Шымкенттік полицейлер қызметтік планшеттерді ломбардқа өткізіп жіберген — Қазақстан жаңалықтары
Шымкент қаласының жол патрульдік полициясының алты қызметкері мемлекет мүлкін пайдаланып, қызметке пайдалануға берілген планшетті ломбардқа өткізіп жіберген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.
Бұл жағдайды полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік қызметі анықтады. Аталған ақпарат бұрынғы полиция капитанына қатысты сот процессі кезінде белгілі болды.
Тергеп-тексеру барысында полицейлер жалақының аздығы, отбасындағы жағдайдың нашарлағанына байланысты осындай заң бұзушылық әрекетке барғанын мойындады.
Олардың барлығы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, өзге қызметке ауыстырылды.
Жалпы, полиция қызметін оңтайландыру үшін қазынадан 259 млн теңге бөлініп, оған 1402 гаджет сатып алынған. Планшеттердің 70%-ға жуығы жол патрульдік қызметкерлеріне берілген.
«Шымкент қаласының полиция департаментіне материалдық шығын келтірілмеген. Қазіргі уақытта планшеттер қызмет атқару кезінде пайдаланылуда. Қызметтік планшеттерді пайдалану тәртібін бұзғаны үшін және басшылық тарапынан бақылаудың болмағаны үшін материалдық жауапты тұлғалар мен олардың басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — деді Шымкент қаласы ПД-нің баспасөз хатшысы Әсел Сәденова.
stan.kz