Талдықорғанда қабір қазушылар тапшы: 2 апта ішінде 120 адам жерленген (ВИДЕО)
Талдықорғанда қабір қазушылар тапшы болып тұр. Тіпті, жерлеу қызметінің өкілдері көр дайындап үлгермей жатқандарын айтады. Сондықтан, кейбіреулері түнделетіп те жұмыс істеуде. Өйткені, айналдырған екі аптаның ішінде қаладағы қос зиратқа 120-дан аса адам жерленген екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Бейіт басына келіңіздерші! Көмектесіңіздерші! Мына қабір қазғанға адам жетіспей жатыр. Қазірдің өзінде Еңбекте 3 бригада, Еркінде 4 бригада жұмыс істеп жатыр. Үлгермей жатырмыз».
Қазір қабір қазушылар үшін бір сәт те дамылдауға уақыт жоқ. Күніне бір емес бірнеше көр дайындауға тура келеді. Өйткені, індеттен көз жұмғандар саны көбеймесе, азаяр емес. Сондықтан, қабір қазып үлгермей жатқандарын айтады. Тіпті, қосымша күш жетіспегендіктен, еріктілер де көмекке келіп жатыр.
МАНСҰР ҚҰРМАНҒАЛИЕВ, ЕРІКТІ: «Мәйітті көп күттірмес үшін, біз атсалысып, еріктілер ретінде көмекке келіп жатырмыз. Жақында мында 3 күн бұрын тағы да кеп кеткенбіз. 3-ақ қабір болған. Қазір қарасаңыздар өте көп».
Адам күші жетіспегендіктен жұмысшылар қабірдің көбісін ақымдап емес, жармалап қазып жатыр екен. Өйткені, уақыт тапшы. Оның үстіне қызмет бағасы да келісімді, — дейді.
БОЛАТ СӘДУҰЛЫ, ҚАБІР ҚАЗУШЫ: «Үлгера алмай жатырмыз. Жарма деген мысалы — тіке қазып, ағаш қойып сонымен көметін. Ал, ақым енді кішкене қиындау. Жұмысы көп, машақаты көп. Қол ұстайды ше. Қабірдің ақы бар. Мысалы, адамның еңбегі бар, тері бар да. Жағдайына қарай, ары кетсе, 40 мың, 50 мың. Одан аспайды».
САНДУҒАШ ДҮЙСЕНОВА, ЗИРАТ КҮТУШІ: «Жер кодексінің 109-статья бойынша, жердің бәрі тегін беріледі. Негізі бұл көрдің құнын жігіттер өздері қояды. Мысалға, 30 бен 40-тың арасында болатын ше. Бүгінге түсті. 40-қа түсті. Мына бір күнде 2 зираттың басында 37 адамға дейін жерледік. Жай осы айдың өзін алғанның өзінде 123 адамды жерледік».
Жалпы, Алматы облысында короновирустан осы күнге дейін 8 адам көз жұмса, пневомониядан жарты жылда 112 адам қайтыс болған екен. Сондықтан, қазір өңірде індетпен күрес шаралары күшейтіліп жатыр.
ҒАЛЫМҰРАТ ЖҮКЕЛ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ ЖЕТЕКШІСІ: «Қазіргі таңда осы індетпен күрес жолында қосымша дәрі-дәрмекке 500 млн теңге бөлінетін болды. Бұдан бөлек, біз мына демалыс күндері 2 күн қатарынан қатаң локдаун жариялаған болатынбыз. Алғашқы нәтижелері жаман емес. Өсім 1,1 пайызды ғана құрады. Бірақ, бұл шараның нақты қорытындысын 2 аптадан кейін көретін боламыз».
Талдықорғанда негізінен ең үлкен екі зират бар болса, соның бірі Еркін ауылы маңында. Аумағы 34 гектар болатын қорымда бос жер қалмапты. Толығымен жабылды. Қайтыс болғандарды осы Еңбек ауылына әкеп жерлеуде.