Беткеұстар азаматтар ана тіліне неге бет бұрмайды?

0

Экс-премьер Бақытжан Сағынтаев 2017 жылы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнін (5 қыркүйек) Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі деп бекіткен болатын. Тіл ғылымының негізін қалаушы ағартушының туған күні айтулы мереке болуы құптарлық дүние. Алайда Ақаңның тілінде қазақтың маңдайалды азаматтары неге сөйлеп, жазғысы келмейді?

Facebook әлеуметтік желісінде белгілі экономист Олжас Құдайбергенов ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитетінің басшысы Әділбек Қабаны сынап, өз ойын білдіріп жатыр екен. Экономистің айтуынша, Әділбек Қаба басқаратын комитет мемлекеттік тілді дамытуға ешқандай жұмыс істеп жатқан жоқ. Бір қызығы аталған азамат мемлекеттік тілдің саясатына қатысты сындарын орыс тілінде жазған екен. Осы ретте Олжас Құдайбергенов шын мәнінде тіл жанашыры болса неге қазақ тілінде сөйлеп, жазбайды деген сұрақ туындайды.

Өкінішке қарай Олжас Құдайбергенов секілді қазақтың беткеұстар азаматтары ана тілінен гөрі орыс тілінде сөйлегенді қош көреді. Солардың ішінде мемлекеттік тілде бірде бір рет сұхбат бермеген азаматтың ішінде Досым Сатпаевтың аты аталып қалады. Бірақ саясаттанушының өзге әріптестері секілді билікке жалтақтамай шындықты тура айтатын қасиеті оның қазақ тілін білмейтінін жуып-шайып кетіп жүр. Әйтсе де Досым Сатпаев секілді аузы дуалы азаматтың ана тілінде көсіліп сұхбат берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе саясаттанушының қара қылды қақ жарып пікір білдіруі мен істеп жатқан іс әркеті «Мен ұлтшылмын» деп кеуде керіп жүрген азаматтардан әлдеқайда артық.

Өзінің ана тілін білетін, бірақ оны екінші сортты тіл етіп жүргендердің ішінде Марғұлан Сейсенбайдың атын атауға болады. Әрине ол Олжас Құдайбергенов пен Досым Сатпаев секілді қазақ тілін мүлде білмейді деп айта алмаймыз. Бірақ оның ана тілінде еркін сөйлей алмайтыны да жасырын емес. Бұған дейін әлеуметтік желіде бірыңғай орыс тілінде пост жазатын азамат жұрттың сынынан кейін қазақ тілінде де өз ойын жаза бастаған болатын. Бұл әрине құптарлық дүние. Өкінішке қарай Украина сапарынан кейін кәсіпкер «Посттың қазақ тіліне аудармасы төменде» деп жазатын болды.

Әрине Марғұлан Сейсенбайды ТМД көлеміндегі орыс тілді азаматтар оқып отырады. Бірақ шет елдік азаматтар туған тілін «внизге» түсіріп тастаған азаматқа құрметпен қарай ма екен?

Соңғы кездері батыл пікірімен танылып жүрген азаматтың бірі һәм бірегейі Санжар Боқаев деп білеміз. Саясаттанушының Асқар Мамин басқаратын министрлер кабинетінің солақай саясатын сауатты сынап жүргені көпшілікке ұнайтыны анық. Бірақ оның видеоүндеулерінің басым бөлігі орыс тілінде жарияланатыны өкінішті. Соған қарағанда ол өз ойын қазақ тілінен қарағанда орыс тілінде еркін жеткізетін болса керек. Болашағынан көп үміт күттіретін азамат бұдан кейін өз үндеулерін қазақ тілінде жасаса, қандай жарасымды болар еді.

Билікте де, оппозицияда да қазақ тілінен гөрі орыс тілінде сөйлеп, жазатын азаматтар баршылық. Мәселен ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин мемлекеттік тілден қарағанда ресми тілге көбірек иек артады. Сондай-ақ күні кеше ютуб каналда Ермек Нарымбай тікелей эфирге шыққанда жұрттың бәрі «Қазақ тілігде сөйлеңізші» деген өтінішін айтты. Оған қоғам белсендісі Украинада тұрғандықтан қазақ тілінде сөйлеуге практикалық дайындығы жоқ екенін айтып жауап берді.

Алаштың ардақты ұлы Жүсіпбек Аймауытұлы «Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды» деп айтқан екен. Ал біздің танымал азаматтар ана тілінен гөрі орыс тілінде сөйлегенді қош көреді. Халықтың 70 пайыздан астамы қазақ болып отырған елде мемлекеттік тілді менсінбеген адам қоғамның қалай қолдауын алады? Егер халықтың қолдауы қажет болса, беткеұстар азаматтар ана тіліне бет бұрғаны жөн-ау.

Серғали Асланбек