Байқоңырда жоғалған баланы 500-ге жуық тұрғын іздестіріп жатыр
Байқоңыр қаласында жоғалып кеткен баланы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
20 ақпанда Байқоңырда 8 жасар Нұрәлі Оразбаев пен Ерхан Анасты іздеу басталды. Олар таңғы 10:30 шамасында «Маяк» спорт кешенінен шыққан соң жоғалып кетті.
Бір күннен кейін Ерхан Анастың мәйіті Сырдария өзені бойынан табылды. Өзен балалар жаттыққан спорт кешенінен екі жүз метр қашықтықта орналасқан. Нұрәлі Оразбаев әлі табылған жоқ.
Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев қазақстандық құтқарушылардың Ресей төтенше жағдай министрлігі қызметкерлері, полициясымен бірлесе жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Іздеу жұмыстарына еріктілер де қатысып жатыр», — деді Молдақараев.
Ерікті ретінде 500-ге жуық жергілікті тұрғын атсалысып жатыр. Олар баланы негізінен Сырдария өзені жағасынан іздеп жүр.
«Қазірдің өзінде бірнеше шақырым жерді жүріп өттік. Түнде күннің суық болуы, содан өзен мен топырақтың қатып, таңертең қайтадан еріп, балшық болуы жұмысты қиындатуда. Бізге от жағып беріп жатқан адамдарға рақмет, оның көмегі зор. Баланы іздестіруді жалғастырамыз, тірі табылады деп үміттенеміз», — деді еріктілердің бірі.
Айта кетейік, 21 ақпанда Байқоңырда сегіз жасар екі баланың жоғалып кеткені белгілі болды. Кейінірек бір баланың денесі табылды.
Сот-медициналық сараптама өлімнің себебі суға батқан кезде тыныс алу жолдарының жабылуы салдарынан пайда болған механикалық асфиксия екенін көрсетті.
Ерхан Анасқа қатысты зорлық әрекеті жасалғанын куәландыратын дерек жоқ екені айтылды.