Сарматтар ұлысы | туралы қазақша

0

Алғаш сармат, кейіннен аорс, ал қытайлықтар алан атаған сармат одағы қазақ тарихынан маңызды орын алады. Өйткені, сарматтардың шығыс бөлігін мекендеген аймақ қазіргі Батыс Қазақстанның аймағы болып есептелінеді.

Сарматтардың қім екендігі олардың тілдік ерекшеліктеріне байланысты. Еуропаның және Ресейдің ғалымдары ұзақ жылдар бойы оларды иран тілдестерге жатқызып келсе, ғалымдардың үлкен бөлігі, оның ішінде қазақ ғалымдары да бар сарматтарды түркітілдестерге жатқызады. Шын мәнінде Қазақстанның батыс аймағындағы қазақты құраған ру-тайпалар сармат, алан, ғұн тайпаларының бірігуінің нәтижесінде және кейіннен оғыз-қыпшақ, қаңлы бірлестігінің ықпалымен алшын деп аталатын тайпалық одақты құрады. Ал, бұл тайпалық одақ Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал теңізі атырабынан солтүстікке және батысқа қарайғы аймақтарда халықтардың жаңа этникалық бірлестіктерін қалыптастырды.

Ал, бұл, бірлестіктер кейінгі қазақ халқының негізделуіне шешуші ықпал жасады. Сондықтан да, сармат тарихы — қазақ тарихының кұрамдас бір бөлігі болып табылады. Ежелгі қытай жазбаларында аталған аймақта аса тайпасы бастаған мемлекеттік бірлестіктің өмір сүргені атап көрсетіледі. Бұл Аса мемлекеті деген атпен де белгілі. Кейіннен алан тайпасы күшейген кезде аталған екі тайпа бірігіп, алан бірлестігі деген одақ құрды. Бұл кезде аландар мемлекеті ретінде де белгілі. Тарихи деректерде бұл ұлыстардың ежелгі қаңлылардың батыс-солтүстігінде 2000 шақырым жерде төңірегінде жары жоқ, жайдақ теңіз жағасында тұратыны айтылады. Және, сонымен қатар ежелгі қытай жазбалары бұл ұлыстың халқының әдет-ғұрыптарының қаңлыларға ұқсас екендігіне назар аударады. Деректер осы Аса мемлекетінің батыста Рим мемлекетімен шектесетінін, бірақ өздерінің шығыс-оңтүстіктегі көршілері Қаңлы мемлекетіне тәуелді екені атап көрсетіледі. Кейіннен бұл ұлыс Қаңлы мемлекетіне бағынбайтын болды. Яғни, деректерде айтылғандай «жары жоқ, жайдақ теңіздің», яғни Арал теңізінің төңірегін мекендеген ежелгі аландар (асалар немесе сарматтар) қазіргі Қазақстанның батыс өңірін мекендеген.

Қазақстанның батыс өңірін мекендеген тайпалық одақтарды, еуропалық тарихшылар, сарматтар деп атаса да, олар шығыс жазбаларында аса, алан, аорс деген атаулармен белгілі Бұлардың мәні бәрі шын мәнінде бір халықтың аты болып табылады. Деректерге қарағанда аландардың қарулы жасақтарының саны 100 000 адамнан асып түскен. Мұның өзі алан елінің біртіндеп күшейіп, кейіннен дербес елге айналғанын тағы да дәлелдей түседі. Қазақ тарихшылары, осы аландар мекендеген аймақта V ғасырдан кейін алшын, адай, кердері, жағалбайлы тәрізді кейінгі қазақты құраған тайпалық бірлестіктердің қалыптаса бастағанын айтып жүр. X ғасырда қазіргі Арал теңізінің Кердері теңізі, ал, Амудария өзенінің Кердері дариясы деп аталғаны да белгілі. IX ғасырдан соң қыпшақтармен бірге Алтайдан ауып, Арал және Каспий теңізі атырабына келіп қоныстанған көптеген түркітілдес тайпалар алшын тайпалық одағына қосылып, үлкен ұлысты Қыпшақ хандығын күшейтті.

Пайдаланылған әдебиеттер: Омарбеков Т., Қазақ мемлекеті: қағанаттар, ұлыстар мен хандықтар баяны. Алматы, 2017. – 342 б.

#Сарматтар #ұлысы