Екінші Рахаттар, Дариғалар пайда болмасын десек…

0
209
Фото qamshy.kz сайтынан алынды

Өткен ғасырдың аяғында «90-жылдар» деген тұрақты тіркес пайда болды. Ол идиомаға Совет Одағының болмысынан жаңаша, жабайы капиталистік ортаға көшкен қоғамның шындығы сыйып кеткен еді. Оны «бандиттік» деп те атады. Әлі де атап жүр.

Бүгінде ол кезеңді білмейтін (білгісі келмейтін!) тұтас бір ұрпақ пайда болды.

Өкінішке орай, ол қилы кезеңнің кейбір құбыжық, тіпті жеккөрінішті сипаттары Жаңа Қазақстан болам деп ұмтылған қоғам мен биліктің өне бойнынан табылып жатқан сияқты.

Біріншіден, идеологияда әлі болса да, нақтылық жоқ. Сол баяғы солтүстік көршіге жалтақтау. Совет дәуірінен қол үзген екіұдай кезеңде де дәл солай болған: либерализм мен солшылдық, ұлтшылдық пен пролетарлық интернационализм қатар жүрген, билік қай жаққа шығарын білмей, аңтарылып қалған, содан қоғамдық санада қойыртпақ пайда болған. Ол рефлекстен әлі де құтыла алмай келеміз. Оның өзі ұлт ретінде қалыптасып, әлемдік деңгейде идеялық тұрғыдан бәсекелес болуымызға өз зиянын тигізіп жатыр. Несін жасрайық, 30 жыл бойына бұғып келдік. Әлі де сол бұққан қалыптамыз.

Екіншіден, сол кезде бұрынғы халық шаруашылығының сүбелі салаларын күдікті де күмәнді тұлғалар иеленіп алған еді. Бүгінде Назарбаевтың туыстары (құда-жекжаттары, руластары, сыныптастары) байлық пен биліктен кетіп жатыр.

Енді олардың орнын қай бақытты адамдар басады? Мұнайымыз бен газымызға кім ие болады? Бір кланнан құтылып, екінші кланға тәуелді боп қалмаймыз ба? Жаңадан басшылыққа келіп жатқан тұлғаларды қоғам неге талқыламайды: олардың адами, кәсіби деңгейі қандай? Халыққа тиесілі салаларды қалай жаңғыртады дегендей.

Өкінішке орай, кеше ғана Конституцияда «халықтікі» деген ол алапат байлыққа менеджер болып жатқандарға қоғам, парламент, тәуелсіз БАҚ тарапынан ешқандай да бақылау механизмі қарастырылмаған.

Меніңше, осы мәселені шұғыл түрде шешу керек!

Әйтпесе, екінші Рахаттар, Дариғалар, Тимурлар пайда болады да, біз, оппозиция, солармен тағы күресуге мәжбүр боламыз.

Үшіншіден, сол «тоқсаныншы» жылдардың синдромы тұтас бір ұрпақтың қалыптасуына тікелей әсер етсе, қазіргі кезеңдегі жағдаят келесі бір толқынның санасына ықпал етпей ме? Олар кімдер боп өседі? Тағыда жоғары жаққа жалтақтаймен күн көре ме? Ол дегеніңіз ұлттық трагедия болады ғой!

Рас, президент Тоқаев халықтың көңілінен шығатын біршама жаңалықтар жасап жатыр.

Бірақ саяси оппозиция әлі де болса… жертөледе не түрмеде, олар легитимді мәртебе ала алмай келеді. Президентке сын айтқан ұйымдар мен тұлғаларға мемлекеттік БАҚ-та орын жоқ, олар биліктің бастамаларына қатыстырылмайды. Олардың өкілдері саяси процестерге ат салыса алмауда. Сөйтіп, наразылық көңіл-күй мен қарсылық тағы да деструктивтй деген атақ алып, құқықтық алаңнан тыс қалуда.

Оның есесіне, тағы да қолдан жасалған партиялар дүниеге келіп жатыр. 90-жылдарғы саяси жобалар қайталануда. Ертең олар саяси процестің белсенді акторлары болады.

Меніңше, референдумда аса маңызды саяси мандат алған президент Тоқаев елшіл, мемлекетшіл, ұлтшыл демократиялық күштерге даңғыл жол ашқаны дұрыс.

Нақ сол қозғалыстар мен ұйымдар елді өзгертемін, Жаңа Қазақстан құрамын деген оның ең сенімді серіктестері бола алады.

Әйтпесе тағы да «тоқсаныншы» жылдардың кебін киеміз бе, ағайын?

Әміржан Қосан

Abai.kz