Home Білім Қазақтың тұңғыш революцияшыл-демократтары | туралы қазақша

Қазақтың тұңғыш революцияшыл-демократтары | туралы қазақша

0
254

Торғай өлкесі – қазақ жерінің даңқы көп шыққан, халық тарихында елеулі із қалдырған қасиетті қоныстарының бірі. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейін Сыр мен Қаратау бойынан шұбыра көшкен елдің алғашқы тоқтап, есін жиған мекені де Торғай даласы болыпты. Абайдың төртінші атасы – Ырғызбай Ырғыз бойында туыпты да, оның Торғайда туған інісі Торғай атаныпты. Кеңгірбай да Кеңгір бойында дүниеге келген. Қазақтардың қалмақтарға қарсы күресі бүкілхалықтық сипат алып, Абылай бастаған қазақ қолы өз жерін басқыншылардан біртіндеп босата бастаған тұста, олар шығысқа қарай жылжи көшіп, ақыры Шыңғыстауға тоқтаған.

Қазақ елі мен орыс мемлекетінің көршілік қарым-қатынасын ұлғайта түсуде де Торғай өлкесі қосқан үлес үлкен. Қазақ жерін билеуге тірек боларлық алғашқы орыс бекінісінің бірі де Торғай жеріне түскен. Патша өкіметінің отаршылдық саясатына қоса қазақ ішіне орыс өнерін, білімі мен ғылымын таратарлық ой-пікір де осы далада туған. Ыбырай Алтынсарин тіккен білім туы бүкіл қазақ даласына желбіреп, Ыбырай мектебінің қоңырауы ұйқыда жатқан елді оятуға қызмет етті. Патшаның отаршылдық саясатына қарсылық пен халықтың азаттығын көздеген саяси күрес жолындағы Торғай батырларының ісі Қазақстан тарихында алтын əріппен жазулы. Амангелді Иманов пен Əліби Жангелдиннің есімі қазір Торғай облысының екі үлкен ауданының атына айналған.

Кеңес өкіметі жылдары Торғай өлкесі өз елінің еңбекшілері қолымен жасаған жаңа тарихымен мақтана алады. Торғай республикамыздағы өндірісті, астықты өлкеге айналды. Қазақ мəдениеті мен əдебиеті тарихындағы орнын байытпаса, кеміткен жоқ. Ол дəстүрлі жырдың ғана емес, профессионалды үлкен əдебиеттің отаны болып саналады. Амангелдінің ақын сарбазы Омар Шипин, «Шайқаса сауырынан су төгілмес» майталман жорға Нұрқан Ахметбеков, қазіргі қазақ поэзиясының сөйлесе аузынан жыр төгілген жүйріктері Сырбай Мəуленов пен Ғафу Қайырбеков – жалпы ұлттық əдебиетіміздің мақтанына айналған тұлғалар. Қазақ қаламгерлері арасында басқа да торғайлықтар аз емес. Қазақ совет əдебиетінің тарихына елеулі үлес қосқан, бүгін арамызда жоқ қаламдас бауырларымыз Сағыр Камаловтың, Қайнекей Жармағанбетовтің, Мұхамеджан Дүзеновтің, Шəміл Мұхамеджановтың, Кеңшілік Мырзабековтің есімдерін еске алу бүгін артықтық жасамас. Сол қатарда қазір қызмет етіп жүрген Төлен Əбдіковтің, Қоғабай Сəрсекеевтің, Қойшығара Салғариннің, Сəбит Досановтың, Сейіт Кенжеахметовтің, Серікбай Оспановтың, Серік Тұрғынбековтің, Бақтыкерей Ысқақовтың, Мəди Айымбетовтің шығармалары да жұртшылық ықыласына бөленген.

Қазір, қайта құру заманы Торғай тарихының, оның қазақ халқының рухани өміріне қосқан үлесінің жаңа бір беттерін қайта ашуға мүмкіндік беріп отыр. Ол – қазақ халқының ұлы азаматтары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың ортамызға қайтып оралуы. Торғайдың құнарлы топырағынан нəр алып, қанатын биікке сермеп ұшқан бұл екі алыптың қазақ халқының жаңа тарихындағы орны, еңбегі аса үлкен. Олар – қазақ халқының рухани ояна бастаған тұсында қоғамдық аренаға шығып, оның ұлттық-азаттық жолындағы күресінің алғашқы дем берушісі болған, сол бір халықтық қозғалыстың шын мағынасындағы көсемдері де бола білген адамдар. Оларды XX ғасырдың басындағы Ресейдегі революциялық күрес идеялары, 1905 жылғы орыс революциясының алғашқы дүмпуі мен қазақ қоғамының сол кездегі тарихи жағдайлары туғызды. Ең алдымен олар бүкіл ресейлік дамудың жаңа бір кезеңі туғанын дұрыс танып, соның ыңғайымен қазақ қоғамын қозғалысқа келтірудің жолын іздеді, алғашқы орыс революциясы берген əлеуметтік жəне саяси жеңілдіктерді пайдаланып, қазақ халқын феодалдық-патриархалдық мешеуліктен алып шығуға, патшаның отаршылдық құлдығынан кұтқаруға, оларға өнер-білім, ғылым жолын, өз алдына дербес ел болу жолын көрсетуге ұмтылды. Алғашқы орыс революциясының бұрын «бұратана» саналып келген халықтардың ұлттық сана-сезімінің оянуына еткен əсерінің мұндай заңды, табиғи жолын В.И.Ленин өз еңбектерінде талай рет атап көрсеткен еді. «Дүниежүзілік капитализм мен 1905 жылғы орыс қозғалысы Азияны біржолата ұйқысынан оятты, – деп жазды В.И.Ленин. – Езілген, ортағасырлық тоқырауда жабайы тұрмыс кешкен жүз миллиондаған халық оянып, жаңа өмірге, адамның ең қарапайым праволары жолындағы, демократия жолындағы күреске ұмтылды».

Бұл – қоғам дамуы тудырған өмірдің жаңа талабы, тарих сұранысы еді. Мұндай сұранысқа жауап беретін ел басшысын да тарих дайындауға тиіс болды. Бұрынғы хандар мен билердің, батырлардың заманы өткен. Енді ел бастаушы ақылмен, біліммен қаруланған, ел санасына қозғау салатын ойлы тілі бар, алдағыны болжай алатын саяси-əлеуметтік сезімі бар адам болуы қажетті Ахаңның өз сөзімен айтқанда, ол «жетім қалған халқының, жесір болған жерінің» жоғын жоқтаушы болуға тиісті еді. Ахмет пен Міржақып қазақ халқы алдындағы осы бір тарихи міндеттерді абыроймен атқарды. Осы жолда, азаттық пен күрес жолында, олар нағыз үлкен əріппен жазылатын Азаматтықтың туын биік ұстады, 1905 жылғы Қарқаралы петициясынан, Оралдағы қазақ конституциялық-демократиялық партиясы съезінен бастап, 1919 жылы Кеңес өкіметін жақтап шыққанға дейінгі аралықта олар тыным таппай қазақ халқының мүддесі, арман-мұңы, тілегі үшін аянбай алысты. Осы аралықтың бəрі оңайлыққа түспеген күрес жолы, тынымсыз тартыс, ізденіс жолы еді. Бұл жолда табыстармен қатар қателіктер де, адасушылық та болмай қалған жоқ. Бірақ соның бəрі халыққа, елге деген теріс ниеттен емес, адал, ақ көңілден, халық тіршілігін қайтсек жеңілдетеміз деген ұлы мақсаттан туды. Алаш партиясының туын көтеріп, Алашорда өкіметін құрғанда да олардың ойында осы мақсат, мұрат тұрғаны даусыз. Олар ойлы, білімді, көреген азаматтар еді – сондықтан ұлтшылдыққа барған жоқ. Оларды ұлтшыл етіп көрсету, істеген істерінің бəрін қара бояумен бояу – белгілі бір кезеңде таза идеологиялық мақсаттан туған біржақты пікір еді. Ол қазақ халқының ой-пікірі бар, елге ықпалы бар азаматтарын шеттету ниетін көздеді. Тарихты бұлай бұрмалау, оны белгілі бір топтың ыңғайына бейімдеу сталинизмнің үлкен дерті болатын. Алашорда қалай ұлтшыл өкімет болады, егер ол Ресей демократиялық парламенттік федаративті республика болсын, біз соның қарамағында облыстық автономия болайық десе; оның программасында орыстарды қазақ жерінен қуу туралы бір ауыз сөз болмаса, қайта Алашорда үкіметін 25 адамнан құрып, оның онын «орыс жəне басқа халықтар өкілдерін» сайлау үшін бос қалдырса. Шынында білімді орысша оқып, тəрбие алған, көбі орыс қыздарына үйленген интеллигент азаматтар қазақ халқын Ресей құрамында орыстың білімімен, ғылымымен көркейтуді, прогресс жолына түсіруді арман етті.

Жалпы Алашорда басшылары қазақтардың бостандық, азаттық жолындағы күресіндегі орыс халқының, оның күрескер ұлдарының еңбегін ылғи зор бағалап айтып жүрді. 1917 жылы 12-сəуірде «Қазақ» газетінде Əлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов қол қойған бір мақалада: «Бізге осындай теңдік əперіп отырған – орыс халқының ақжүрек, адал ниетті көсемдері, орыс халқының жұмысшылары һəм əскері. Бұлар бостандықты қан төгіп жеңіп алды. Олардың бұл жақсылығын калай қайтарамыз? Бізді бұл қуанышқа, бұл бостаншылыққа жеткізген кім? Біз кімге борыштымыз? Мұны ойлайық! «Жамандықты ұмыт, жақсылықты ұмытпа!» деген нақыл бар. Еккенің жоқ, сепкен де жоқ, қазақ халқы бостаншылыққа ортақ болып отырмыз» – деп жазылған. Бұл – ұлтшыл адамдардың айтатын сөзі ме?

Ахмет, Міржақып, Əлихан Бөкейханов үшеуіне осы күнге шейін тағылып келген айыптың бірі – олардың 1916 жылы қазақ халқының мүддесін «сатып кеткендігі», майданның қара жұмысына қазақтан жігіттер алуды «қолдауы», сөйтіп бірінші империалистік соғыстағы патша өкіметінің саясатын «жақтауы». Бір кезде бұл қағида кітаптан кітапқа көшіп, біздің санамызға сіңірілді, бірақ мұндай пікірді ол кісілердің қандай жағдайда, қалай айтқаны жөнінде ештеме түсінік берілмеді. Осы үш автордың «Алаштың азаматына» (Қазақ, 1916. – 11 август) атты хатын оқудың мүмкіндігі енді ғана туды. Осыған ұқсас тағы бір хатты Ахмет Байтұрсынов, Мұхамедияр Тұңғашин, Міржақып Дулатов, Сейтқазым Кəдірбаев төртеуі қол қойып, «Торғай һəм Ырғыз уезінің халқына» (Қазақ, 1916. – 30-қараша) жолдапты. Осы хаттарды оқып қарасаң, онсыз да аз халықты қайткенде сақтаймыз деп, оны қырып алмаудың жолын іздеп шарқ ұрған азаматтардың жан даусын естисің. «Біздің жұртқа айтатынымыз: бұған көнбеске болмайды, – деп жазған олар, – көнбейміз деушінің сүйенгені жан тəттілік болса, салыстырып қаралық: көнгенде жұртқа қандай ауырлық бар, көнбегенде қандай ауырлық бар? Көнгенде – шаруаға кемшілік те келер, барған жігіт қазаға да, бейнетке де ұшырар, бірақ елдің іргесі бұзылмас. (қазаға ұшырар деп ауру-сырқаудан болған қазаны айтамыз. Əйтпесе солдат қылып алмайды, соғыстан өлмейді). Көнбегенде көретін ауырлық – бағынып тұрған хүкметтің жарлығынан бас тартсаң, …хүкімет бізге кұр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, мұндай мысалдар болып тұрған жоқ па? Бірлі-жарым болып, писарьлары өлген елдерге əскер шығарылды, басшы кісілері абақтыға жабылды, сотқа байланды, мəселен Торғай, Орал облыстарында. Арыз айтқан адамдар таяқ жеді, тұтқын болды, қорлық көрді, мəселен Ақмола, Жетісу облысында, Хакімдер қайда қарсылық қылды деген елдердің адамдарын атты. «Қазақ айыптымен» қорқытып ала бастады, мəселен Қостанай уезінде. Қазақ шын қарсылық қылатын болса, ел-елге отряд шығады, отряд шықса, елдің берекесі кетеді, бас пен малға əлегі бірдей тиеді, елдің іргесі бұзылады. Айтқанға тез көне қоймадың, қарсылық қылдың деп, Түркістан уалаятына военное положение иғлан етілді. Военное положение жұртқа келген бір опат деп білу керек».

Өткен жылы қырғыз – өзбек шекарасында кикілжің туып қалған кезде, Шыңғыс Айтматовтың жан дауысы шығып, халқына осыған ұқсас сөздерді айтқаны есімізде. «Қоймасаңдар, елге əскер кіреді, əскер кірсе, кісі өледі. Босқа қырылып қаласындар!» – деп сақтандырды ол өз халқын. Осы бір мазмұндас, ұқсас сөздерде «қайткенде халық басындағы ауырлықты жеңілдетеміз, қайткенде халық апаттан аман қалады, қайткенде көп шығынға жол бермей, елдің бүтіндігін сақтаймыз» деген ел мүддесіне бағышталған ауыр ой сыры, жан сыры жатыр. «Бұл хатты жазушы біздер – өз балаларың, өз тумаларың, – деп жазыпты екінші хаттың авторлары – жанымыз ашиды, қабырғамыз қайысады. Біздің ата-ана, туған-туысқандарымыз іштеріңде. Бізді қазақ баласы қанына тартады, жаны ашиды десеңдер, тіл алыңдар, қан төкпеңдер, қарсылық қылмаңдар! Алынатын жастар басын қорғаймын деп, үйдегі кемпір-шал, қатын- баласына обал қылмасын! Бізді орысша оқып, орыс арасында жүр, біздің пайдамызды айтпас деп ойлайтындарың, бізді құдай мен аруаққа тапсырыңдар!». Балапанын жыланнан қорғаған торғайдың шырылы сияқты естіледі бүгін осы сөздер! Мұндай адамдарды «халық мүддесін сатты» деп қалай айтарсың!

Мұның бəрі Ахмет пен Міржақыптың революцияға дейінгі өмірі түгелдей халық қызметіне арналғанын, олардың революциялық қызметі қазақтың тəуелсіз, азат, дербес демократиялық жолмен дамитын ел болуын көксеуден туғанын, қазақ қоғамының феодалдық көрсоқырлықтан оянған, білім, ғьлым жолына ұмтылуын мұрат тұтқанын дəлелдей алады. Осы озық идеясы үшін олар патша өкіметіне сенімсіз адамдар саналды, қудаланды, түрмеге отырды, жер аударылды. Бірақ, таза идеалдың адамдары алған бетінен қайтпады, алға ұстаған мақсатына жету үшін қажымай, талмай ілгері жылжи берді. Екеуінің бірігіп «Қазақ» газетін шығаруы – осы игі мақсат жолындағы үлкен бір тындырылған іс еді. «Қазақ» газеті меңіреу далада мүлгіп жатқан қазақты ұйқыдан оятып, дүниеде не боп жатқанын естірткен, қалың қауымды ілгері ұмтылуға үгіттеген, азаттықты уағыздаған мерзімді баспасөз үлгісі еді. Газеттің алғашқы санына жазған оқырмандарға арнауында Ахмет қоғам өміріндегі газеттің орнын түсіндіре келіп, «миллат халін ойымызға алып, қызмет етуді мойнымызға алып бастаған бір ісіміз» –(Қазақ, 1913. – 2-ақпан), – деді осы мақалада Ахмет қазақ елінің отаршылдықтың құлы болып, тəуелсіздігінен, жерінен, билігінен айырылып бара жатқанын қинала жазды. «Біздің болашақ тағдырымыз не болмақшы! Тарих тағылымына көз жіберсек, келімсек элемент тұрғылықты халықтан мəдени жағынан биік болса, онда уакыт өте келе оның тұрғылықты халықты жұтып қояры күмəнсіз. Ендігі жерде қазақтардың экономикалық өмірінде түбірлі өзгерістер болмақ. Егін салуға жарамды жерлердің бəріне шаруалар қоныстанып жатыр, жайылымдық жерлер сырттан келген келімсек малшыларға кесіліп берілуде. Сондай-ақ балық кəсібінен де қазақтар қуылуда. Бір сөзбен айтар болсақ, жат жұрттар бар айла-тəсілмен ішімізге індеп кіре түсуде. Сондықтан біздің алдымызда ең алдымен қазақ халқының тəуелсіз өмір сүру-сүрмеуі, болу-болмауы басты мəселе болып тұр. Өзіміздің дербестігімізді сақтап қалу үшін біз барлық күш-жігеріміз бен қуат- құралымызды оқу-ағарту мен жалпы мəдениетке ұмтылуымызға жұмсауымыз, ең алдымен, ана тілінде əдебиетті дамытуға күш салуымыз қажет. Мынаны естен ешқашан шығаруға болмас: тəуелсіз дербес өмірге өзінің ана тілінде сөйлейтін жəне төл əдебиеті бар халық қана таласа алады». Бұл сөздер – бүкіл «Қазақ» газетінің программасы болды.

«Қазақ» газетінің шығуы мен ел ішіне тарауы да оңайға түспеген, онда басылған материалдар да ел билеушілердің, патша өкіметінің ресми орындарының көңілінен шыға бермеген. Олар газет редакциясына тінтулер жүргізіп, мезгіл-мезгіл басшыларын қамауға алып, айыптар салып отырған. Мысалы, 1914 жылы Байтұрсынов жазған бір мақалада қазақ өлкесін басқару ережелері сыналғаны үшін Орынбор губернаторы Сухомлинов редакторға 1500 сомға айып салуға, егер оны төлемесе үш ай тұтқындауға үкім шығарған. Ақша төлеу мүмкіндігі болмаған соң Ахмет өзі барып түрмеге отырған. Кейін Міржақыптың ұйымдастыруымен газет оқырмандары ақша жинап айыбын төлеп, Ақаңды түрмеден шығарып алған. М.Əуезовтің «Қазақ» газетінің… қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер» деген сөзі (Ақжол, 1923. – 4-ақпан) бұл газеттің атқарған тарихи қызметін дəл атап көрсетеді.

Алаш партиясы мен Алашорда автономиясын құру революцияға дейін жүргізілген осы шаралардың белгілі бір түйіні болатын. Бірақ Алашорданың өмірі ұзаққа бармады. Қазан революциясының жеңісі оның арғы тіршілігін тұйыққа тіреді. Большевиктермен одақ болуға келе алмай, Алашорда өкілдері əрқилы жат күштермен тіл табысуға тырысты, жаңа өкіметке қарсы пікірлер таратты. Алашорда қызметінде болған азаматтардың ең басты қайшылықты ісі осында еді. Бұл тығырықтан оларды алып шыққан да Ахмет болды. Ол Əліби Жангелдин арқылы совет өкіметімен келіссөз жүргізіп, 1919 жылы өзінің бір топ жолдастарымен совет өкіметі жағына шықты. В.И.Лениннің қабылдауында болып, қазақ автономиясын құру жөніндегі революциялық комитеттің құрамына кірді. Бұл – Ақаң өміріндегі үлкен бір шешуші қадам, ірі бетбұрыс болды. Ұзақ ойланып, қоғам дамуының, революциялық өзгерістердің сырын саралай келе ол: «Азат етілген қазақ халқы қаналған адамзаттың бүкіл басқа бөлігімен бірге ғана, яғни дүниежүзілік революция, дүниежүзілік федерация арқасында ғана бақытқа жете алады. Таптар мен ұлттарды іс жүзінде толық азат етуді өзінің алдына тікелей мақсат етіп қойған жəне оны ішінара жүзеге асырған интернационалдық коммунистік партиядан басқа ешқандай партия мұны жасай алмайды», – деп жазды 1920 жылы 4-сəуірде өзінің коммунистік партияға кіру үшін берген арызында.

Міне, осыдан кейін совет өкіметі жағына қалтарыссыз, адал ниет, ақ көңілмен шыққан Ахметпен оның тобындағы Міржақып жəне басқалар ендігі өмірін түгелдей социализм идеясының жеңісіне, советтік алғашқы шаралардың жүзеге асуына жұмсады, қазақ халқының жаңа мəдениеті мен ғылымын жасау ісіне арнады. Ахмет 1920 жылы алғашқы сайланған қазақ үкіметінің құрамында оқу халық комиссары болып сайланды, Міржақып «Еңбекші қазаққа» қызметке алынды. Алайда, жиырмасыншы жылдар ішінде біздің елімізде өрістеген таптық күрес жағдайында олардың өткендегі қателері жиі-жиі еске алынып, оларға сенбестік мінездер көрсетілді. «Тарих» Алашорданы түгелдей буржуазияшыл ұлтшыл ұйым деп бағалады, оның қазақ халқының азаттығы мен прогресс жолындағы ізденістерінің пайдалы жақтарын тани алмады. Осының бəрі жиналып келіп, социалистік заңдылықтың бұзылуы нəтижесінде Ахмет пен Міржақып жəне олардың жақтастары жазықсыз жазаға тартылды. Біздің елімізде жүргізіліп жатқан қайта құру, демократия мен жариялылық осы қателерді түзетуге енді ғана жол ашып отырғаны өздеріңізге мəлім.

#Қазақтың #тұңғыш #революцияшылдемократтары