Билікті аяусыз сынайтын азамат Ақорданы неге мақтады?

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаудан кейін қазақ әскерінің жауынгерлік әзірлігін тексеру мақсатында дабыл көтеруі тегін емес. Бұл туралы өзінің ютуб каналында Ермек Нарымбай айтты. Билікті сынағаннан кейін Украинаға кетуге мәжбүр болған саяси белсендінің Ақорданы мақтауына не себеп болды?

Ермек Нарымбайдың айтуынша, әскерді елдің түпкір-түпкіріне теміржол көлігімен әскери және азаматтық авациямен тасымалдау қазақ әскерінің әлеуетін танытып, Кремльге  қыр көрсету үшін жасалуы мүмкін. Өйткені ол Ақорда мен Қорғаныс министрлігінің бұл шешімін Ресей тарапынан жасалған қысымға қарсы шабуыл деп бағалайды.

«Жауынгерлік әзірлікті тексеру үшін дабылдың күтпеген жерден Президент Жолдауынан кейін және жаңа Қорғаныс министрі қызметіне кіріскен алғашқы күнде көтерілуінің өзіндік себебі бар деп ойлаймын  Біріншіден, бұл әрекет Ресейдің бізге жабық және ашық күйінде жасап отырған қысымына қарсылықты білдіреді. Әрі әскери құрамалардың мұндай көлемде ұзақ қашықтыққа жедел көшу қабілетін сынаудан олардың қауқары байқалады.  Дәл осы дабыл Ақорданың әскери күшті тиімді пайдалану бойынша жекелеген сарапшылардың пікіріне құлақ аса бастағанын да көрсетіп берді. Және бұл қазақ әскерінің мемлекеттің біртұтастығын сақтай отырып, Қазақстанның ішкі ісіне Ресейдің ықпал жасауына кедергі келтіре алатынын байқатты», – дейді ол.

Ермек Нарымбай «Осы қарқынмен солтүстіктегі, батыстағы Орал, Көкшетау, Қостанай, Павлодарда кемінде бір батальоннан жасақтай алсақ, Ресей бізге тіс батыра алмас еді» деген пікірде.

«Жалпы үлкен полктерді, дивизияларды солтүстікке, орталыққа көптеп шоғырландыру керек. Сол арқылы Путиннің бізге деген көзқарасы өзгере бастайды. Байқасаңыздар Ресей көршілеріне әскерімен, қарулы  күшпен  талап қояды. Ал біздің әскери әлеуетіміз олармен теңесе алса, Қазақстан ішкі және сыртқы саясатта толық тәуелсіз болады», – деді Ермек Нарымбай.

Әрине Қорғаныс министрлігі бұл шараны елдің Қарулы Күштердің әлеуетін бағамдауға бағытталғанын дегенімен оның астарында қандай сырдың бүгулі жатқаны белгісіз. Әйтсе де Жамбылдағы жарылыстан кейін Қорғаныс министрлігінің шұғыл әрекетке көшуі тегін емес секілді.

Болат МЫЛТЫҚ