Денсаулық министрлігі коронавирус жайлы ақпаратқа түсініктеме берді

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

13 0 0

Шығыс Қазақстан облысының екі тұрғыны коронавирус жұқтырған науқастар осы өңірге жеткізілуде деген сөзді естіп, көшеге шықты

НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысындағы медициналық мекемелер коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдауға дайындалып жатқан жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі аймақ тұрғындарының алаңдауына еш негіз жоқ деп ресми түрде мәлімдеді.

19 ақпан күні әлеуметтік желі арқылы коронавирус жұқтырған шетелдік науқастарды Қытайдан әкеп емдеу үшін, өңірдегі ауруханаларда дайындық жұмыстары жүргізілуде деген ақпарат тарады. Осыған алаңдаған Сарытерек пен Айнабұлақ тұрғындары көшеге шығып, жағдайды түсіндіруді талап етті.

Тағы оқыңыз: Петропавлда коронавирус жұқтырды деген күдікпен 4 адам шұғыл ауруханаға жеткізілді

Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің бас санитарының арнайы қаулысына сай, Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясына қатысты профилактикалық шаралар күшейтілгенін айтты. Осыған орай, карантин жарияланған жағдайда медициналық мекемелерде адамдарды оқшаулау үшін арнайы орындар әзірленуде.

Карантинде кімдер болады және ол қанша уақытқа созылады

Коронавирус жұқтыру қаупі жоғары саналатын аймақтардан (Сингапур, Жапония, Тайланд, Оңтүстік Корея, Гонконг, Макао арнайы әкімшілік аудандары мен Тайвань (ҚХР)) келген азаматтар Қазақстан шекарасына кірген соң 24 күн бойы жергілікті медицина мамандарының бақылауында болады. Оның ішінде алғашқы 14 күнде дәрігерлер пациенттің үйіне келіп тексерсе, қалған 10 күнде қашықтықтан бақылау арқылы мониторинг жүргізеді.

«Егер азамат ол жақта көп уақыт өткізбесе, медициналық бақылау да қысқа мерзімде жүзеге асырылады», — делінген хабарламада.

Мәселен, коронавирус жұқтыру оқиғасы аз тіркелген аймақтардан (Малайзия, Вьетнам, Германия, Австралия, АҚШ, БАӘ, Канада, Италия) келген азаматтарды 24 күн бойы қашықтықтан бақылау керек деп нақтыланған.

«Сондай-ақ, Қытайдан келген азаматтарымыз стационарлық оқшаулау орталығында 14 күн болып, қалған 10 күнде тұрғылықты жері бойынша қашықтықтан бақыланады», — деп түсіндіреді денсаулық сақтау министрлігі.

Сол сияқты үкіметтік делегация мен ресми өкілдерді, қызметтік және дипломатиялық паспорт иелерін, әуе компанияларының ұшқыштары мен экипаж мүшелерін 24 күн бойы қашықтықтан бақылау қарастырылған.

Карантин кімге, не үшін керек?

Әлем бойынша коронавирус инфекциясын жұқтыру және одан көз жұму қаупі өршіп тұрған шақта, қазақстандықтар үшін профилактикалық шараларды сақтау аса маңызды.   

«Денсаулық сақтау министрлігі отандастарымызға вирус жұқтыру қаупі басым аймақтардан келген азаматтармен байланыс жасауды мейлінше шектеп, үй жағдайындағы карантин шарасын берік ұстануға шақырады. Мұндай жағдай өзіңіз бен жақындарыңыз үшін өте маңызды», — делінген ресми хабарламада.

Осы мәселеге қатысты қандай да бір сұрақ туындаса тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 сall-орталығына хабарласуға болады.



sputniknews.kz