13 жасар қызды зорлады деген күдікті асылып өлді: Сотталушының соңғы хаты іздестірілуде

0

Ақтөбеде тергеу изоляторында 30 жасар жігіт асылып өлген. Оның туыстары балаларының өліміне түрме қызметкерлері тікелей кінәлі екеніне сенімді, деп хабарлайды KzNews.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ақиқат ақырғы хатында! Ақтөбедегі тергеу изоляторында өзіне қол салған сотталушының соңғы хатын туыстары тауып беруді талап етіп отыр. 30 жастағы Талант Әлиев бір ай бұрын камерасында төсек жаймасына асылып өлген. Қалтасында хат пен ұялы телефон болғанын қасындағылар айтыпты. Бірақ түрме басшылары айғақ туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Ақтөбеліктердің арасында бесінші түрме аталып кеткен мына тергеу изоляторында былтыр 17 адам өзіне қол жұмсамақ болған. Ал биыл айналдырған 1 айдың ішінде 2 адам асылыпты. Оның бірі аман қалса, екіншісі қайтыс болды. Ал сотталушылардың туыстары болса мұндай жағдайға изолятордағы қызметкерлер қысымшылық көрсетуі себеп деп отыр.

30 жасында өз-өзіне қол салған Талант Әлиевтің өліміне қатысты тергеудің дұрыс жүргізілмегеніне туыстары сенімді. Олар айғақ затты изолятор қызметкерлері жоқ қылды деп отыр. Ақырғы хатында марқұм бәрін ашып айтқан көрінеді. Өзі өлімінен 1 ай бұрын шыққан үкіммен келіспеген. Әлиевке 13 жастағы қызды зорлады деген ауыр айып тағылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Дегенмен оқушы оған жала жапқанын мойындап, сараптама да оның пәк екенін кейін растаған. Ал изоляторға ол қысымға шыдамай өзін-өзі өлтірді дейді анасы.

«Мен баламның өліміне осы 5-ші түрменің қызметкерлерінің кінәлі екендігіне сенімдімін. Себебі оның қалтасынан табылған, жазып кеткен хаты маған берілген жоқ. Ол хатта қызметкерлердің қысымшылық көрсеткені туралы жазылғандығы айтылады», — деді марқұмның анасы Мейрамгүл Алмағанбет.

Өлгеннен соң марқұмның қалтасында хат пен ұялы телефон болмағанын камераластары көріпті. Тіпті не жазғанын оқып үлгердік деген екен.

«Осы адам өліміне қатысты дәлелдерді жасырып жатыр. Сотталушыда хат пен телефон болған. Енді 141 камерада отырғандарға осыны айтқызбау үшін қысым көрсетіп жатыр. Оны күйеулерімізден біліп отырмыз, шындықты айтпаңдар деп бұйырған», — дейді сотталушы С. Нұржановтың жұбайы Эльмира Нұржанова.

Бірақ түрме басшылығы өздеріне шаң жуытқан жоқ. Айтуларынша, тексеру кезінде камераластары айғақ заттардың болғанын растамады деп отыр.

«Камераластары тексеру кезінде түсініктеме берді, олар сотталушыларға ешкімнің жақындамағанын, ақырғы хаты болмағанын айтты. Қызметтік тексеру кезінде бейнебақылау камералары толық тексерілді», — деді Ақтөбе облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшысы Алмас Шәмішов.

Таланат Әлиевтің өлімінен соң, тергеу изоляторында тағы бір сотталушы төсек жаймасына асылған. Оны дер кезінде қызметкерлері көріп, шешіп алады. Екі күн бойы жансақтау бөлімінде ессіз жатқан оның беті бері қарап, қазір ауруханадан абақтыға кері қайтарылған.