БАҚ: Ауғанстанның экс-президенті БАӘ-ге қазақстандық компанияның ұшағымен қашты

0

Ауғанстанның бұрынғы басшысы Ашраф Ғани 15 тамызда Өзбекстан арқылы елден қашып, ол жақтан қазақстандық әуе компанияның лайнерімен Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшып кетті. Бұл туралы Ауғанстанның Hasht e Subh Daily газеті Ашраф Ғанидың айналасындағы дереккөз бен Flightradar сервисінің деректеріне сүйеніп жазды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 15 тамызда Ашраф Ғанимен бірге Кабулдан қашқан 53 адамның бірі жексенбі таңғы сегізден 16 тамыз, дүйсенбі кешке дейін не болғанын айтып берді. Дереккөздің айтуынша, елден қашу үшін президент сарайының аумағында шұғыл жағдайларға арналған бірнеше тікұшақ жұмылдырылды. Өзбекстанның Термез қаласына сол күні төрт тікұшақ қонған. Олардың ішінде ұшқыштар, екінші ұшқыштар және ӘӘК техникалары – 22 адам мен Ғанидың осынша күзетшісі болған. Олардың ешқайсысында төлқұжат болмапты.

Өзбекстанда Ғани мен оның адамдары бір тәуліктен астам уақыт тұрақтайды. Дереккөздің сөзінше, оларды өзбек әскерилері қадағалаған. Олар елге келген ауғандардың әр қимылын бақылап, тіпті бір-бірімен сөйлесуге де рұқсат бермеген. Кейін 16 тамыз, дүйсенбі түс кезінде 31 сағат бойы Термез әуежайында отырған қашқындарға шағын ақ ұшақ келген. Әуе кемесінің мемлекеттік немесе коммерциялық символикасы болмапты. Flightradar сервисінің ақпаратынша, бұл жерде қазақстандық FlyJet әуе компаниясының ұшағы туралы сөз болып отыр. Лайнер Термезден Әбу-Дабиге рейс орындаған. Ашраф Ғани мен оның 53 серігі 16 тамыз сағат 23.00-де БАӘ-ге ұшып кеткен. Жол ұзақтығы 3,5 сағатты құрады. Ұшақ қонғаннан кейін, ауғандарға «бірнеше араб» келіп, Ғаниды қарсы алған. Дереккөз Өзбекстанда ауғандарға құрмет көрсетпесе де, Әбу-Дабиде жақсы қарсы алғанын атап өтті.

Ашраф Ғани әуежайдан шыққан сәттен бастап, дереккөз оны да, басқа ресми тұлғаларды да көрмегенін айтты. Дереккөздің сөзінше, БАӘ шенеуніктері оған және басқа да ауғандарға «бұл елде тұруға мүмкіндігі жоқ» екенін ескерткен. Ауғанстан бір айдан астам уақыт бойы Талибан қозғалысының бақылауында отыр. Бұл Қазақстанда, Ресейде және басқа да бірқатар елде тыйым салынған экстремистік діни ұйым. Көптеген ел өз азаматтарын эвакуациялады, оның ішінде Қазақстан да бар. Бұған дейін ҰҚШҰ елдері өз аумағында ауған босқындарын орналастырмайтынын мәлімдеді. Қазақстан Ауғанстанда тұратын этникалық қазақтарды ғана қабылдап жатыр.