Қазақстанда азық-түліктің қымбаттағаны үшін шенеуніктер жазалануы мүмкін
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол берген әкім орынбасарлары жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру бойынша өңірлердің жауапкершілігін атап өткен жөн. Министрлік олардың 1-тоқсанда атқарған жұмысы туралы ақпарат енгізеді және шаралардың нақты нәтижелері болмаған жағдайда біз әкімдердің осы мәселеге жетекшілік ететін орынбасарларын жауапкершілікке тарту туралы бастама көтереміз», — деді Сұлтанов үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 2,4%-ке өскен.
«Бәрінен бұрын импортқа тәуелді өнімдердің, жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлардың, сондай-ақ маусымаралық кезеңде дәстүрлі түрде қымбаттайтын көкөністің бағасы өсім көрсетті. Олардың жалпы өсімге қосқан үлесі 2,0 проценттік тармақты құрады», — деді ол.
Сұлтанов азық-түлік бағасы өндіріс пен тұтыну теңгеріміне ғана емес, сондай-ақ, импортталатын және экспортқа жіберілетін өнімнің үлесіне де байланысты.
Министр ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлік атқарушы органдармен бірлесіп, импортқа тәуелді тауарлар бойынша ғана емес, сондай-ақ экспорттың жоғары үлесі байқалатын өнімдердің де өндірісін барынша ұлғайтуы қажет екенін айтты.
Екіншіден, оның айтуынша, тұрақтандыру қорларының көлемі жеткілікті емес, яғни 3,7 миллиард теңгеге 25,4 мың тонна қалыптасқан. Олардың интервенциясы жалпы тұтынудың 0,2 процентінен 1,4 процентіне дейін құрайды.
«Бұл іс жүзінде бағаға тиісті әсер етпейді. Тұрақтандыру қорларының өзі де тиімді қалыптаспайды. Мысалы, Ақтөбе облысында 2020 жылы қанттың (56,9%), қарақұмық жармасының (40,0%), күнбағыс майының (31,1%) және жұмыртқаның (17,5%) бағасы едәуір өсті. Бұл ретте, жыл ішінде қорға бағаның шамалы өсуі байқалған көкөністер сатып алынды», — деді Сұлтанов.
Сондықтан министр тұрақтандыру қорларын қайта қарау қажет деп санайды.