Саддам Хусейннің қызы: Бостандық деген не? Ирактықтарға мұндай еркіндік қажет емес

0
77

Марқұм Ирак көшбасшысы Саддам Хусейннің қызы Сауд Арабиясының «әл-Арабия» арнасына эксклюзивті сұхбат берді. Бұл туралы NoonPost Египет басылымының мақаласында айтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Рагад Саддам Хусейн 15 жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген жоқ. Сондықтан оның кенеттен пайда болуы Ирактың өз ішінде немесе одан тыс жерде, әсіресе, көршілес Иранда көптеген сұрақ туғызып, сарапшылардың пікірталасына айналды.

Басылым Рагадтың ешқашан саяси тұлға болмағанын, бірақ әр уақытта әр түрлі ақпараттық алаңдарда сирек сұхбат беретінін атап өтті.

«Әл-Арабияға» берген сұхбатында ол әкесі, балалық шағы, Хусейн Камелмен тұрмыс құруы және оның қайтыс болуы, Ирактың Кувейтке басып кіруі туралы естеліктерімен бөлісті және соңында елдегі қазіргі жағдайға және Иранның қақтығыс тудырудағы рөлі туралы айтты.

Президенттің қызы әкесінің билігін және одан кейінгі кезеңді еске алды. Бағдад құлағаннан кейін оның отбасы көптеген ауыр жағдайларды бастан кешірген. Сирия мен Иордания арасында көшіп жүрген.

Ол қазіргі Ирак пен Саддам Хусейн басқарған кезді Иракты салыстыра отырып, бұрын «халықтың мәртебесі жоғары болғанын және оны ешкім ренжіте алмағанын» айтты.

«Ол кезде адамдар балаласың қауіпсіз ортада өмір сүретініне сенімді болды», – деді Рагад.

Алайда, журналист оған Саддам Хусейннің кезінде бостандықтың болмағанын айтты.

«Бостандық деген не? Егер бұл диктатураны жою және демократияны құру ұранымен жаулап алу болса, онда ирактықтарға мұндай еркіндік қажет емес», – деді экс-президенттің қызы.

Елдегі қазіргі жағдай туралы сөз болғанда, Саддам Хусейннің қызы Ирактың бөлінуіне алаңдаушылық білдірді.

«Ирандықтар Иракты заңды билік болмаған кезде басып алды және ел оңай олжаға айналды», – деп Иранды айыптады.

Рагад болашақта елдің саяси өміріне қатысуға ниеті бар екенін айтты.

Еске салайық, Саддам Хусейн 1979—2003 жылдар аралығында Ирак президенті болды. 2003 жылдың сәуірінде АҚШ пен Ұлыбритания бастаған көпұлтты коалиция әскерлерінің шабуылынан кейін тақтан құлатылып, кейіннен Ирак Жоғарғы сотының үкімімен дарға асылды.