліпті. Мұнда тікұшақ қонатын бір емес екі алаңқай бар. Маңайды бақылауға камералар орнатылған. Ауладан ешкім көрінбеді, қақпалары жабық. Сарай мен өзге шағын үйлердің айналасы жеке дуалмен жабылып, тікұшақ алаңы мен көлік тұрағы тағы бір қабат темір шарбақпен қоршалған.

Үшқоңыр жайлауындағы резиденцияның сыртқы көрінісі.
Үшқоңыр жайлауындағы резиденцияның сыртқы көрінісі.

Ал үйдің қапталындағы жазық жерді айнала жыра етіп қазып, ортасына әлдене егіпті. Сарайдан ертерек салынған бір ғимарат бөлектеу жерде тұр. Ол былтырға дейін Google картасында «медресе» деп көрсетілген еді. Резиденцияның қарсы бетінде тағы бір нысан салынып жатыр. Әзірге ғимараттың темір қаңқасы тұр.

Үшқоңырдағы резиденцияның қарсы бетіне салынып жатқан нысан.
Үшқоңырдағы резиденцияның қарсы бетіне салынып жатқан нысан.

Азаматтарға арналған үкімет корпорациясының дерегінше, сарай орналасқан және оның сыртындағы қоршау тұрған екі учаскенің меншік иесі – Қайрат Сатыбалды. Резиденция салынып біткен соң, оның атына сыйға тарту шартымен өткен. 03:047:150:053 және 03:047:150:054 кадастр нөмірімен тіркелген бұл жерлердің пайдалану мақсаты жеке тұрғын үй салу деп көрсетілген.

Бұрын медресе болған ғимарат – Сатыбалдының әйелі Әсел Бақтиярқызының атында.

Енді салынып жатқан нысанның жері – Steppe AgroMeat деген компанияға тиесілі. Бұл серіктестік Prime Capital RE Karasay, Prime Capital Holding компаниялары арқылы Болат Назарбаевқа қарайды.

Болат Назарбаев Prime Capital Holding-тің еншілес Breeding company, Qaz Agro Centre компаниялары арқылы осы аумақта бұдан өзге өте үлкен жерлерді меншіктеп отыр. Аға-бауырлардың иелігіндегі Үшқоңырдағы жердің жалпы көлемі кем дегенде 9147 гектар. Бұл жерлер он шақты учаскеге бөлінген. Одан бөлек 1500 гектарға жуық жерді уақытша пайдалануға алған. Ресми құжатта ол жерлердің бірін тегін пайдалану құқығымен алғаны көрсетілген.

Жайқалып тұрған Үшқоңыр жайлауы.
Жайқалып тұрған Үшқоңыр жайлауы.

Қайрат Сатыбалдының атында тұрған жылжымайтын мүліктерге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шектеу қойған. Шектеу Болат Назарбаевтың иелігіндегі мүліктерге де қойылған. Агенттік «Болат Назарбаевқа қарсы іс қозғалды ма, Сатыбалды ісіне қатысы бар ма?» деген Азаттық редакциясының сауалына нақты жауап бермеді.

Зерттеу барысында Азаттық Нұр-Сұлтан Назарбаевтың кеңсесіне, Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қорына хат жолдап, астанадағы мемлекеттік және өзге де резиденцияларды, Үшқоңырдың айналасын қалай меншіктеп алғанын түсіндіріп беруін сұрады. Олардан хат келді, бірақ сауалдарға нақты жауап жоқ. Назарбаев кеңсесі «бұл сауалдар біздің құзыретімізге кірмейді» десе, «Салиқалы ұрпақ» қоры Болат Назарбаевтың құрылтайшы екенін растап, істеген қайырымдылық істерін тізіп шыққан.

Материалдағы кейбір деректі анықтауға адвокат Гүлнәр Жуасбаева көмектесті.

Азаттық бұған дейін Назарбаевтардың Алматыдағы сарайлары деген атаумен зерттеу жариялаған. Онда экс-президент әулетінің Бостандық ауданындағы 135 гектар аумақты қалай иеленгені әшкереленген. Сіз оқыған зерттеу сол журналистік жұмыстың екінші бөлімі іспеттес. Бірінші бөлімді оқып, көру үшін төмендегі сілтеменің басыңыз.