Ұлттық ұлан жауынгерлері елордада түтіндеген үйден тұрғындарды алып шықты

0

Ұландықтар 10-нан аса тұрғынды қауіпсіз жерге шығарған, сонымен қатар пәтер иелері кооперативінің төрағасына алғашқы медициналық көмек көрсетті

НҰР-СҰЛТАН, 29 ақпан — Sputnik. Ұлттық ұлан жауынгерлері елордада түтіндеген үйден тұрғындарды алып шықты.

28 ақпан күні сағат кешкі 21.25 шамасында Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бақылап жүрген 5573 бөлімінің әскери жасағы Ы.Дүкенұлы көшесіндегі үйлердің бірінен қою түтінді көреді. Патрульдік топ бастығы сержант Бақдәулет Есімқұлов қатардағы жауынгер Михаил Малютинмен бірге оқиға орнына тез арада жетеді. Анықтай келе тұрғын үйдің жертөлесінен өрт шығып, қою түтін үйдің барлық қабатына көтерілгені белгілі болды.


©
Photo : Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Бақдәулет Есімқұлов пен Михаил Малютин

«Айналадағы кезекші жасақтарға ақпарат таратқан ұландықтар уақыт жоғалтпай, бірден тұрғындарды сыртқа шығара бастайды. Олардың көмегімен 10-нан аса тұрғын қауіпсіз жерге шығарылды. Патрульдік топ бастығы пәтер иелері кооперативінің төрағасы М.Шаповаловаға алғашқы медициналық көмек көрсетті», — деп хабарлады ұлттық ұланның баспасөз қызметі.

Тұрғындар қызметін адал орындаған ұландықтарға алғыс білдірді. Тілсіз жау өрт сөндірушілердің күшімен ауздықталған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.



sputniknews.kz