Құшақтағанына қарамай: Атырауда баланы аямай ұрған тәрбиеші жұрттың жағасы ұстатты

0

Атырауда баланы ұрған тәрбиешінің әрекеті қызу талқыға түсті. Видеодағы кадрлардан тәрбиешінің баланы басынан, денесінен ұрып, құлағын тартып, аяғын басқанын көруге болады. Жылап тұрған бала оны құшақтайды. Алайда әйел әрі қарай да оны ұра береді, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

Видео Instagram желісіндегі парақшалардың бірінде жарияланды.

«2019 жылдың 18 қарашасында Атыраудағы сөйлеу мүкістігі бар балаларға арналған «Алтын балық» балабақшасында тәрбиеші менің ұлыма қол көтерді. Менің баламды қалай ұрып жатқаны түсіп қалған 25 видео бар. Қазір бұл тәрбиеші жұмысын жалғастырып жатыр», — деп жазған баланың әкесі.

Сондай-ақ, бала дұрыс сөйлей алмайтындықтан, арада не болғанын түсіндіре алмайтыны туралы жазылған. Ер адамның айтуынша, осы күнге дейін барған ведомстволар еш шара қолданбаған.

«Арада 13 ай өтті, бірақ нәтиже жоқ. Прокуратура мен қалалық полиция бөлімі істі үнемі кейінге шегереді. 13 ай бойы қайғы-қияметке толы әлемде жүргендейміз. Отбасымыз үшін үлкен күйзеліс кезеңі болып жатыр», — дейді әкесі.

Сондай-ақ, ол өз үндеуін Қазақстанның бас прокуратурасы, ішкі істер министрі, білім министрлігі, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, сондай-ақ, Атырау облысы әкімі мен балалар уәкілі Аружан Саинға бағыттады.

Аружан Саин өз кезегінде Білім министрлігінің Атырау облысы бойынша білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің аталған жағдайға қатысты берген жауабын жариялады. Хабарламада тәрбиешіге айыппұл салынып, жұмыстан қуылғаны туралы жазылған.

Департамент тексерісі нәтижесінде тәрбиешіге айыппұл салынды. Сондай-ақ, ол жұмыстан қуылды. Аталған фактіге сәйкес, іс қозғалып, дәл қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр.