Алматыда казино ұйымдастырған тұрғын 4 жылға сотталып кетті

0

Алматы тұрғыны заңсыз, жасырын түрде құмар ойын ұйымдастырғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Алматы қаласында астыртын ойынхананың қызметін ұйымдастырушыға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Тергеу барысында Алматы қаласының тұрғыны заңсыз ойын бизнесін (электронды ойынхана) ашып, оның қызметін ұйымдастыру арқылы 31,1 млн. теңге көлемінде заңсыз табыс тапқандығы дәлелденді.

ҚР «Ойын бизнесі туралы» заңының 6-бабы 2-бөлігіне сәйкес, Қазақстан территориясында электронды және интернет ойынхананың қызметі рұқсат етілмейді. Алайда, Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жүргізген тексеру барысында, аталған азамат 4 ойын термналын және 52 компьютерлік техниканы орнату арқылы, ұтыс беретін құмар ойындарын, яғни электронды ойынхананың қызметін ұйымдастырып келген», — делінген хабарламада. 

Сот үкімімен ойынхананы ұйымдастырушы ҚР ҚК 307 3 б. 2 т. бойынша (заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) кінәлі деп танылып 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Айта кетейік, Ақтөбе облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті 2020 жылы 53 қылмыстық іс тіркеді.