Қызылордалық мұғалімдер мектепке ұлттық киіммен барып жүр
Наурыз мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласының мұғалімдері ерекше бастаманы қолға алды. Ұстаздар ұлттық киім киініп, оқушыларға сабақ беріп жүр. Қазақи құндылықтарымызды дәріптеуді мақсат еткен педагогтардың бұл тың жаңалықтары көпшілікті сүйсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Шығыс күнтізбесіне сәйкес, Наурыз — жыл басы. Дәл осы айда Жер-Ана жаңарып, тіршілік қайта түлейді. Ұлыстың Ұлы күнінде еліміздің ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлері қайта жаңғырып, әдет-ғұрыптары еске түседі. Соның ішінде ұлттық киімдеріміздің алар орны ерекше.
«Ұлттық киім — ұлтымыздың айнасы. Біз бұл бастаманы наурыз айының алғашқы күнінен қолға алдық. Көктемнен бастап карантин шаралары жеңілдеп, оқушыларымыз мектепке оралды. Ұстаздар үшін бұдан асқан қуаныш жоқ деп ойлаймын. Қазақтың ұлттық киімдері адамның көркіне ерекше келбет беретінін рас. Сол себепті біз ұлттық киімдерімізді тек Наурызда емес, барлық уақытта киюге шақырамыз. Ою-өрнегіміз кез-келген киімге айрықша ажар беретіні анық», — дейді №261 мектептің директоры Қарлығаш Әбдірахманова.
Қызылордалық мұғалімдер ұлттық киімдердің киюге өте ыңғайлы екенін айтады. Қамзолдар мен шапандар кез-келген бұйыммен сәйкестене кететітіне дән риза. Оның үстіне мектептің дресс-коды да бұзылмайды. Сүйікті ұстаздарының айрықша киіміне қызыққан оқушылар да ерекше бастаманы жалғап кеткен. Бүгінде кейбір білім алушылар мектепке ұлттық киіммен келіп жүр.
«Маған мұғалімдеріміздің киімдері қатты ұнайды. Ою-өрнектер де өте әдемі. Менің отбасымда Наурыз мерекесі ерекше тойланады. Анамыз «Наурыз көже» әзірлеп, бауырсақ пісіреді. Көптеген туысқандарымыз келіп, бата береді. Қазір мен де мектепке ұлттық киіммен келіп жүрмін. Қазақ болып туылғаныма мақтанамын», — дейді мектеп оқушысы Абылай Қуаныш.
Бүгінде Қызылорда облысында Наурыз мерекесіне дайындық жұмыстары жүргізлуде. Аймақта карантиндік талаптарды сақтай отырып, салтанатты шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.