Көшпелі ғұндардың ұлысы | туралы қазақша

0

Халқымыздың ежелгі бабалары туралы айтқанда ғұндарды да ауызға аламыз. Ғұндардың ежелгі отаны — Орталық Азия өңірі болатын. Біздің заманымыздың II ғасырында өздерінен халқының сандары бірнеше ондаған есе көп Қытайдың қысымына төтеп бере алмай батысқа, қазіргі Ұлы даланың батыс аймағына қоныс аударуға мәжбүр болған олар осындағы жергілікті угор және сармат тайпаларымен араласып кетті. Көшпелі халық болған және дәстүрлі малшаруашылығымен айналысқан ғұндар Ұлы дала өңіріндегі көшпелілер өркениетінің қалыптасуына негіз жасады.

Зерттеушілер шығыста хунну, батыста ғұн деген атпен мәлім болған халықтың біртіндеп, V ғасырдан кейін тарих сахнасында кездеспейтінін, бұл атаудың кейінгі тарихта сақталмай қалғанын айтады. Шын мәнінде ғұндар Орталық Азиядан батысқа жылжыған соң олардың бір бөлігі II — IV ғасырларда Батыс Қазақстанда орнығып, осындағы жергілікті угорлармен және сарматтармен (аландар) араласып, халықтардың жаңа қауымдастығының шығуына негіз болды.

Кейінгі қазақтың алшын одағына кірген ру-тайпалардың біразының бастауы, осы ғұндармен байланысты. Сондай-ақ зерттеушілердің бір бөлігі кейінгі қазақты құраған арғын және қыпшақ тайпаларының арғы бабаларының ғұндармен байланыстылығын айтып жүр. Арғын тайпасының аты шынында да ғұн атауына жақын естіледі және ғұн елінің атын еске түсіреді. Бұдан ежелгі ғұндардың аты арғын тайпасын кейінгі арғын тайпасының атында сақталған деп қорытынды жасайтын ғалымдар да бар. Сонымен  бірге зерттеушілер  қыпшақ тайпасының жауынгерлік ұраны «ойбас» сөзін ғұн батырының атымен байланыстырады. Осыған байланысты қыпшақ руларының біраз бөлігі ғұндардан тараған деген пікірлер бар.

Археологтер қазған қазба жұмыстары ғұн молаларында кездесетін оюлар мен кестелердің, әртүрлі дөңгелек, үшкіл пішіндес өрнектердің кейінгі қазақ құрамындағы рулардың сырмақтар мен тескеметтердегі ою-өрнектерін еске түсіреді. Мұның бәрі бір сөзбен айтқанда, ежелгі замандағы ғұндардың ежелгі қазақты қүраған тайпалармен тығыз байланысты болғанын дәлелдей түседі. Олар о бастан-ақ қазақ халқына тарихи негіз болған үйсін, қаңлы т.б. тайпаларға билік жасап, олармен тығыз қарым-қатынаста болғаны белгілі. Сонымен бірге ғұндардың батысқа қоныс аударғанда үйсін, қаңлы, алан жерлеріне келіп, одан соң Шығыс Еуропаға қарай ауғаны тарихта дәлелденген. Моңғолия жеріндегі археологтердің ғұн тайпаларына жүргізген қазба жұмыстары ғұндардың қолөнер мұраларының кейінгі қазақты құраған ру-тайпалардың ою-орнектерімен ұқсастығын және тарихи сабақтастығын көрсетеді. Мұның өзі ғұндар батысқа жылжымай тұрып-ақ қазақтың негізін құраған арғы бабаларымен тығыз рухани қарым-қатынаста болғанын байқатады. О бастан-ақ ғұндар өздерінен адам саны жағынан әлдеқайда басым және отырықшы мәдениетті өркендеткен қытайлықтарға қарсы күреске төтеп бере алмады. Дегенмен де, «Мәңгілік ел» болуға және мемлекет кұруға деген құштарлық ғұндардың бүкіл саясатында көрініс берді, және осы идеядан қуат алған олар, бүкіл Еуроазия кеңістігін көктеп өтіп, Шығыс Еуропаны бағындырып, онда 434 — 453 жылдары өздерінің қаһарман көсемі Аттиланың (Еділдің) жетекшілігімен бір орталыққа бағынған мықты мемлекет құрды. Ғұндар өздерінің жауынгерлік ерлікке толы бүкіл тарихында о бастағы көсемі Мөденің және одан кейінгі басқа да қағандардың:

«жерсіз мемлекет болмайды, мемлекеттің негізі -жер» деген қағидасын ұстанып, сонымен рухтанып, туған жер үшін жан аямай күресті.

Дегенмен де ғұндар батысқа қоныс аударғанда қазіргі Қазақстан аймағында қалып, үйсін, алан ұлыстарымен тоғысып, араласып, оларға сіңісіп кетті. Олардың Орталық Азиядағы байырғы қоныстарын шығыстан келген манчжуртілдес сянбилер басып алып, осында өздерінің жаңа хандығын орнықтырды. Атақоныстан жылжымай қалған көптеген түркітілдестер енді осы хандыққа бағынуға мәжбүр болды. Ал V ғасырда Еділ мен Днепр аралығында ғұндардың одағы ыдырағаннан кейін олардың кейбір тайпалары кейін қайтып, қазіргі қазақ даласына келіп осында оғыздар, қыпшақ және қарлұқ тайпаларын құраған ру-тайпалар құрамына кірді. Мұның бәрі бір сөзбен айтқанда, ежелгі ғұндар кейіннен қалыптасқан қазақ халқын, этникалық тұрғыдан негіздеуге көп үлес қосты деген пікірді айтуға итермелейді.

Пайдаланылған әдебиеттер: Омарбеков Т., Қазақ мемлекеті: қағанаттар, ұлыстар мен хандықтар баяны. Алматы, 2017. – 342 б.

#Көшпелі #ғұндардың #ұлысы