Алматыда митинг: «Қасіретті қаңтар» құрбандарын еске алуда
Алматының Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі алдында жұрт Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алып жатыр. Азаттық тілшісінің айтуынша, оған шамамен 200-ден астам адам жиналған. Жиналғандар арасында саясаткерлер мен қоғам белсенділері Балташ Тұрсымбаев, Болат Әбілов, Еркін Рақышев, Гүлжан Ерғалиева, Жанболат Мамай бар.
Тәуелсіздік монументінде оқиға құрбандарының тізімі жазылған. Жұрт қаза болғандардың рухына құран бағыштап, монументке гүл қойған. Жиналғандар «Халық террорист емес» деген жазуы бар үлкен плакат ұстаған. Сөйлегісі келгендерге шағын микрофон ұсынылып жатыр.
Халық биліктің қаңтар оқиғасы кезінде халыққа оқ атуын сынап, азаптау мен қудалауды дереу тыюды талап етті. Кейбір адамдар билікті қатты сынаған өлеңдер оқып жатыр.
Алаңды алыстан полиция қызметкерлері бақылап тұр. Аумақта көлік қозғалысы тоқтамаған.
Сағат түскі 12-ге таман алаңда интернет байланысы нашарлады. Әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер үзілді.