Қызылордалық алаяқ аңқау азаматшаның 180 мың теңгесін қалтасына басқан

0

Қызылорда облысында мүгедектік бойынша зейнетақы ресімдеуге уәде еткен алаяқ аудан тұрғынынан 180 мың теңге алған, деп хабарлайды Polisia.kz.

7 ақпан күні Қызылорда қалалық Полиция басқармасына Жалағаш кентінің 54 жастағы тұрғыны арызданған. Ол арызында таныс келіншектің 2020 жылдың сәуір айында мүгедектік бойынша зейнетақы ресімдеуге уәде етіп, сеніміне кіріп, 180 мың теңгесін алып, осы күнге дейін аталған мәселені шешпей, алдап жүргенін көрсеткен.

Жәбірленушінің арызының негізінде өткізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде облыс орталығының 34 жастағы тұрғыны ұсталды. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу барысында оның басқа да алаяқтық деректеріне қатыстылығы анықталуда.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.