8 жасар қызын далаға қуған әйелге жұмыс іздестіріліп жатыр
Қақаған аязда сегіз жасар қызын сырт киімсіз далаға қуған әйелге жұмыс іздестірілуде. Бұл туралы «Ашық диалог» порталында БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндеттерін атқарушы Есенғазы Иманғалиев жазған.
Иманғалиевтің жазуынша, Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Facebook әлеуметтік желісінде сегіз жасар қыздың аязды күні далаға қуылғаны жөніндегі ақпаратқа қатысты дереу шара қабылдаған.
«2020 жылдың 24 желтоқсанында, ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланған сәттен бастап, отбасының тұрғылықты жерін анықтауға барлық мемлекеттік органдар тартылды, бір сағат ішінде мекенжай анықталып, ол жерге полиция қызметкерлері барды», — дейді Есенғазы Иманғалиев.
БҒМ өкілінің мәліметтеріне сәйкес, қоғам талқысына түскен әйелдің төрт баласы бар болып шықты. Отбасы жалдамалы пәтерде тұрады екен, ал балалардың анасы жұмыссыз отырған көрінеді. Сол себепті, билік өкілдері оған жұмыс табуға көмек қолын созуды ұйғарған екен.
«Балалардың анасы — жұмыссыз, ішкі істер органдарында есепке алынбаған. 2020 жылдың 29 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында балалардың анасына қатысты материалдар қаралып, осындай жағдайларды қайталамау мақсатында профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Қабылданған шаралар: Жұмыспен қамту орталығы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның тапсырмасы бойынша балалардың анасына жұмыс іздестірілуде.
Отбасы тәрбиесі институтының психологтары отбасыға көмек көрсетуде. Отбасы ювеналды полиция бөліміне профилактикалық есепке алынды. Сонымен қатар, заңды өкілдерді әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда. Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деп жазды Иманғалиев.