Ресейден бәрі қашып жатыр, Украина ешқашан «Л/ДНР-ға» айналмайды — Зеленский
«Украинаның Ұлы Отан соғысының 17-ші күні өтті. Ресейлік басқыншылар украиндықтарды бағындыра алмады және бағындыра алмайды да, бұл біздің табиғатымыз бен мінезімізге қайшы». Бұл туралы Зеленский халыққа арнаған жаңа видео үндеуінде хабарлады. Ол Украина ешқашан «Л/ДНР-ға» айналмайтынын, ал Ресей псевдореспубликалардың аналогына айналып бара жатқанын атап өтті, деп жазады «Адырна» ұлттық порталы.
Президент басқыншылардың Украина мемлекетін жаулап алуға күші жетпейтінін, өйткені олар тек зорлық-зомбылыққа, террорға, қару-жараққа сүйенетінін баса айтты.
«Ресей басшылығы шын мәнінде өз мемлекетін бүкіл әлемнен оқшауланған үлкен аймаққа айналдырып отыр. Онда кедейлік орнайды. Барлығы тек зорлық-зомбылықпен анықталатын болады және ол жерден адамдар қолдарынан келгенше, шамалары жеткенше қаша бастайды», — деп мәлімдеді президент.
Оның айтуынша, агрессияға байланысты қатаң санкцияларға ұшыраған ел қазір ақыл-ойдан, таланттан, ақшадан айырылып жатыр. Сонымен қатар Зеленский басқыншылардың Херсон облысында халықтың еркіне қарсы «ДНР» мен «ЛНР» аналогын жасауға тырысатыны туралы айтып, жаумен ынтымақтасуға келісетін жергілікті депутаттар шығатын болса, оларға қарсы үкім шығатынын баса айтты.
«Егер олардың біреуі кенеттен басып алушылардың ұсыныстарына азғырылса… Сіз өзіңіз үшін үкімге қол қоясыз. Үкім — Украинаға неліктен қол сұғылмау керектігін уақытында түсіне алмаған 12 мыңнан астам басқыншының соңынан еру», – деді Мемлекет басшысы.