Нұржан Әлтаевтың ұшу траекториясы

0

Қазақстандық оппозиция Тәуелсіздіктің отыз жылы бойы биліктің «теріс таңдау» жасағаны туралы айтқанды ұнатады. Алайда, оппозицияның өз ішіндегі бұл процесстің қалай өрбігені туралы жақ ашпағанды жөн көреді. Ал шындығында егемендік жылдарында оппозиция қатарындағы адал да ақылды азаматтар шетке ысырылып, олардың орнын өткені күмәнді, болашағы бұлыңғыр, жем жейтін астаудан қағылған шенеуніктер мен бизнесмендер басты. Олар саясат сахнасына шыға сала демократия құндылығы туралы бала кезден білетіндей сайрай бастады.

Айналаның бәріне, соның ішінде әсіресе саяси процестерге скептицизммен қарау әдеті сауатты журналистерге тән қасиет. Бұл тек шенеуніктерге ғана қатысты емес. Олардың жайы бесенеден белгілі. Біздің бүгінгі зерттеу объектіміз – бұрын билікпен бір астаудан жем жеп, бүгінде өздері толық түсінбейтін демократия идеаялары үшін күресіп жүрген қайраткерлер жайында болады. Бұл құбылысты түсіндіру үшін белгілі саясаткер Нұржан Әлтаевтың болмысын ашсақ жеткілікті. 2020 жылы қарашада «Қазақстанда плюрализм жоқ тек «Nur Otan» партиясы ғана бар» деп мәлімдеген ол өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының бастамашыл тобымен бірлесіп «Ел Тірегі» жаңа саяси партиясын құратынын айтқан болатын. Оның сол кездегі жалынды мәлімдемесінен үзінді келтірейік:

«Қазір халықтың барлық тобы зардап шегуде. Қандай жоба алып қарасақ та, ұлттық компаниялар, мемлекеттік органдар – барлығы сыбайлас жемқорлыққа батқан. Өздерін өздері тонап, болашақ ұрпақтың несібесін жеп жүргендер. Ұры шенеуніктер біздің мемлекетіміздің дінін кеміріп жатқандар. Олар өздерін ешкім сынай алмайтынын білгендіктен осындай бассыздықтарға жол беріп отыр» деді.

Бұл өзінің не туралы айтып тұрғанын өте терең түсінетін адамның сөзі. ОҚО (қазіргі Түркістан облысы) тумасы, 43 жастағы Нұржан Әлтаев 2003-2014 жылдар аралығында Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттік мәселелер жөніндегі проректоры, ҚР ІІМ халықаралық ынтымақтастық және ведомствоаралық үйлестіру бөлімінің бастығы, «Оңтүстік «әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «ұлттық компаниясы» АҚ департамент директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы, «Максимум «аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС Бас директорының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысының «Кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығы» ЖШС директоры, Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасының директоры сынды маңызды лауазымдарды атқарған адам. 2014 жылы ол «Атамекен» ҰКП-на жол тауып, Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары болды. 2017 жылы Нұржан Әлтаев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды.

Ал 2019 жылдың ақпан айында «Nur Otan» фракциясының алтыншы шақырылымдағы Мәжілістің депутаты болып сайланды. Сол кезде Мәжілістің кезекті отырысынан кейін Әлтаев журналистерге Қазақстанда бір баланы күтіп-бағуға 20 мың теңге жеткілікті екенін айтып, айды аспаннан бірақ шығарды. Ал өз кезегінде, оның отбасында бір баланы күтіп-бағуға қанша қаражат жұмсалатыны туралы сұраққа жауап бере алмады. Ол тек отбасындағы қаржылық мәселелермен әйелінің айналысатынын айтты. Бір қарағанда, бұл Назарбаев кезеңіндегі шенеуніктің әдеттегі айтып үйренген сылтаулары іспетті. Бірақ Әлтаев бұл сөзді 2019 жылғы 4 ақпанда орын алған қайғылы оқиғаға байланысты қоғамдық резонанс аясында айтты. Ол өрт апатынан әке-шешесі түнгі жұмысқа кетіп, үйде қалған Ситер отбасының апалы-сіңілі бес қызы қайтыс болған еді. Сондықтан бұл жағдай әдеттегі сылтау емес, нағыз цинизм деуге болады. Көп балалы аналардың наразылық толқынын тудырған осы қайғылы жағдай Қазақстанның Тұңғыш Президентін саяси транзитті бастауға мәжбүр етті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымына келуімен басталған өзгерістер Әлтаевқа оның билік басындағы күндерінің санаулы екенін, жаңа басшылық жемқорлардан өз қатарын тазартатынын ескерткендей болды. Сондықтан Әлтаев өз партиясын құратынын айтып, демарш жасады. Оның мәлімдемесіне жауап ретінде «Nur Otan» қалалық филиалының Саяси кеңес бюросы Нұржан Әлтаевты «бірқатар орынсыз пікірлері, соның ішінде жаңа саяси партия құру туралы мәлімдеме жасауы арқылы «Nur Otan» партиясының беделін түсіретін және партия мүддесіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттер жасағаны үшін» партия қатарынан аластату туралы қаулы шығарды. Осыдан кейін Орталық сайлау коммиссиясы депутаттың өкілеттігін тоқтатты. Алайда Әлтаевтың партия құра салу идеясы бірден орындалып кетпеді. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі «Ел тірегі» партиясын құру туралы хабарламаны қабылданған жоқ. Басты себептердің бірі – бастамашыл топтың тізімінде «қайтыс болғандар мен мәртебесі белгіленбеген адамдардың» есімдері шыққан.

2021 жылдың тамызында Әлтаев «Қазақстанның тәжік-ауған ардагерлері одағының» төрағасы Мұрат Мұхамеджановпен бірге бейнеүндеу жазып: «Таяуда Ресей Федерациясынан өздерін «орыс офицерлері» деп атайтын сайқымазақтар Қазақстанда орыс тілді халықтың құқықтарына қысым жасалып жатқанын және мұнда тәртіп орнату үшін олардың Қазақстанға келуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Бұл клоундарға айтқым келеді: келіңдер. Сендерді біз өз жерімізде лайықты қарсы аламыз. Қазақстанның жері кең. Қоятын орын барлығыңа табылады» дейді. Бұл үндеу тіркелмеген «Til Maydani» қозғалысының тілдік патрульдерінің жасаған тірліктеріне ұқсайды. Олар мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын орыс тілді тұрғындарды камераға түсіреді. Патрульдердің тақырыбы ресейлік БАҚ-та көтеріліп, көрші елдің саясаткерлері мен журналистері содан бері Қазақстандағы русофобия туралы айтып келеді. Әлтаев содан бері русофобиялық мәлімдемелер тағы да бірнеше рет жасады. Ал нақты саясат саласында Жанболат Мамай деңгейіне түсіп кетті. Тек елорданың деңгейінде. Ең жоғарғы белсенділік өткен жылдың басында орын алды. Ол нақты қызметтегі Министрлер міндеттерінің орындалуын бақылайтын халықтық көлеңкелі Үкіметтің құрылғаны туралы жариялады. Содан бері бұл «көлеңкелі үкімет» туралы ештеңе естілмеді. Әлтаевтың конспирологиясынан зардап шеккен Мұхамеджановтан басқа ешкім онымен жұмыс істегісі келмеді.

2021 жылы маусымда Әлтаев пен Мұхамеджановтың басшылығымен бұрынғы әскери қызметшілердің санкцияланбаған митингі өтті. Олар қазіргі Үкімет мүшелері мен Мәжілістің жекелеген депутаттарын отставкаға жіберуді талап етті. Сонымен қатар, олар мемлекеттен әлеуметтік қолдау ала алмайтындықтарына шағымданды. Әлтаевтың өзі кезінде Қазақстан халқының әлеуметтік қорғау саласына жауапты болғанын ескерсек, оның адамдық деңгейіне тағы да таң қаламыз. Сол жылдың 7 қыркүйегінде митингіге шыққандар мәжбүрлі вакцинацияны алып тастауды, Үкіметті отставкаға жіберуді талап етіп, елорда орталығына қайта жиналды. Әлтаев құқық қорғау органдарына митинг өткізу туралы әкімдікке хабарлағанын, бірақ жауап алмағанын мәлімдеді. Келесі күні ол «бейбіт жиналыстар өткізу тәртібін бұзғаны» үшін ұсталды.

Биыл Әлтаев әзірге айтарлықтай белсенділік танытпады. Әрине, Гүлжан Ерғалиеваның командансының Youtube-арнасының эфирінен көрінген медиасферадағы белсенділігін айтпағанда. Онда ол Украинада болып жатқан жағдайдың аясында кезекті русофобиялық мәлімдемесімен көзге түсті. Әлтаев Қазақстандағы тұрақсыздық үшін жұмыс істейді, біздің елді Ресеймен шекістіруді армандайды. Яғни, оның бұрынғы қулық-сұмдықтарын білетіндер оны «реваншистер» командасына қосып, қаңтардағы оқиғаларды қайталағысы келетіндей. Кенеттен «орыс әлемін» біздің елде де қорғағысы келген бөтен елдің армиясыны қолымен болса да елде дүрбелең орнағанын қалайтындай.

Украинада «арнайы операция» басталғаннан бері бір ай ішінде әлеуметтік желілердегі қоғамдық пікір көшбасшыларының, оппозициялық саясаткерлер мен блогерлердің мәлімдемелері Қазақстанда да «орыс халқын ренжітеді» деген тұжырымды дәлелдей түсетіндей. Үшінші дүниежүзілік соғыстың басталу қаупі төніп тұрған қазіргі күрделі халықаралық жағдайда Қазақстанда әскери цензураны енгізудің уақыты келген сияқты. Әйтпегенде біздегі популистердің басқа біреудің қайғысын пайдаланып хайп жасауының арты ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Соның ішінде халықаралық деңгейде…

(Фото, Мақала http://Serke.org сайтынан алынды)