«Аяғымен түртіп оятқан»: Әйелін өлтірген экс-шенеунікке қатысты тың мәлімет шықты
Оралдық Кәкима Қажипанова қызын 18 жерден пышақтап өлтірген қылмыскер жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды. Өйткені тергеу амалдары төрт ай өтсе де, әлі аяқталмаған.
Әрі «бұрынғы күйеу баланың қызыма көрсетпеген қорлығы жоқ, әйелін ұрып-соғуды әдетке айналдырған жігіттің оны өлтіруге дайындалғаны анық» дейді. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
«Қызым үйге келгеннен кейін «Анашым, біз екеуміз екі түрлі адамбыз. Маған қол жұмсайды, түнімен ұйықтатпаған күндері болды. Аяқ жаққа отырғызып қояды, ұйықтап бара жатсам аяғымен түртіп оятады», — деді. Жұмыстан автобуспен келеді, кейде дүкенге соғады, сондай кезде сәл кешігіп қалса, есікті кілттеп қояды екен. Сонда талай жаңбырда, желде, боранда сыртта жүрген шығар, соның бірін де айтқан жоқ қой. Тіл табысып кетеміз деп ойлаған сияқты», — дейді марқұмның анасы Кәкима Қажипанова.
Ал полиция департаментінің дерегінше, адам өлтірді деген күдікпен Орал қалалық әкімдігінің бұрынғы қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бірақ тергеу барысында кейбір мәселелерді нақтылау үшін арнайы сараптама тағайындалып, күдікті Алматы қаласына жіберілген.
«Тергеудің қойған сұрақтарына жауап алу мүмкін болмады. Сондықтан стационарлық режимде психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізуге шешім қабылданды. Ол Алматы қаласында жүргізіледі. Ендігі сараптаманың нәтижесін күтіп отырмыз», — деп түсіндірді БҚО ПД баспасөз қызметінің жетекші маманы Мөлдір Садырғалиева.
Күдіктінің қорғаушысы «ол бұрынғы әйелінің жұмысына барып, балаларының болашағын ақылдасқысы келді, оны өлтіру ойында болған жоқ» дейді.
«Қалтада жүретін сувенирлік пышақты қолданған. Міне, сот-медициналық сараптама бойынша 4 рет кеудесіне пышақ салған. Ал қалған 13-і – жеңіл жарақат! Қазір мен сізге Жоғары соттың қаулысын көрсетемін. Бүкіл жарақатты 30 секундтың ішінде салған. Ал енді анадай қатыгездікпен жасау үшін оған уақыт керек», — дейді күдіктінің қорғаушысы Ғинаят Салықов.
Сарапшылар қылмыстың қандай жағдайда жасалғанын анықтап жатыр. Яғни күдіктіге қандай баппен айып тағылатыны нақтыланады.