Ардақ Назаров 30 жастағы ер адамның тұсауын кесті
Желіде Ардақ Назаров ер адамның тұсауын кесіп жатқан видеосы тарады, деп жазады kznews.kz сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Видеоны Желіге жүктеген Дәулет Мұқаев спортшы 30 жастағы жігіттің тұсауын кескенін жазған.
«Ештен кеш жақсы! Солай да солай қарағым, 30-дан асып барамын. 30 жастағы жігіттің тұсауын Ардақ Назаров ағамыз кесті. Чемпион болсын! Ақ жол!» — деп жазды ол Instagram-парақшасында.
Алайда Ардақ Назаров видеодағы ер адам 40-та екенін айтады.
«Менің жолымды берсін, үш дүркін әлем чемпионы болсын! Келін, шырағым естідің бе, жіберіп тұршы, айналайын, мына баланы. Сырым жетектеші, сенің жолыңды беріп, әлем чемпионы болсын.
Сенің тұсауыңды кескенім бір жылқы тұрады, оңай емес. Ардақ Назаров 40 жастағы жігіттің тұсауын ешқашан кескен жоқ. Алды өзіңсің», — дейді Ардақ Назаров видеода.
Желі қолданушылары бұл ырым екенін айтып, өздерінің түрлі оқиғаларын жазған:
Тұсауы дұрыс кесілмесе, негізі бұны жасауға болады. Біздің бір жеңгеміз өмірі шалынатын да жүретін еді. Жасы келген адам. Тұсауы дұрыс кесілмеген деп кесіп беріп, аттай шауып кеткен. Содан кейін шалынбадым деп айтқан күліп. Сол үшін бәрі болады.
Несі бар екен менің де тұсауымды 20 жасымда кескен, кішкентайында кеспесе, үлкейгенде кессе де болады, ештен кеш жақсы!
Онда тұрган ештеңе жоқ. Мен күйеуімдікін екі жыл бұрын кестірген едім. Жолы ашық болсын, тұсауланбасын деп.
Иә, болады, әрине, мен өзім студент кезімде коп жығылатын едім. Сөйтіп жүріп қолымды оңдырмай созып алып, содан кестіргем тұсауымды, шүкір Аллаға жақсы қазір.
Ешқандай да өтірік емес, қазақ ешуақытта әшейін істемеген. Өз басымнан өткен жағдай, мен де осылай кеш кестіріп барып, жолым ашылған.
Әкемдікін 40-тан асқанда кескен біздің көзімізше. Кішкентайында кесілмей қалыпты, сосын ініммен бірге кесіп жіберді.
Сонымен қатар тұсауы кесілген адам кім екенін жазғандар да бар.
«Бұл ағамыз да өзі ММА-ға қатысып, туымызды желбіретіп жүрген спортшы ағамыз. Ардақ Назаровтың шәкірті. Сол үшін ұстазының жолын берсін деп, ырымдап кестіріп жатыр», — деген пікір білдіргендердің бірі.