Оралда сыныптастары зорлаған қыздың ісі: Жаңа деректер белгілі болды — Қазақстан жаңалықтары
Оралда 9-шы сынып оқитын қызды зорлағандардың арасында, кәмелет жасына толғандардың да бар екендігі анықталды. Қазір осы іске қатысы бар күдіктілер тергелуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Жәбірленген қыз кәмелет жасына толмағандықтан, бұл оқиға жайлы көптеген материалдар құпия күйде. Полицияның мәліметінше, ары тапталған қыздың анасы 9 наурыз күні қызының зорлданғандығын айтып, арыз түсріпті. Осыдан кейін тергеу амалдары басталыпты.
«Осы арыз негізінде көрсетілген факт бойынша оқиғаның ҚР ҚК 120-бабының 3-бөлігі 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Іс бойынша барлық қажетті алғашқы тергеу амалдары орындалды. Тағайындалатын қажетті сараптамалар тағайындалды», — дейді Батыс Қазақстан облысы ПД-нің бастығы Шералы Әбдірахманов.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, 8 наурыз мерекесін атап өтпек болған оқушылар тәулікке жалға берілетін пәтерде бас қосқан. Жаға ұстатарлық жайт дәл сол пәтерде болған. Зорлық көрсеткендермен қоса, құқық қорғау органдарының қызметкерлері өз үйін кәмелетке толмағандарға жалға берген тұрғынды да тергеуге алыпты. Ал қалалық білім бөлімі ата-аналарды жинап жиналыс өткізбек.
«Ата-аналар жиналысында мектеп педагогтары, мектеп психологтары және мектеп инспекторлары балалардың сабақтан тыс уақыттағы қауіпсіздігі бойынша әңгіме қозғайтын болады. Сонымен қатар қолданыстағы заңнама актілеріне сәйкес әкімшілік жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», — деді Орал қаласы білім бөлімінің бас маманы Жазира Рысқазиева.
Тәртіп сақшылары оқушыны зорлағандар арасында кәмелет жасына толғандар да бар екендігін анықтапты. Сөздерінше, егер дәлелдер жеткілікті болса, бұл аса ауыр қылмыс саналады екен. Бұл жағдайда айыпталушылардың 12-17 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы ғажап емес. Десек те қыздың зорлануына қатысты нақты деректер арнайы сот сараптамаларының қорытындысынан соң белгілі болмақ.
Айта кетерлік жайт, өткен жылдың өзінде кәмелет жасына толмағандарға қатысты облыс бойынша 54 қылмыс жасалған. Оның 20-сы жыныстық зорлық көрсетуге байланысты. Бүгінде аталған істердің бас-аяғы әлі ашылмапты.
Еске салайық, 8 наурыз күні мерекені тойламақ болған оралдық оқушы қызды бірнеше сыныптастары зорлағаны жайлы айтылған еді.
stan.kz