“Қазақстанда 100-ден аса ұлт тұрады” деген жалған ұранды Қонаев ойлап тапты — қазақ қаламгері

0

Біз осы күндері «жүзден аса ұлт тұратын…» деген жалған ұранды жиі жалаулатып айтамыз. Соның авторы кім екен деп жүрсем, ол да Қонаев болып шықты дейді журналист-жазушы Қайым-Мұнар Табеев. Dalanews.kz-ке жариялаған зерттеу мақаласында қаламгер Қонаевқа қатысты көпшілік батылы барып айта бермейтін жайттарды жіпке тізді, деп хабарлайды dalanews.kz ақпарат агенттігі.

“1977 жылы шыққан «Советтік Қазақстан» атты орыс тіліндегі кітабында Қонаев бақытты ел қандай деп сауал қойып, соған өзі жауап беріпті. “Это 19 областей, более 80 городов, 193 поселка городского типа, 218 сельских районов, где дружной се¬мьей живут и трудятся представители более 100 национальнос¬тей и народностей”.

Ең өкініштісі, бұл қисынсыз өтірік осы күнге дейін жалғасып келеді.

«Казахстан – многонациональная страна, который стал Родиной для представителей более ста народов» деп еркінсіген дүңген этнос ұйымның басшысы әлі жалаулатып жүр”, – дейді Табеев.

Оның дерегінше Алматы қаласындағы «көп ұлттың» арасына 1 сомали, 1 гагауз, 1 норд, 1 пуштун, 2 модракан дегендерді ресми тізімге қосып қойған.

“Оның не керегі бар? Кім қыстап жатыр? Шынымды айтсам, аспирантура бітірген менің өзім «модракан» деген пақырдың кім екенін, қайда тұратынын көз алдыма елестете алмаймын. Қонаевтың кезінен жалғасып келе жатқан кері саясаттың кесірінен ортамызда бір орыс (модракан, гагауз, пуштун…) отырса, ана тілімізде сөйлеуге қысылатын болдық. «Басқаларға түсінікті болу үшін…» деп бүлкілдей жөнелеміз. Әлі де солай! Егер, мемлекеттік іс-шараларда, жиналыстарда Президент пен Елбасы тек қана қазақша сөйлей бастаса, өзгелер де солай сөйлеуге мәжүбір болар еді”, – дейді қаламгер.

Осы орайда ОК бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтың бюро мәжілістерін кейде таза қазақ тілінде жүргізетінін айтқан белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов естелігін мысалға келтіреді.

“Бірде, орысы көп пленумда «ОК хатшысы» болып бекітіліп жатқан Анатолий Шаловтан өмірбаянын қазақша айтып беруін сұраған. Оған Шалов ренжімеген, тілі жеткенше айтып берген. Кейінірек сол батылдығы үшін мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметовты ерекше жылылықпен еске алатын дейді. Міне, тарихта жақсы аты қалу деген осы!”, – дейді мақала авторы.